Ғалым Сүлеймен – Сейдахмет Бердіқұл негізін қалаған қазақ спорт журналистикасының көрнекті өкілдерінің бірі. Оның спорт тақырыбына қалам тартқанына отыз жылдан аса уақыт өтті. Спорт журналистикасы – әу бастан Ғалымның пешенесіне жазылған сорап. Ұлт дарабоздарына деген қылаусыз көңілі, елім дегенде ештеңеге айырбастамайтын шұғылалы пейілі оны спорт журналистикасының асқаралы биігіне бастады.
Ғалымның қаламын қайрап, намысын жани бастаған кезі ХХ ғасырдың 90-жылдарының орта тұсы десек, сол жылдары қазақ спортшылары әлемдік аренада дүркірей бастаған еді. «Құланның қасуына, мылтықтың басуы» демекші, сұңғақ бойлы, жұқалтаң сары жігіт сол дүрмекке білек сыбанып, қойды да кетті.
Бір жолы баспасөзде боксшы Ермахан Ибрайымов туралы мақаласы жарқ ете қалды. Ғалым інім Ермаханның жұрт көзінен таса, әлі жарияға шыға қоймаған сәттерін майын тамызып жазып шығыпты. Жасы жиырмадан жаңа асқан түбіт мұрт Ермахан Қазақ телерадиосының жарысында оңбай сүрініп, маңдайы тасқа тигендей болып жүрген кез. Сонау Жамбылдан әкесі Сағи келеді Алматыға. Кештетіп ұлының жатар орнына барса, Ермахан жоқ. Жастықтың желігімен қыдырып кетсе керек. Ашулы әке ұлын жетектеп ауылға қайтады да, Ермаханды есекке мінгізіп, малдың соңына салып қояды. Үйде мініс аты бар. Бірақ ұлының қылығына ренжіген әкенің шешімі осы болыпты. Содан Ермахан есектің үстінде екі өкшесімен жер сызып жүріп мал бағады. Бір күні ауылға сырттан жұмысқа студенттер келеді. Ішінде бір сойқан бар екен. Ауылдың «менмін» деген жігіттерін бет қаратпайды ғой. Ермахан шығады әлгіге қарсы. Шықпаса, ауылының намысы күйіп барады. Мал қамайтын ашық аранда екеуі салысады кеп. Ермахан шыдатпайды. Содан Сағи әке жібіп, ұлын Алматыға разылықпен қайта жібереді. Әке тегеуріні, әке шешімі, ескі қазақтың есті жолы – ұлдың соған мойынсұнуы, түптеп келгенде Алланың разылығына жеткізетін төте жол. Ғалым осы оқиғаны артық бояу қоспай, қаз-қалпында қарапайым қалыпта жазған екен. Оқып риза болдық.
Ғалым спортшының жан дүниесіне терең үңілуге тырысады. Бұған бір мысал ретінде оның грек-рим күресінен дүниежүзінің чемпионы Бақтияр Байсейітовтің зайыбы Маржанмен сұхбатын келтіруге болады. Спортшының әйелі болудың қаншалықты күрделі екенін жақсы білеміз. Енді Маржанның мына бірауыз сөзін оқып көріңіз: « ... нәрестелі болғанда үй иесінің жаныңда болмағаны қиын екен. Тұңғышымыз Санжар 1994 жылы 4 маусымда дүниеге келді. Бірақ ол кезде Қазақстан құрамасы Түркияға ұшып кеткен еді. Бақтияр ұлын бір айдан кейін ғана көрді. Сәлім туатын тұста Қазақстан құрамасы Атланта олимпиадасына даярланып жатты. Бұл 1996 жыл еді. Олар жолға шығуға әзір. Жаңа босанған мен тәуекелге басып дәрігерге қолхат жазып, үйге мерзімінен бұрын шығып алдым. Бақтияр жаңа туған баласын бірер сағат алақанына салып аялады да, сол түні Атлантаға ұшып кетті». Жүрек толқытатын сәт. Ғалым отбасындағы осы бір қылдан да жіңішке әрі өте әсерлі сәтті еш боямасыз қалпында оқырманға ұсынған екен. Бәрекелді дейсің.
