• RUB:
    6.35
  • USD:
    514.5
  • EUR:
    582.67
Басты сайтқа өту
Қоғам Бүгін, 12:51

«Жедел жәрдем» қызметі жүйелене ме

50 рет
көрсетілді

Денсаулық сақтау министрлігі жедел медициналық қызметті ұзақ күтуге қатысты шағымдардың көбейгенін ескеріп, оның жұмысын жүйелеу үшін өзгерістер енгізді. 1 мамырдан күшіне енген жұмыс тәртібіне сай  емханалардың жанындағы мобильдік бригадалар 8:00-ден 20:00-ге дейін жұмыс істейді. Ал 4-санаттағы шақыртуға мамандар 60 минут ішінде жетуі тиіс. Жеделдіктің 4-санатындағы шақырту дегеніміз не? Бұл санатқа қандай науқастар жатады? Салалық министрлік редакция жолдаған сауалдарға ресми жауап берді, деп жазады Egemen.kz.

«Жедел жәрдем» шақыртуларының 50%-дан астамы  4-санатқа тиесілі

Министрлік меңзеген өмірге қауіп төндірмейтін жеделдіктің 4-санатына жоғары қысым, температура, жеңіл жарақаттар жатқызылған.

Мұндай шақыртулар тиісінше, жедел көмекке мұқтаж, өміріне қауіп төндіретін жағдайлары бар пациенттерге дер кезінде жетуге кедергі келтірген.

Статистикаға сай, осы жылдың бірінші тоқсанында Қазақстанда «жедел жәрдем» қызметі 2, 1 млн-нан астам шақыртуға қызмет көрсеткен. Ең көп өтініштер жоғарыда аталғандай жеделділіктің 4-санаты бойынша тіркелген: 763 463 шақырту, оның 518 мыңнан астамына МСАК мобилдік бригадалары барған. 1-санат бойынша шақыртулардың саны 104 443, 2-санат бойынша — 642 312,  3-санат бойынша — 574 580 шақыртуды құраған. 

«Енді медициналық-санитариялық алғашқы көмектің мобилдік бригадалары (МСАК) шақыртуларға шығып, пациенттердің үйіне жоспарлы түрде барады. Бұл азаматтардың денсаулық жағдайын уақтылы бақылауды қамтамасыз етуге, әсіресе созылмалы аурулары бар пациенттердің жағдайының нашарлауына жедел ден қоюға мүмкіндік береді.

МСАК мобилдік бригадалары 25 мың тұрғынға бір бригада есебінен құрылады. Олар пациенттің тұрғылықты жері немесе бекітілуіне қарамастан нақты келген жері бойынша жұмыс істейді.

Қажет болған жағдайда мобилдік бригадалармен арнайы бағыттағы мамандар да бірге болады, атап айтқанда балаларға көмек педиатрдың қатысуымен, ересектерге — пациент жағдайының сипаты мен ауырлығына байланысты арнайы мамандарды (кардиологтар, невропатологтар және басқа дәрігерлер) тарта отырып көрсетілетін болады. Бұл тәсіл арқылы жоғары сапалы атаулы медициналық көмек көрсетіледі», деп түсіндірді Денсаулық сақтау министрлігінің баспасөз қызметі.

Жаңа жүйе бойынша жедел жәрдем қызметінің жұмыс тәртібі қандай?

МСАК мобилдік бригадасының шақыртуға келу уақыты - 60 минутқа дейін болып бекітілген. 

Барынша шұғыл санаттар: 1-санатқа - 10 минут, 2-санатқа - 15 минут, 3-санатқа - 30 минутта жедел жәрдем жетуі тиіс. 

Ал «жедел жәрдемді» шақырту бұрынғыдай «103» номері арқылы жүзеге асырылады.

Диспетчер арнайы алгоритмді пайдалана отырып, оларды шұғылдық деңгейіне қарай біріншіден төртінші санатқа дейін жіктейді. Бұл жүйе бірнеше жылдан бері қолданыста екені белгілі.

Негізгі өзгеріс ретінде шұғыл медициналық көмекті қажет етпейтін барлық өтініштер нақты белгіленген уақытта алғашқы медициналық-санитариялық көмек ұйымдарына (емханаларға) жолданатынында. Жұмыс күндері сағат 08:00-ден 19:00-ге дейін және сенбі күндері сағат 08:00-ден 12:00-ге дейін. Қалған уақытта шақыртуларға «103» қызметінің бригадалары бұрынғы тәртіппен қызмет көрсетеді.

Барлық қалалық емхана 1 мамырға дейін өз мобильді бригадаларын құру бағытында жұмыс істеген. Аталған мобильді бригадалар «жедел жәрдем» қызметі немесе учаскелік қызметпен теңестірілмейді. Учаскелік дәрігерлер пациенттерді қабылдағаннан кейін үйге барады, мобильді бригада – бөлек қызмет. Оның құрамына дәрігер (немесе фельдшер) және арнайы жабдықталған автокөлігі бар жүргізуші кіреді. 

Қазіргі уақытта Қазақстанда міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры арқылы алғашқы медициналық-санитариялық көмек (АМСК) көрсететін 691 клиника бар.

Астанада АМСК жүйесімен шамамен 40 медициналық ұйым жұмыс істейді. Олардың ішінде негізінен ірі клиникалардан тұратын 10 шақты ұйым бірнеше жылдан бері төртінші санаттағы шақыртуларды өз бетінше қамтамасыз етіп келген. Енді олар шағын серіктестерінің шақыртуларын да қабылдай алады, яғни, емханалар арасында өзара аутсорсингтік келісімшарттар жасау құқығы сақталған.

Осылайша, салалық министрлік «жедел жәрдем» қызметін жүйелеуді көздеген.