• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Парламент Кеше

Ерлан Қошанов Қатарда өткен кезектен тыс Араб-Ислам саммитінде сөз сөйледі

20 рет
көрсетілді

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың тапсырмасымен Мәжіліс спикері Ерлан Қошанов Қатар астанасы Дохада өткен төтенше Араб-Ислам саммитіне қатысты. Алқалы жиында Палата төрағасы сөз сөйлеп, халықаралық қақтығыстарды реттеу бойынша мемлекетіміздің ұстанымдарын ортаға салды, деп жазады Egemen.kz. 

Саммит барысында Ерлан Қошанов Қатар Әмірі шейх Тәмим бен Хамад Әл Тәнимен жеке кездесіп,  Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың шынайы сәлемі мен ізгі тілектерін жеткізді.

Қатар Әмірі Израиль билігі жасаған әскери әрекетке қатысты Қазақстанның ұстанымын жоғары бағалап, ризашылығын білдірді.

- Қазақстанның бұл әрекетті алғашқы болып айыптап, Қатарға қолдау білдіргенін жақсы білемін. Сол үшін алғысымыз зор. Қазақстан Президентімен ерекше бауырлық, достық қарым-қанытасымыз бар. Соны мен мақтан тұтамын. Бүгінгі саммите қазақ делегациясының осындай жоғары деңгейде қатысқаны біз үшін өте маңызды, – деді Қатар Әмірі.

Саммит отырысында сөз сөйлеген Мәжіліс төрағасы қазіргі таңда Таяу Шығыс аймағы үлкен геосаяси қиындықтарға тап болғанын айтып, бүгінгі саммит халықаралық ахуалдың күрт нашарлауымен байланысты екеніне назар аударды.

– Қазақстан Израильдің Қатар Мемлекеті аумағындағы әскери іс-әрекетін қатаң айыптайды. Бұл ұстанымды Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев алғашқы болып мәлімдеп, Қатар мемлекетіне табанды қолдауын білдірді. Жасалған шабуыл қандай мақсатты көздесе де, мұндай әрекеттерге жол берілмеуге тиіс. Бұл Қатар Мемлекетінің егемендік құқығын бұзады және халықаралық құқық қағидаттарына қайшы келеді. Осындай шабуыл мемлекеттің қауіпсіздігіне ғана емес, халықаралық тәртіптің негізін басшылыққа алатын мемлекеттердің теңдігі мен егемендігіне де нұқсан келтіреді, – деді Ерлан Қошанов.

Мәжіліс спикері Қатардың өз бітімгершілік саясаты арқасында жаһандық тұрақтылық пен қауіпсіздікті қамтамасыз етуге орасан үлес қосып келетінін атап өтіп,  халықаралық қақтығыстар мен жанжалдарды реттеу мәселесі бойынша Қазақстанның ұстанымдарын ортаға салды.

– Кез-келген дағдарыс Біріккен Ұлттар Ұйымының Жарғысы мен халықаралық құқық нормалары негізінде бейбіт диалог арқылы шешілуі керек. Қазақстан Президенті қақтығыстарды шешуде осы қағидаларды толыққанды қолдануға, олардың мызғымастығын қамтамасыз етуге шақырып келеді. Әскери күш қолдану тек зорлық-зомбылықтың жаңа толқынын туғызады, бейкүнә жандардың қазасына әкеп соқтырады, – деді Ерлан Қошанов.

Осы орайда Мәжіліс төрағасы Газада болып жатқан қайғылы оқиғаларға да тоқталып өтті.

Қазақстан Президенті әуел бастан Газа секторындағы әскери әрекеттерді дереу тоқтатуға және оның тұрғындарына гуманитарлық көмек көрсетуге тұрақты түрде шақырып келеді. Еліміз Газаға қаржылай және материалдық көмек көрсетуде.

Бұл үрдіс биыл қаңтар айында штаб-пәтері Астанада орналасқан Азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі Ислам ұйымы арқылы да жалғасты. Осы тұрғыда Ерлан Қошанов Палестина халқына гуманитарлық көмекті арттыру үшін ислам елдерін аталған ұйымның әлеуетін пайдаланудың маңыздылығын атап өтті.

Сонымен бірге саммит алаңдарында Мәжіліс спикері Қатар Мемлекетінің Премьер-министрі – Сыртқы істер министрі шейх Мұхаммед бен Абдулрахман Әл Тәнимен пікір аламасып, екі ел арасындағы ынтымақтастықты жоғары бағалады.