Тағы да Маржанды тыңдайық: «Бақтиярдың әлем чемпионы болғанын бапкері Таңат Сағындықовтың зайыбы Гүлнәр тәтем телефонмен хабарлады. Әуелде не істерімді білмей, абдырап қалдым. Қуанышымды бөлісейін десем, үйде ешкім жоқ. Далаға шығып, бар дауысыммен айғай салғым келді. Өйткені бұл жеңіс Бақтиярға қандай азаппен келгенін жақсы білемін. ...Бір жолы Бақтиярға «Талай жарыста топ жардың, ел спортына еңбегі сіңген адам сендей-ақ болсын, күресті қойсаң қайтеді», деп едім, ол: «Бәрі дұрыс қой, бірақ әлем чемпионы бола алмасам – азаматтығыма сын», деді байыппен. Енді, міне, сол арманға жеттік». Оқып отырып жон арқам шым ете қалды. Ғалымның мыңдаған оқырманы мен құсап еріксіз толқыған шығар. Себебі бұл сөзді балуанның өмірлік серігі, балаларының анасы айтып отыр. Адами қалыптағы, отбасылық жағдай. Оның ар жағында Бақтиярдың табанды мінезі, ақ алмастай жарқылдаған өр намысы тұр.
Ғалымның тағы бір кейіпкері – атақты балуан Мәулен Мамыров. 5-6 беттік шағын ғана очеркте Мәуленнің ең басты жеңістері, көкейде тұнған ой-армандары, басынан өткерген қым-қиғаш сәттері әдемі қамтылған. Мамыровтың Атланта олимпиадасында еркін күрестен әлемнің 7 дүркін чемпионы, болгар жігіті В.Иордановты қалай састырғанын көзіммен көрдім. Сол сәтті Ғалым Мәуленнің өзінен жазып алған екен: «Төреші белгі берген бетте мен бірден шабуылдап, оның аяғынан іліп әкеттім де, жерге алып ұрдым. Үш балға татитын әдіс еді, алайда төрешілер бір ғана ұпай берді. Жерде аунатып алдым да, тағы екі ұпай олжаладым. Сәлден кейін қолын «кісендедім» де, жауырынын жерге қадауға ыңғайландым. Иордановтың сондағы бет-әлпетін көрсеңіз, өңінде қан-сөл жоқ, сұп-сұр. ...Бір мезетте оның жан айқайы бүкіл залды жаңғыртты. Төреші бәсекені дереу тоқтатып, ортаға дәрігерлерді шақырды. Олар Валентиннің қолын ұстап көріп, ештеңе болмағанына көз жеткізген соң, қайта кілемге шығарды. Мұндай жағдайда маған екі ұпай беріп, қарсыласымды қайтадан төрттағанға салу керек еді. Олай болмады. Енді мен қателестім». Әлемнің 7 мәрте чемпионы Иорданов Мамыровтың темір құрсауынан қулықпен, жан-дәрмен күйде амалсыз айқайлап құтылған екен. Ал төрешілер Мәуленнің бірнеше ұпайын «жеп қойған». Ғалым осы оқиғаны тасқа басып, Олимпия ойындарының өзінде осындай әділетсіздік болатынын хатқа түсірді. Журналистің сезімталдығы, есең кеткен тұсты ескертіп отыруы кейінгі жастарға үлгі болса керек.
Иә, Ғалым спорт саңлақтары мен қалың жанкүйерлер арасындағы сезімтал дәнекер, жеңіс шежірешісі іспетті. Ол жүздеген спортшымен тілдесті, жүздеген бапкермен сырласты. Осылай еңбектене жүріп адам жанын терең ұғуды үйренді. Осылай еңбектене жүріп мыңдаған оқырманына не қажет екенін түйсінді. Оның қаламынан туған «Ел намысы бір кеудеге сыйған ба?», «Бақтияр», «Саңлақтар», «Топжарған» кітаптары – осындай жанкешті еңбектің, ұзақ жылғы тынымсыз ізденістің нәтижесі. Осы толымды еңбектеріне қоса ол «Қазақ балуандары», «Қазақ боксшылары» деректі жинақтарының жарыққа шығуына атсалысты.
