• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Экономика Бүгін, 08:25

Мерекелік мәзір: Бағынбайтын баға, тарылмайтын пейіл

0 рет
көрсетілді

Ұлыстың ұлы күні Наурыздың жұртымыз үшін жөні бөлек. Қымбатшылық қыспаққа алып, қысқа жіп күрмеуге келмей тұрса да, мереке күні аста-төк дастарқан жайылып, жер-жерде ұлан-асыр той жасау дәстүрінен ешуақытта жаңылған емес. Осы орайда мейрам қарсаңында елордадағы сауда орталықтарына арнайы барып, халықтың көңіл күй ауа­нын байқап қайттық.

Ең әуелі таңның атысы, кештің батысы адам қарасы үзілмейтін «Шапағат» базарына бас сұқтық. Әдеттегідей қыз-қыз қайнаған қым-қуыт тіршілік. Мереке қарсаңындағы қарбалас. Сатушылар бидай мен күрішті қап-қабымен тізіп қойған. Баға да тым «тентек» емес сияқты. Базарды аралап, өзімізге қажетті азық-түлік бағасын сұрап шықтық. Бидай мен күріштің килосы – 500 теңге, қарақұмық – 300 теңге, бұршақ – 280 теңге. Ақ ірімшіктің келісі – 1 500 теңге болса, қызыл ірімшік – 2 500 теңге. Ал езілген құрттың литрі – 2 700 теңге. Жылқы етінің килосы– 3 900 теңге, ал қазы 4 200 теңге шамасында.

Бірақ сатушылар мереке жақын­дағанда 1 мың теңге шамасында баға көтеріледі деп отыр. Мұны бізге сатушы Әсия Мүслім айтты.

 «Мереке қарсаңында азық-түліктің аз-көптігіне байланысты баға өзгереді. Себебі тауарымыздың өтетін шағы осы кез. Табысымызды еселеп қалғымыз келеді. Бала-шағамызды осылай асырап отырмыз. Әрине, халықтың қалтасына да қараймыз. Бағаны аспаннан алып қоймаймыз. Тек үстіне сәл қосамыз. Негізі жылда мейрам кезінде екі есе пайда табатынбыз. Бұл үдеріс пандемия кезінде ғана тоқтаған. Биыл да табысымыз артады деген сенімдеміз. Бірақ былтырмен салыстырғанда қазір адам қарасы аздау», дейді ол.

Базардағы бағаға сүйеніп, шамамен 10 литр наурыз көжеге қанша қаржы жұмсалатынына нақты есеп жасап көрдік. Негі­зінен еліміздің әр өңірінде көже­нің дайындалу тәсілі әртүрлі болғандықтан, дәлме-дәл баға шығару қиынға соқты. Бір жерде бидайға қосымша арпа, тары, күріш қосылса, енді бір аймақта оған жүгері, маш, бұршақ пен қарақұмық араластырылады. Бір өңірде құртты молырақ қосып, дәмін қышқыл етіп жасаса, енді бір жерде сүт немесе айран араластырады. Тіпті бір өңірде мейіз қосып, көжеге тәтті дәм берсе, өзгесі кеспе қосып, қоюлау қылады. Түптеп келгенде, барлық нұсқаны біріктіретін ортақ белгі молшылық пен тоқшылықты білдіретін жеті түрлі дәм екені әмбеге аян.

Сонымен есепке кірісейік. Ортақ мәзір бойынша 22,5 кг ет қажет. Егер жылқы етін 3 900 теңгеден алсақ, 2,5 кг шамамен 9 750 теңге болады. Оған дәм беру үшін аздап қазы қосылады, орта есеппен 2000–3000 теңге. Бірақ көжеге барлық дәнді дақылды бірдей қоспайтынын ескерсек, әр үй өзіне ұнайтын 3–5 түрлі дәнді ғана таңдайды. Сол себепті дәннің шы­ғыны да әртүрлі болады. Біздің нұс­қада 800–1200 теңге шықты. Сүт неме­се айран шамамен 500–700 теңге, құрт 1000–2500 теңге болады. Осы­лайша, «Шапағат» базарында 10 литр наурызкөже дайындауға шамамен 14–17 мың теңге аралығында қара­жат кетеді. Ал дәмін байытып, қа­зы­ны көбірек, дәнді молырақ қос­саңыз, 18–22 мың теңгеге дейін жетеді.

Бұдан кейін Есілдің сол жаға­лауында орналасқан «Сауран» сауда орталығына тарттық. Базар маңы қиқы-жиқы, ию-қию болатынға көз үйренген. Ал бұл жердің қызметшілері құдды мемлекеттік қызметкерлер секілді тәртіпті, айналасы тап-тұйнақтай. Баға да соған сай жоғары. Еттің бағасы 4 500 теңгеден басталып, 8000 теңгеге дейін барады. Сапасына байланысты десек те айырмашылық айтарлықтай сезіледі. Яғни 2,5 кг еттің бағасы 11 мың теңгеден 20 мың теңгеге дейін барады. Қазы – 5 500 теңге, езілген құрт – 3000 теңге, қызыл ірімшік – 3 500 теңге. Дәнді дақылдардың өзі шамамен 2000 теңгеге жетіп жығылады. Яғни аталған сауда орталығынан нау­рызкөже дайындау үшін қажетті ингредиенттер алуға шамамен 20–30 мың теңге қаржы кетеді. Қарапайым жұрттың қалтасына әжептәуір салмақ. Содан болса керек, мұнда «Шапағаттағыдай» иін тірескен халық жоқ.

