• RUB:
    6.26
  • USD:
    516.01
  • EUR:
    582.47
Басты сайтқа өту
Медицина Бүгін, 13:45

Мейіргерлер мәртебесі биіктейтін күн

90 рет
көрсетілді

12 мамыр күні Қазақстан және әлемнің 141 елі мейіргерлердің кәсіби мерекесін атап өтеді. Науқастың алдынан алдымен шығатын мейіргерлер өмір мен өлім арасындағы нәзік шепте қызметін атқарады. Тәуліктік ауысымдарда емімен дем беріп, қолдауымен науқастың халін жақсартуда жан аямайтындардың еңбегін тек мамандық қалыбында мөлшерлеу өлшемге сыймайды, бұл еңбек адамдық сезіммен астасып жатады, деп жазады Egemen.kz.

Қазақстанда мейіргерлерді 94 медициналық колледж даярлайды, оның ішінде 22-сі – мемлекеттік, 72-сі – жекеменшік. Олардың 39-ы – жоғары медициналық колледж мәртебесіне ие.

Бүгінде еліміздің денсаулық сақтау жүйесінде 190 мыңнан астам орта буын медицина қызметкері жұмыс істейді. 146 мыңнан астамы – мейіргер. Ал ауылдық жерлерде шамамен 55 мың маман тер төгіп жүр. Олардың арасында 33 жылдан бері мейіргерлік міндетін атқарып жүрген  Әлия Тулекова мен 8 жылдан бері медицина майданында мейіргер атанған  Бану Тәжібай да бар.

Кәсіби мерекеге орай жүрек қалауы мен балалық арманын адам өмірін арашалаумен ұштастырған миссия иелерінің жұмыс мазмұнымен таныстық.

Әлия Тулекова  бүгінде Астана қалалық №8 емханада қызмет етеді. Әлияға жүктелген 42-аймақта 1793 адам тіркелген. Ол күн сайын ондаған тіркелушінің медициналық деректерімен жұмыс істеп, жоспарлы шақырту, сала мамандарына жолдама беру сынды істерді атқарады.

«Біздің аймақта тіркелген халық саны көп. Соған сай атқарылар шаруа да арта түседі. Қазір медицина саласы цифрланып, жетіліп жатыр. Десе де мейіргерлер жүктемесі жеткілікті. Мәселен, дәрігердің келушілерді қабылдауына 5 сағат берілсе, сол уақытта 15 адам біздің алдымыздан да өтеді. Бұл көрсеткіштен тыс ауырып шұғыл медициналық көмекке мұқтаждар мен жоспарлы екпе алушылар да бар. Сонымен қатар ота мерзімі белгілі науқастардың алдын ала анализдері мен маман кеңесін алу сынды жұмыстарын үйлестіреміз», деген мейіргер емханада қабылдаудан бөлек жаңа туған нәрестелер мен медицина мекемесіне жетуі қиын соғатын науқастардың үйіне дәрігермен бірге көмекке жетеді.

«Күнделікті емханада келушілерді 5 сағат қабылдаймыз. Одан бөлек жоспарлы түрде аймағымыздағы үйлерді аралап, кәсіби кеңес беріп, ем-дом жүргіземіз. Мен 1989 – 1992 жылдар аралығында Целиноград темір жол медицина училищесінде білім алдым. Сол жылдары, шынында да өмірімді осы саламен байланыстыратынымды жете түсінгем. Сондықтан күнделікті жұмыс барысындағы қиындықтар - мен үшін еңбегімнің бір бөлшегі. Басты назарымды кедергілерге емес, жұмысым беретін мүмкіндіктерге қоямын», дейді Әлия Ақжанқызы.

Келесі кейіпкеріміз  Бану Тәжібай Алматы қаласындағы №2 балалар ауруханасындағы қабылдау бөлімінде қызмет атқарады. Бану кәсіби міндетінің аясында күніне шамамен 300-400 баланың сауығуына әріптестерімен бірге күш біріктіреді. Бала арманы жетелеген мамандығына махабаты да айрықша.

«Әр медицина мекемесінің қабылдау бөлімі тынымсыз тіршілік етеді. Мен қызмет атқаратын №2 балалар ауруханасы еліміздегі ірі алмалы шаһар балаларының амандығы жолында еңбектенеді. Сондықтан медициналық көмекке қол созушылар да көп. Ескеретіні, біздің ауруханаға балалар пневмония, травмотологиялық, кардиологиялық, аллергиялық ауруларман қатар, қант диабеті, вирустық аурулармен де жүгініп жатады. Қабылдау бөлімі науқастарға алғашқы көмек көрсетеді. Дәрігерлердің тағайындауымен ем-шараны жалғастырамыз. Науқастардың аяқтан тұруы әрі қарайғы тынысы осы қабалдау бөлімінің жедел көмегіне байланысты болғандықтан барлық жағдайға дер кезінде ден қоямыз. Мәселен, демікпемен түскен баланы дереу кислород апаратына қоссақ, аллергия бойынша келген кішкентай науқасқа инъекцияны жедел саламыз. Қажетті анализдерді аламыз. Күнделікті келушілердің 70-80-і ауруханаға жатқызылады. Осыдан-ақ, қабылдау бөлімінің қаншалықты қиын жағдайдағы балалардың оңалуына үлес қосатынын аңғаруға болады», дейді мейіргер маман.   Ол ауруханадағы тәуліктік кезекшілікке түскен кездерде  жұмыстың қарбаласымен уақыттың қалай өткенін байқамай қалатынын да атап өтті.

«Кезекшілігіміз күн-түнге бөлінбейді. Сондықтан бір күндік жұмыс уақытымыз – 24 сағат. Жүрекпен таңдалған жұмыстың ауырлығы сезілмейді. Біздің басты тілегіміз балалардың амандығы, ауруханадан тай-құлындай ойнап, сау шығуы», деді  Бану Тәжібай.

Қазақстан халқының саулығы күнделікті осы салада тер төгетін мейіргер мамандардың қолында. Сондықтан сала министрлігі мейіргерлер мәртебесі мен қызметін жүйелуге назар аударып келеді. Денсаулық сақтау министрлігі кейінгі жылдары еліміздің денсаулық сақтау жүйесінде мейіргерлердің рөлі едәуір артқанына назарымызды аударды. Қызмет аясын кеңейту және өкілеттіктерді беру арқылы мейіргерлер медициналық көмекті командалық үлгіде көрсету жүйесінің ажырамас бөлігіне айналған. Бұл өз кезегінде дәрігерлердің жүктемесін азайтып, пациенттер ағынын тиімді үйлестіруге, сондай-ақ медициналық қызметтердің қолжетімділігі мен сапасын арттыруға тың мүмкіндік берген.