Қазақстан халқы Ассамблеясының Халықтық дипломатия институты осыдан жеті жыл бұрын құрылған еді. Содан бері Достық елшілері әлемнің бірқатар елдерінде бейбітшілік пен келісімді нығайтуға атсалысып келеді.
Халық дипломаттары әлемнің 14 мемлекетінде – Германия, Франция, Өзбекстан, Ресей, Аргентина, Әзербайжан, Қырғызстан, Польша, Түркия, Болгария, Тәжікстан, Армения, Корея елдерінде қызмет етіп жүр. Олар сол мемлекеттерде бейбітшілік пен келісімнің отандық үлгісін таныстырып, өзге халықтармен өзара ынтымақтастықты дамытуға үлес қосып жатыр. Достық елшілері – халықтар арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға үлес қосып жүрген беделді мемлекет және қоғам қайраткерлері.
2018 жылы ҚХА Кеңесінің шешімімен алғашқы Достық елшілері тағайындалды. Мәселен, Ресей Федерациясының көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Руслан Аушев, Германия Бундестагінің экс-депутаты Генрих Цертик және Аргентинадағы (Росарио қ.) қазақ мәдени орталығының жетекшісі Ирина Вагнер қазақ мәдениетін, тарихын өзге ұлттарға насихаттап, этносаралық қатынастарды үйлестіруде және бейбітшілік пен келісім саясатын ілгерілетуде еліміздің тәжірибесімен бөліскен нағыз елдің жанашыр достары болды.
Франциядағы еліміздің Достық елшісі – қоғам қайраткері, кәсіпкер Малгожата Оборон-Туар да 30 жылдан бері тығыз достық қарым-қатынас құрып келеді. Ол алты жылдан бері ҚХА Достық елшісі қызметінде екі ел арасындағы көптеген экономикалық және мәдени бірлескен жобаға бастамашы болып, қолдау көрсетті. Мәселен, алғашқылардың бірі болып қазақтың көкпар ойынын тамашалаған француздар болды. Осыдан 3-4 жыл бұрын Францияда көкпар турнирі мен Париж галереясында қазақ көкпары туралы көрме ұйымдастырылды. Достық елшісі келісім мен бірліктің отандық үлгісін кеңінен насихаттауды да жоспарлап отыр.
– ҚХА үлгісі – бірегей. Бұл – түрлі дәстүр мен тіл топтарындағы адамдардың бір-бірін қалай түсіне алатынының нағыз мысалы. Мұны саяси жүйенің ең толерантты құралы деп санаймын. Өйткені біздің әлем – өте күрделі әрі нәзік. Бүгін біз тепе-теңдікті бұзып, алауыздық отын жағудың қаншалықты оңай екенін анық көріп отырмыз. Стратегиялық мәселелер бойынша тиімді пікірталасқа қол жеткізу үшін саяси және институционалдық салалардың, экономикалық ортаның және идеялар әлемінің тоғысқан жерінде диалог алаңдарын құру өте маңызды. Қазақстан осы мәселеде көшбасшы болып тұр. Орталық Азия елдері туралы хабары аз Батыс БАҚ-тарында ел туралы, жалпы Орталық Азияны әлі де көптеп насихаттауымыз керек, –деді Франциядағы Достық елшісі.
Жалпы, Достық елшілері шетелдерде ел мәдениетін танытатын фестиваль, көрме, конференциялар өткізуге ықпал етеді. Мәдениетаралық диалог пен ынтымақтастықты дамытуға бағытталған халықаралық бастамаларды іске асыруға қатысады.
Осындай мәртебелі жұмысты атқарып жүрген тәжік меценаты, ҚХА Достық елшісі Ақбар Асадуллоға ҚХА-ның 30 жылдығына арналған Қазақстан халқы Ассамблеясының кезекті XXXIV сессиясында Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан мен Тәжікстан халықтарының арасында достықты, этностаралық бірлік пен келісімді нығайтуға қосқан елеулі үлесі үшін Құрмет грамотасын тапсырды.
Осылайша, халық дипломаттарының қызметі қай кезде де маңызды болып қала береді.