Мемлекеттік егемендік туралы декларация қабылданғанының 35 жылдығына орай Шымкентте қала әкімінің кубогі үшін «Терең тарихтан – жарқын болашаққа!» атты республикалық пікірсайыс турнирі өтті.
Іс-шараның ашылу салтанатына қала әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек қатысып, барша қатысушыны ұлық мерекемен құттықтады.
«Баршаңызды Республика күнімен құттықтаймын! Бұл мереке – Егемендік декларациясының қабылданған күні. Осы құжатпен тәуелсіз еліміздің жаңа тарихы басталды. Алдыңғы толқын ағалар азат елдің іргесін берік ету жолында аянбай еңбек етті. Ендігі үміт бүгінгі жастарда. Қазақстанның болашағы да солардың қолында. «Білікті бірді жығар, білімді мыңды жығар» демекші, әлемдік бәсекеде мемлекеттер бір-бірінен тек біліммен ғана жарысқа түсіп оза алады. Жастар білімді болса еліміздің келешегі жарқын. Мемлекет басшысы Қазақстанды дамыған алдыңғы елдердің қатарына қосу үшін үлкен міндет қойып отыр. Оларды орындау, бір жағынан жастарға да жауапкершілік жүктейді. Жастар белсенді, көзі ашық, саналы да тәрбиелі болса, ондай қоғам ізгілікке жол бастайды», деді С.Құранбек.
Зияткерлік доданың алғашқы күні еліміздің 9 өңірінен – Астана, Алматы қалалары мен Түркістан, Қызылорда, Ақтөбе, Қарағанды, Жамбыл және Батыс Қазақстан облыстарынан келген 200-ден астам пікірсайысшы бас қосты. Турнирге еліміздегі жетекші жоғары оқу орындарының студенттері мен пікірсайыс қозғалысының белсенді өкілдері өз білімдері мен шешендік шеберліктерін ортаға салды.
Ал турнирдің төрешілік құрамында Шымкент қаласындағы үш жоғары оқу орнының тәжірибелі пікірсайысшылары мен пікірсайыс қозғалысының аға буын өкілдері болды. Барлығы 50-ге жуық кәсіби төреші пікірсайысшылардың өнеріне қазылық етті.
Пікірсайыс турнирінде жастар қоғамдағы өзекті тақырыптарды ортаға салды. Оның ішінде технология, демократия, құқықтық мәдениет, білім және жастар саясаты секілді тақырыптар бар. Осы тақырыптар бойынша қатысушылар өз көзқарастарын дәлелдеп, ұтымды ойларын ортаға салып, шешендік өнерімен жұртты сүйсіндірді.
Турнирдің екінші күні финалдық кезең жалғасын тауып, «Терең тарихтан – жарқын болашаққа!» атты республикалық пікірсайыс ойындарының жеңімпаздары анықталды. Айта кету керек, екі күнге созылған интеллектуалды додада еліміздің түкпір-түкпірінен келген 123 фракция АПФ және ЛД форматында өзара бақ сынасты. Соңғы сында Алматы қаласы мен Түркістан облысының үздік командалары пікірсайыс алаңында жолығып, нәтижесінде, Алматы командасы байқаудың бас жүлдесін иеленді. Өз кезегінде Шымкент қаласы ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқармасының міндетін уақытша атқарушысы Заңғарбек Үсіпахметов пен «Жастар ресурстық орталығы» мекемесінің басшысы Жансерік Жұман үздік фракциялар мен спикерлерді қала әкімінің дипломымен, естелік сыйлықтармен марапатталды.
М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан зерттеу университеті Жастар орталығының директоры Ерасыл Анарханұлының айтуынша, зияткерлік байқауға еліміздің мықты пікірсайысшылары жиналды. Турнирге 120 команда қатысты.
«Пікірсайыста жасанды интеллекетінің қоғамға, соның ішінде жастарға әсері қалай болып жатыр деген сауал төңірегінде сайысшылар ой таластырды. Зумер буыны – интернетке телмірген, ғаламтордан шықпайтын буын. Олардың орнын Альфа буыны алмастырып жатыр. Жаңа жас ұрпаққа жасанды интеллектіні ерік қалауынша беріп қойған дұрыс па, әлде шектеген жөн бе деген пікір айналасында сайыскерлер бір-бірімен сөз қағыстырды. Сонымен бірге жастар дропер мәселесіне де жұрт назарын аударды. Расында да ол қоғамның бүгінгі таңдағы өзекті проблемасы. Қаржылық сауаттылық жөнінде қаншама жиын, тренингтер өтсе де дроперлікке барамын деп от басып қалып жатқан жастар көп. Нағыз қызықты ойын финалда жалғасты. Сайыскерлер білім миграциясы мәселесін қозғады. Ол әсіресе Шымкент қаласында өзекті болып тұр. Оқушылар грантқа оқуға түскен соң көп жағдайда білім іздеп басқа өңірге немесе шетелге кетіп қалады. Бұл мегаполисте интеллектуалдық деңгейі жоғары жастардың азаюына әкеліп соғады. Осы орайда қатысушылар шымкенттік студенттердің білімін қалай көтереміз, «Болашақ» бағдарламасымен оқыған жастарды қалаға қызметке қалай тартамыз деген ұсыныс-пікірлерін ортаға салды. Сайыста түркістандық команда мүшелері білім миграциясын реттеу үшін аймақта арнайы хаб құрып, оқыған жастарды соған жинау керектігін мәлімдеді. Алматы қаласының топ мүшелері керісінше жеке университетті көбейтіп, оларға академиялық еркіндік беру қажеттігіне тоқталды. Нағыз білімді студенттер Алматыда оқитынын айтып, алып шаһардың бүгінгі таңда елімізді білікті кадрлармен қамтамасыз етуші донор екенін жеткізді. Алматыдан келген команда осы турнирде жеңімпаз атанды. Басқа ойыншылар да осал болған жоқ», деді Әуезов университеті Жастар орталығының басшысы.
Сонымен қатар Ерасыл Анарханұлы пікірсайыс өнері тек адамның зейінін ашпай, шешендік сөйлеу қабілетін де күшейтетінін жеткізді. Шаршы топтың алдында сөз бастау қиын демекші, үлкен аудиторияда сөйлегенде сөздің майын тамызып, жұртты бір идеяға иландырудың өзі үлкен өнер. Онда қаншама ізденіс, еңбек, ұйқысыз өткен түндер жатыр. Сондай-ақ пікірсайысты дамыту арқылы қоғамда еліне жанашыр жастар пайда болады. Студенттер өмірде болып жатқан түрлі мәселелерге назар аударып, олардың шешу жолдарын іздеумен Отанға деген сүйіспеншілік сезімдерін оятады. Елдің болашағына қызмет ету керек екенін ерте түсінеді.
ШЫМКЕНТ