• RUB:
    6.31
  • USD:
    512.34
  • EUR:
    582.07
Басты сайтқа өту
Өнер Кеше

Жас мүсіншінің асқақ арманы

120 рет
көрсетілді

Жаңаөзен қаласында туып-өскен Жүсіп Жетгенбай Маңғыстау өңірінің мәдени келбе­тін мүсін өнері арқылы әлемге танытқысы келеді. Бұл кеше ғана Түркі әлемінің мәдени аста­насы атанып, туризм­ді дамытуды мақсат еткен аймақ үшін өте маңыз­­ды. Бала күнінен мүсін өнеріне ынтық болған Жүсіп қазіргі таңда облыс жастарына ар­налған «Жарқын Болашақ» бағ­дар­­лама­сы аясында Алматыдағы Темірбек Жүрге­нов атын­­дағы Қазақ ұлттық өнер акаде­мия­сы­ның колледжінде білім алып жүр.

Оның сурет салуға деген ынтасын көрген анасы Жаңаөзендегі Оқушылар шығар­машылық үйіндегі үйірмеге апарған екен.

– Алты жасымнан суретпен айналыстым. Кейін Оқушылар үйінде мүсін өнері де бар екенін біліп, сол жаққа ауыстым. Содан бері мүсін өнеріне ерекше ынтықпын. Ол жерде Тоқтағұл Бахитов деген ұстазымнан сабақ алдым, ол маған пластилиннен бастап, ағашпен, сүйекпен, тіпті таспен де жұмыс істеуді үйретті. Менің мүсін өнерін мамандық ретінде таңдауыма себепкер болған алғашқы адам – сол кісі. Шыны керек, бастапқыда мұндай мамандықтың бар екенін де білмеппін. Бірақ анам мен апам «Жарқын болашақ» бағдарламасы барын біліп, Алматыдағы өнер академиясының колледжіне құжат тапсырдық. Бұл маған үлкен қадам болды. Соның арқасында қазір еліміздің үздік мүсіншілерінен сабақ алып, машығымды шыңдап жатырмын, дейді Жүсіп.

Бозбаланың айтуынша, оқу орнына түскен соң, оның мүсін өнеріне қатысты көзқарасы әлдеқайда өзгерген.

– Колледждегі Санат Байсынов ұстазым мүсін өнеріне әлемдік көз­қарас­пен қарауды үйретті. Қазіргі таңда мүсін өнері қай бағытта дамып жатыр, оның мәдениетпен байланысы қандай деген өзекті сұрақтарға жауап табуға көмектесті. Өкініштісі, елімізде мүсін өнеріне көпшілік терең бойлай бермейді. Оны болашағы жоқ мамандық деп ойлайтындар да бар. Ал шын мәнінде, мүсін өнері – адамзатпен бірге жасап келе жатқан, тарихы терең мәдени сала. Сондықтан болашақта ұлт­тық мәдениетімізді мүсін өнері арқылы көрсететін жұмыс жасағым келеді, дейді жас мүсінші.

Төл мәдениеттен су­сындаған Жүсіп бүгінде бірнеше көрмеге қатысып, көрермен ықыласына бөленіп үлгерген. Мү­сінші өз жұмыстары арқылы қазақ мәдениетін насихаттап, өзекті мәсе­лелерді көтереді. Оның туған өлкесі Маңғыстау туралы туын­дылары бір бөлек. Соның бірі – «Маң дала, маңғаз мекен — Маңғыстау» мүсіні.

 – Осы қыста көр­меге дайындалып, ауылға бара алмадым. Бұл мүсін туған жерге деген сағыныштан туды десем болады. Мүсінде Маңғыстау тауларын арқалаған түйе бейнеленген. Осы арқылы туған өлкемнің маңғаздығын көрсеткім келді. Өйткені мен үшін Маңғыстау – шалқар шабыт көзі. Алдағы уақытта туған өлкеме қатысты жұмыстарды көптеп жасағым келеді. Мысалы, бізде 362 әулие бар. Соның ішінде, Шопан ата, Бекет ата сияқты киелі тұлға­лардың бейнесін портрет етіп жасамасам да, жан дүниесін, болмысын мүсін арқылы жеткізсем деймін. Сол сияқты әдет-ғұрыптарымыз бен салт-дәстүр­лері­мізді де мүсінге арқау еткім келеді. Мысалы, жиын, той кезіндегі адамдардың киім киісін, тұр­мыс­­тық элементтерін мүсін арқылы бейнелеу ойымда жүр.

Бозбаланың тағы бір арманы – Ақтау қаласында мүсін мектебі мен музей ашу. Жүсіп музейге өзінің ғана емес, отандық және әлем мүсіншілерінің жұмыстарын қоюды армандайды.

– Маңғыстау халқының, әсіресе жастарының осы өнерге деген қы­зығушылығын арттырсам деймін. Өйт­кені біздің өңірде бұл өнерге қы­зығатындардың қарасы өте аз. Мысалы, колледжде Жаңаөзеннен келіп, осы салада білім алып жатқан тек мен ғана. Оқушылар үйінде оқып жүргенімде екі жыл қатарынан мұғалімім маған ғана сабақ беретін. Кейде бір-екі бала қызығып келсе де, тұрақтап қалмайтын. Өйткені ата-аналардың көбі «мүсін нан болмайды» деп ойлайды. Сондықтан халықтың эстетикалық талғамын арттыратын мәдени кеңістік ашу – басты арманым, дейді ол.

Жүсіп білім алып жатқан «Жарқын бола­шақ» бағдарламасы 12–22 жас аралығындағы маң­ғыстаулық жастарға тегін білім алуға мүм­кін­дік береді. Жо­ба «ҚазМұнайГаз» ұлт­­тық компаниясы мен «Samruk Kazyna Trust» қорының қолдауымен, «Bilim Foundation» кор­по­ративтік қорының ұйым­­­дастыруымен жү­­­зеге асып келеді. Бағ­дарлама аясында бү­гінде мыңнан астам маң­ғыстаулық жас елі­міз­дің үздік мектептері мен кол­ледждерінде тегін білім алып жүр.

Жүсіптің айтуынша, бағдарлама оның өнерге деген көзқарасын өзгертіп, кәсіби мүсінші ретінде шыңдалуына көмектескен.

– Мен бұрын мүсін өнерін тек саябақта тұратын мүсін немесе ескерткіш деп ойлайтынмын. Бірақ «Жарқын болашақ» арқылы мен мүсін бағытының терең философияға ие үлкен өнер екенін білдім. Жеке стилімді таба алдым, алда осы бағытта шың­дала түскім келеді. Қазақтың мүсін өнерін елімізде ғана емес, шетелде де танытсам деген мақсатым бар, деп түйіндеді Жүсіп.

Арманы асқақ, қолы шебер, ұлт құндылығын сүйетін, өзіндік мақсаты бар жастың талабы оңынан оңғарылғай деп тіледік.

 

Маңғыстау облысы