Сүт өнімдерін сатып отырған Сәуленің сөзінше, биыл келуші қарасы сиреп, сауда саябырсыған.

«Мереке жақындап қалса да, бұрын­ғыдай қызу сауда байқал­майды. Бұрын мейрам алдында адамдар ағыл-тегіл алып кететін. Қазір әркім шақтап қана алады, үнемдейді. Себебі бәрінің басында несие, ай сайын төлейтін қарызы бар. Сол себепті адамдар аста-төк шашылмай, үнемдеуге көшкен. Соған сәйкесінше бізде де бұрынғыдай сауда жүрмейді. «Сауран» базары қымбат деп кетеді көпшілік. Әйткенмен, бізге ол анау айтқандай сезіле бермейді, өйткені мұнда алушы аз, ал жалдау ақысы жоғары», дейді сатушы.

Құрма, өрік-мейіз сататын Рашид те осы пікірді қостады.

«Біздің өнім қай кезде де өтетін. Әсіресе осы Наурыз мере­ке­сінде көп пайда табатын едік. Өйт­кені мейіз, құрма, дәнді дақыл­дар – дастарқанның сәні. Десе де бұ­рын­ғы­дай қарқын жоқ. Ораза кезін­де сәл жанданғандай болды. Ауыз­ашарға аз-аздан сатып алып жатты. Жалпы, осы саудада жүргеніме 10 жылдан асты. Биылғыдай кідірісті байқамаппын. Тіпті карантин кезінде мұндай болмаған. Қазір халық есептеп сатып алады, артық алмайды. Бірақ сауда тоқтаған жоқ. Бірқалыпты жүріп жатыр. Біз де соған қанағат дейміз», деді кәсіпкер.

Ал ет сатушы Назираның айтуынша, биыл еттің бағасы көтеріл­геннен кейін сауда қатты бәсеңдеген.

«Бұрын бір адам келіп, бірден бірнеше келі алып кететін. Қазір ұзақ ойланады, тіпті мүлде алмай кетеді. Негізі баға көп жерде шамалас. Бірақ «Шапағатта» ет арзандау көрінеді, себебі олар көбіне кәрі мал әкеледі. Оның үстіне сол базар­дың шығынын жабуға мемлекет тарапынан қолдау көрсетілетін көрі­неді. Ал мұнда бәрін өзіміз көтере­міз. Жалға алу құны, тасымал – бәрі өз мойнымызда. Сол себепті баға да жоғары болады. Бірақ біз де әде­йі қымбаттатайын деп отырған жоқ­пыз, шығынымызды жабу үшін амалсыз жасаймыз», деп ағынан жарылды ол.

Қызығы, осы үдеріс біздің елде ғана болып жатқан жоқ. Экономистердің айтуынша, әлемнің көптеген елінде кейінгі жылдары «үнемді тұтыну» (frugal consumption) үрдісі күшейіп келеді. Мәселен, америкалық қаржы зерттеушісі Морган Хаусел еңбектерінде қазіргі қоғамда адамдар шектен тыс тұтынудан бұрын қаржылық тұрақтылықты ойлай бастағанын айтады. Оның пікірінше, халық қазір шығын­ды азайтып, тәуекелден қашуға бейім. Халықаралық аудит және консалтинг компаниясы Deloitte жүргізген зерттеулер де осы үрдісті растайды. Онда тұтынушылар­дың басым бөлігі мерекелік шығындарды қысқартып, тек ең қажетті өнімдерді ғана алуға көшкені көрсетіледі. Яғни адамдар дәстүрден бас тартпайды, бірақ оны бұрынғыдай ауқымды емес, өз мүм­кіндігіне қарай атап өтуді жөн көреді. Астана базарларындағы ахуал да осы жаһандық өзгеріс­тің жергілікті деңгейдегі айқын көрінісіндей.

Десе де, баға көтерілгенімен «бұдан жаман кезде де тойға барғанбыз» дейтін халқымыздың ниеті тарылмайтыны анық. Оны базар ішінде бағаны бағамдап, әр тауарды асықпай таңдап жүрген жетпісті алқалаған қала тұрғыны Мәуей Асхабыл қарияның сөзінен аңдадық.

 «Наурыз – ағайын-туыс бас қосып, көл-көсір дастарқан жая­­тын ұлық мереке. Сондықтан қолдан келгенше бәрін мол қылуға тырысамыз. Бірақ кейінгі жылдары бағаның өсуі айқын сезіліп тұр. Бұрын 20–30 адамға арналған дастарқанға шамамен 70–80 мың теңге жеткілікті болатын. Қазір 100 мыңнан асып кетеді. Сол себепті әр шығынды есептеп, қажет дүниені ғана алуға көштік. Бұрынғыдай ойланбай, молынан алу жоқ. Әсіресе ет пен сүт өнімдерінің қымбаттауы бірден байқалады. Дегенмен қандай жағдай болса да, Наурыздан бас тартпаймыз. Бұл – біздің дәстүріміз, берекенің бастауы. Қарапайым болса да дастарқан жайып, көже әзірлеу – міндет. Себебі мұнда ас қана емес, қазақтың кең пейілі мен ізгі ниеті жатыр», дейді М.Асхабылқызы.