Бүгін Республика күніне арналған салтанатты жиында Жетісу облысының әкімі Бейбіт Исабаев өңірдің 35 тұрғынына мемлекеттік наградаларды табыс етті. Марапаттар ел тәуелсіздігін нығайтуға және әлеуметтік-экономикалық, мәдени, қоғамдық өмірдің дамуына үлес қосқан азаматтарға берілді. Шара Талдықорғандағы Б. Римова атындағы драма театрында өтті, деп жазады Egemen.kz.
Өңір басшысы құттықтау сөзінде Мемлекеттік егемендік туралы декларацияның қабылданғанына 35 жыл толғанын атап өтіп, оның Тәуелсіз Қазақстанның іргетасын қалаудағы тарихи рөліне тоқталды. Сондай-ақ соңғы үш жылдағы өңір жетістіктерін елдің бірлігі мен еңбекқор азаматтардың табанды еңбегінің нәтижесі деп бағалады.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтқандай, бұл құжат – еліміздің дербестігін айқындаған тарихи қадам. Ендігі міндет – бейбітшілік пен бірлікті сақтап, жетістіктерімізді еселеу, – деді облыс әкімі.
Бейбіт Исабаев өз сөзінде биылғы «Жұмысшы мамандықтар жылы» аясында «Талдықорған жылу сервис» кәсіпорнының слесарі Марат Мергенбаевтың Мемлекет басшысы қолынан мемлекеттік марапат алғанын да атап өтті.
Наградалар қатарында «Құрмет», «Парасат» ордендері, ІІІ дәрежелі «Еңбек Даңқы» ордені, сондай-ақ «Ерен еңбегі үшін» және «Шапағат» медальдары бар. Марапатталғандар арасында түрлі саланың өкілдері – коммуналдық шаруашылық, білім, мәдениет, денсаулық, кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы қызметкерлері бар.
Олардың қатарында Талдықорған қаласы әкімінің кеңесшісі Вадим Друзин, Алакөл ауданының шаруашылық басшысы Болатбек Қапсаламов, «Сарқан жылу» жүргізушісі Қанапия Тұқымбеков, Текелі қаласының электромонтері Александр Винокуров, мұғалім Айнагүл Жиенбаева және басқа да еңбек майталмандары бар.
Марапат иелері өз әсерлерін бөлісіп, Мемлекет басшысына және облыс басшылығына алғыс айтты.
Салтанатты жиын Жетісу облысының өнер ұжымдары ұйымдастырған мерекелік концертпен түйінделді.