Еңбек жолын «Өркен-Горизонт» басылымында бастаған Ғалым Сүлеймен 1996–2004 жылдары «Егемен Қазақстан» газетінің спорт бөлімінде қызмет істеді. 2004 жылы ол республикалық «Спорт» газетінің бас редакторы қызметіне тағайындалды. Бұл жылдары «Спорт» газетінде оқырмандардың көңілінен шығатын, ұлт намысын ту еткен мақалалар жиі басылды. Қазақтың бетке ұстар спортшылары осы газеттің бетінде тілеулестерімен табысып жатты. 2007 жылы Ғалым республикалық «Айқын» газетінің спорт шолушысы бола жүріп, «Берен» спорт журналының жұмысын қоса жүргізді. Ізденімпаз азамат 2010 жылы республикалық Ауыр атлетика федерациясының баспасөз хатшысы болып тағайындалды. Ғалымның белсене кірісуімен Ауыр атлетика федерациясының насихаты күшейіп, атқарылған шаруа жұртшылықтың назарына уақытында жетіп жатты.
Ғалым Сүлеймен Нагано, Сидней, Ванкувер, Лондон олимпиадаларына спорт журналисі ретінде қатысып, бес құрлық көз тіккен аламан додалардың қанқызу сәттерін хатқа түсірді. Бұлардан басқа бірнеше әлем және Азия чемпионаттарынан, ірі еларалық жарыстардан репортаждар, жолсапар очерктер жазды.
Ізденімпаз азамат жазба журналистикамен шектелмей, комментаторлық кәсіпке де шындап ден қойды. Ол 2008 жылдан бастап «Қазақстан», «Қазспорт» және «Спорт+» телеарналары арқылы Олимпиада және Азия ойындарынан, әлем және Азия, Қазақстан чемпионаттарынан репортаждар жүргізе бастады. Спорт саласының оңы мен солын ерінбей зерттеп, танып үлгерген Ғалым бұл бағытта да көпшіліктің ықыласына бөленді. Ол көп ұзамай танымал телеарналар арнайы шақыртып, репортаж ұсынатын белді комментаторға айналды.
Ғалым «YouTube» арнасында «BEREN LIVE» сұхбат каналын ашты. Кейіпкерлері қазақтың маңдайына басқан – Ермахан Ибрайымов, Мұхтархан Ділдәбеков, Ақжүрек Таңатаров, Ғұсман Қырғызбаев, Алмас Өтешов, Дәулет Ниязбеков, Бақыт Сәрсекбаев, Қуат Хамит, Айсара Керімбекова, Әбиба Әбужақынова, Дәурен Бекмұхамбетов, Асу Алмабаев секілді елдің назарында жүрген спорт саңлақтары. Бұл сұхбаттарда бұрын қалың жанкүйер біле бермейтін талай ащы мәселе айтылды. Ғалымның «Берені» аз уақыттың ішінде жұртшылық асыға күтетін белді бағдарламаға айналды.
Еңбек ешқашан еш кетпейді. Ғалым Сүлеймен – спорт журналистерінің республикалық Сейдахмет Бердіқұл атындағы сыйлығының, Халықаралық «Шабыт» фестивалінің «Журналистика» аталымының лауреаты, екі рет республика бойынша «Жылдың үздік спорт журналисі» атанды. «Қазақстанның дарынды жастары» аталымы бойынша Президент стипендиаты, екі мәрте Қазақстан Президентінің Құрмет грамотасымен марапатталды. «Қазақстан Республикасында дене шынықтыру мен спортты дамытуға қосқан үлесі үшін» төсбелгісінің иегері.
Қорыта айтқанда, Ғалым Сүлеймен бесаспап журналист. Ең бастысы, ұлттық намыстың адамы. Мұндай азаматтың қадіріне жету, еңбегін бағалау – бізге сын. Осындай нардың жүгін арқалаған шәкіртім болғанына мен де қуаныштымын.
Қыдырбек Рысбек,
журналист