• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Дәстүр Бүгін, 09:00

Жарапазан айтып жарысты

10 рет
көрсетілді

Шымкентте республикалық «Жарапазан Fest» байқауы өтті. Еліміздің әр өңірінен командалар келіп қатысты. Өнер ұжымдары өз аймақтарының мақамымен Жарапазан жырын орындап берді.

Жарапазан Ораза айында орында­ла­­тын жыр. Қазір ұлт­тық дәстүріміз болып кетті. Онда адамды жомарттыққа, адам­гершілікке, ізгілікке үндейтін әсерлі шумақтар бар. Бұл байқау әрі қасиетті Рамазан айының адамдарға берер мол пайдасын білдіру мақсатында қолға алын­ды. Ораза ұстаған адам ең бас­тысы рухани кемелденіп,  іш­тей қайта түлеп жаңарады. Ұйым­дастырушылар сол Ораза айының басты нышаны Жарапа­занның қазақ дәстүрінде алар орны ерекше екенін айтады.

Қалалық әдет-ғұрып және салт-дәстүр орталығының шығар­машылық жөніндегі орынбаса­ры Райхан Алтыбаеваның мәлім­деуінше конкурс қала әкімдігінің қолдауымен Әз Наурыз мере­ке­сінің онкүндігі аясында ұйым­дас­тырылды. Байқауға Қазақ­стан­ның әр өңірінен 11 топ келіп қа­тысты. Осынау конкурс аясында шығармашылық одақтармен кездесулер, қолөнер шеберлерінің көр­месі, қол күрес, бестас, арқан тарту секілді қазақ­тың дәстүрлі ойын­дары және басқа да қызықты іс-шаралар өткізілді.

Қазақстанның мәдениет сала­сының үздігі, жыршы-термеші, қазылар алқасының төрағасы Абылай Бөріхановтың айтуынша барлық команда өте жоғары дайындықпен келген. Жарапазан жыры құрылымы жағынан күрделі өнер түріне жатады дейді термеші. Оның пікірінше жырды қай мақамға салып айтса да бола береді. Әр өңір­дің ерекшелігіне қарай түрліше келеді. Дей тұрғанмен, байқауда қаты­сушылардың өнері Жарапазан шумақтарының ішкі мазмұн, мән-мағынасымен бірге мақам-сазына қарай да бағаланды. Себебі жырдың мақамы әуезді, адамды өзіне баурап алатындай болу керек.

Әр өңірдің өзіне тән мазмұны мен мақам-саздары бөлек жырларды бір арнаға тоғыстырып, қалың көпшілікке таныстыру мақсаты көзделді. Өнер ұжымдары қазақ­тың салт-дәстүрі бойынша викто­риналық сұрақтарға жауап беріп, өзара жарысты.

Бастапқыда жасы үлкен кісі­лер құрдастарын сәресіне ояту мақсатында немерелерін сол үйге жүгіртіп жіберетін болған. Бала­лардың әуезді жырларына ерекше сүйсінген үй иелері, ертесіне тағы келсін деген ниетпен қолдарына тәттілер ұстатқан.

«Жарапазан арабтың «Жәә Рамазан» деген сөзінен шыққан. Дін мен дәстүрді қатар насихат­тауда қала әкімдігі Қазақ­стан мұсылмандары діни басқар­масымен тығыз байланыста жұмыс жүргізіп келеді. Жарапазан ораза ұстау, кең пейілді жомарт болу секілді діни құндылықтар мен адамгершілік қасиеттерді терең жырлайды. Сонымен қатар елді ынтымақ пен ауызбіршілікке үндейді» дейді Шымкент қаласы бас имамының орынбасары Ахметжан Керімбек.

 

ШЫМКЕНТ 

Соңғы жаңалықтар