• RUB:
    6.31
  • USD:
    512.34
  • EUR:
    582.07
Басты сайтқа өту
Оқиға Кеше

Депутат ауыл мектептерін тұрақты интернетпен қамтуды талап етті

70 рет
көрсетілді

Мәжіліс депутаты Ерболат Саурықов ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Ермек Беделбайұлы Көшербаев пен Бас Прокурор Берік Ноғайұлы Асыловқа депутаттық сауал жолдап, ауыл мектептерін сапалы және тұрақты интернетпен қамтамасыз ету мәселесін көтерді, деп хабарлайды Egemen.kz.

Депутат өз сөзінде «Қолжетімді интернет» ұлттық жобасы аясында барлық оқу орындарын интернетпен қамту жұмыстары жүргізіліп жатқанын атап өтті. Ресми деректерге сәйкес, еліміздегі 5247 ауыл мектебінің 5122-сі интернетке қосылған. Алайда, бұл көрсеткіштердің сапасы көңіл көншітпейді.

«2022 жылғы 24 қарашадағы №473 Білім министрінің бұйрығымен мектептер үшін интернет жылдамдығына қойылатын ең төменгі стандарттар бекітілген. Алайда жүргізілген талдау көрсеткендей, бұл салада әлі де күрделі мәселелер бар», деді  Еркебұлан Саурықов.

Депутаттың айтуынша, өңірлерді зерделеу барысында, атап айтқанда Ақтөбе облысында ауыл мектептерінің 78%-ында интернет жылдамдығы талап етілген деңгейдің 50%-ына да жетпейтіні анықталған. Мұндай жағдай басқа өңірлерде де кездеседі.

«Көктемгі су тасқыны кезінде көптеген ауыл мектептері байланыссыз қалып, бұл тек оқу процесін ғана емес, оқушылар мен мұғалімдердің қауіпсіздігін де қауіп-қатерге ұшыратты. Starlink сияқты балама спутниктік интернет технологияларын қолдану да әлі күткен нәтижелерді бермей отыр: байланыс жиі үзіліп, жылдамдық тұрақсыз, бұл өз кезегінде онлайн ресурстарды толық пайдалану мүмкіндігін шектейді», деді депутат.

Сонымен қатар  Ерболат Саурықов интернет қызметінің сапасын автоматтандырылған түрде бақылау жүйесінің жоқтығына ерекше тоқталды. Қазіргі тәжірибе құқық бұзушылықтарды уақытылы анықтап, жоюға мүмкіндік бермейді. Ресми түрде интернетке қосылған мектептерде шын мәнінде оқушылардың онлайн платформаларға қол жеткізуі қамтамасыз етілмеген.

«Ауыл мектептерінде сапалы интернеттің болмауы қала және ауыл мектептері арасындағы білім беру сапасы алшақтығын тереңдетуде. Бүгінде көптеген оқу бағдарламалары мен ресурстар онлайн форматқа көшкен жағдайда, тұрақты интернеттің болмауы ауыл оқушыларының заманауи білім алу мүмкіндігін шектейді. Бұл жағдай Қазақстан Республикасы Конституциясында бекітілген білім беру теңдігі мен қолжетімділігі қағидаттарына сәйкес келмейді деп есептейміз», деді депутат.

Депутат халықаралық тәжірибелерді мысалға келтіріп, әсіресе Финляндияның 2010 жылы интернетке қолжетімділікті әр азаматтың негізгі құқығы ретінде заң жүзінде бекіткенін, сондай-ақ мектептерді кең жолақты интернетпен және резервтік арналармен жабдықтағанын атап өтті. Эстонияның «Tiger Leap» жобасы мен Канаданың «Connect to Innovate» бағдарламалары да ауыл мектептерін жоғары жылдамдықты интернетпен қамтуды мемлекеттік басымдық ретінде жүзеге асырып жатқанын айтты.

Осыған орай, депутат келесі шараларды қабылдау қажеттігін алға тартты:

-Барлық ауыл мектептерінің интернетке қосылу жағдайын тәуелсіз техникалық сарапшылармен кешенді тексеру; интернетке қосу әрекеттерінің заңдылығы мен сапасын бағалау; жауапты тұлғаларды және әрекетсіздік фактілерін анықтап, кінәлілерді жауапкершілікке тарту;

-Интернет жылдамдығы мен сапасын автоматтандырылған мониторинг жүйесі арқылы тұрақты бақылау;

-Ауыл мектептері үшін интернет сапасының нақты минималды талаптарын қайта қарап, құқықтық актілерге және қажет болса, білім туралы заңға өзгерістер енгізу. Бұл талаптарды орындамаған байланыс операторларына қатысты заң жүзінде жауапкершілік бекіту;

-Байланыс және мобильді желі болмаған шалғай елді мекендерде спутниктік интернетке қосылуды субсидиялау тетігін енгізу мүмкіндігін қарастыру;

-Байланыс операторларының жұмысына мемлекеттік бақылауды күшейту;

-Мемлекеттік сатып алулар кезінде байланыс қызметі келісімшарттарына интернет сапасына қатысты нақты талаптар енгізу және оларды орындамаған жағдайда жоғары көлемдегі айыппұл салу тәртібін бекіту.

«Білімге қолжетімділік – бұл тек білім саласының ғана емес, тұтас мемлекеттің болашағына қатысты мәселе. Сондықтан ауыл мектептеріндегі интернет сапасын арттыру – біздің ортақ міндетіміз. Бұл мәселе назардан тыс қалмауға тиіс. Заң жүзінде жауапкершілікті нақтылап, іс жүзінде нәтиже беретін шешімдер қабылдайтын уақыт жетті», деді Ерболат Саурықов.