• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Жасанды интеллект Бүгін, 12:15

Нариман Мағауин: Жасанды интеллект бюджет шығынын бақылауға көмектесе алады

60 рет
көрсетілді

Қаржы министрлігі Электрондық қаржы орталығының Цифрландыру, талдау жүйелері және жасанды интеллектіні дамыту департаментінің директоры Нариман Мағауиннің пікірінше, жасанды зердені адамды алмастыратын құрал ретінде емес, керісінше кез келген қызметкердің жұмысын жеңілдетіп, талдау жасауға септесетін тетік түрінде қарастырған жөн. Маманның айтуынша, жасанды интеллекті мемлекеттік қаржы жүйесін басқару тұрғысынан көп көмегін тигізе алады.

– Түсінгеніміздей, жасанды интеллектіні бюджет үдерісіне қолдануды көздеп отырсыздар. Бұл мәселеде барлық сын-қатер ескерілді ме?

– Біздің жағдайда жасанды интеллекті – түрлі опцияны ұсынып, үлгілерді анықтайтын әрі тәуекелдер туралы ескертіп, ұсыныстар беретін, бірақ шешім қабылдамайтын көмекші ретінде қарастырылып отыр. ЖИ – талдау жасауға септесетін тың тетік қана. Саяси, стратегиялық мәселелерді және қоғамның қажеттіліктерін ескере отырып, бюджеттің басымдыққа ие бағыттарын мемлекет, парламент, министрліктердің деңгейіндегі адамдар ғана анықтауға құқылы. Мәселен, жүйе денсаулық сақтау саласына түскен жүктеменің артып бара жатқанын немесе инвестицияның басымдығы өзгеріп жатқанын ғана көрсете алады. Ал нақты қандай саланы қаржыландыру қажет немесе ресурстарды қалай бөлу керек туралы шешімді жауапты органдар қабылдайды.

Бұл ретте ашықтық пен бақылау ЖИ қолданудағы басты ұстаным болып саналатынын айта кеткен орынды.

– Осы технологияның ұсынысы міндетті түрде ескерілуі қажет пе, әлде бұл қосымша көзделіп отырған амал ма?

– ЖИ берген кеңесті «міндетті әрі мәжбүрлі түрде ұстану қажет» деген әңгіме қозғалған емес. Мұндай заң да жоқ. Тағы да қайталап айтайын, ең алдымен бұл анықтамалық ақпаратты, түрлі болжамдарды, салыстырмалы талдау мен сценарийлерді ұсынатын көмекші құрал. Оның ұсыныстарын қолдану міндеті саналмайды. Мәселен, ЖИ белгілі бір бағытта артық шығынды немесе орынсыз бюджет жоспарлауының қаупін байқады делік – бұл автоматты реттеудің емес, мұқият талдау жасаудың негізі болады. Демек, басты міндет – мемлекеттік қызметшіге тез, дәл және объективті мәліметтердің негізінде тиімді жұмыс істеуге қолғабыс ету. Ұсыныстар сапасының біртіндеп жақсаруымен және табысты кейстердің ұлғаюымен ЖИ-ге деген сенім табиғи түрде артады деп ойлаймын.

– Жобаның архитектурасы жайлы айтып өтсеңіз. Оның моделін кім тексереді, аудитті кімдер жүргізеді?

– Жүйенің архитектурасы мен үйлестіру мәселесі Қаржы министрлігі және Электрондық қаржы орталығының қарауында. Сондай-ақ бұған техникалық және ғылыми бағытта қызмет ететін әріптестер қолдау көрсетіп келеді. Әр ішкі жүйе болжау, бақылау, талдау ретінде дербес дами алатындай, бірақ тұтастай цифрлы платформамен үйлесім табатын модульдік архитектура негізге алынып отыр. Модельдерді тексеру мен аудитке тоқталсақ, мұнда көп деңгейлі бақылау жүйесі өте маңызды. Модельдерді техникалық валидациялау эталондық деректер жиынтығының негізінде, метриканы және тестілеуді пайдаланып, енгізу кезеңінде жүргізіледі. Функционалды аудит ғылым мен тәуелсіз IT-құрылымдарының өкілдерін қоса алғанда, сала сарапшыларын тарта отырып жүргізіледі. Осы орайда барлық модельдің тілі түсінікті, құжаттары мен есеп беру тетігі жолға қойылған болуы тиіс.

– Отандық өнім енгізіле ме, әлде еліміздің қаржы жүйесіне бейімделген шетелдік платформаға басымдық беріле ме?

– Біз гибридті, яғни аралас үлгідегі тәсілді қарастырып отырмыз. Бірінші кезеңде дамуды жеделдету үшін біздің мәліметтерге, тіліміз бен жергілікті бюджеттің ерекшелігіне бейімделе алатын шетелдік ашық платформалар қолданылады. Бұл тиісті шешімдерді жылдам тексеріп, практикалық тәжірибе жинауға мүмкіндік береді. Бірақ басты міндет – экономикамыздың, заңдарымыздың, фискалды жүйенің және тілдік ортаның (қазақ және орыс тілдері, бюджет терминологиясы) ерекшеліктерін ескеретін үлкен модельдерді (LLM) қоса алғанда, өзіміздің отандық модельдерді әзірлеп, жолға қою. Бұл – технологиялық аспектілермен қатар тұтастай деректердің дербестігі мен цифрлы тәуелсіздігімізге қатысты ауқымды мәселе. Сондықтан бейімделген шешімдерді енгізумен қатар Қаржы министрлігі серіктестермен (оның ішінде «ЭҚО» АҚ, университеттер мен зерттеу орталықтары) бірлесіп, жақын арада бюджет саласындағы барлық «ақылды» жүйенің темірқазығына айналатын ЖИ-дің ұлттық инфрақұрылымын құру бойынша жұмысты іске асырып келеді.

– Рақмет!

Әңгімелескен Абай Аймағамбет