• RUB:
    6.31
  • USD:
    512.34
  • EUR:
    582.07
Басты сайтқа өту
Университет 29 Сәуір, 2025

Ғылым мен білімді дамыту – еліміздің стратегиялық таңдауы

30 рет
көрсетілді

Жуырда елорда төрінде орналасқан Қазақстан Республикасы ПІБ Президенттік орталығында: Astana International University, Бейжің тіл және мәдениет университеті, Томск мемлекеттік университеті, Чатрапати Шаху Джи Махараджа атындағы университет, И.Раззаков атындағы Қырғыз мемлекеттік техникалық университеті қатарлы ірі оқу орындарының ат салысуымен «AIU-2025: Қазақстан және халықаралық білім беру кеңістігі: болашақ үшін ынтымақтастық» атты халықаралық конференцияның пленарлық отырысы өтті, деп хабарлайды Egemen.kz.

Бас қосуға  Қазақстанның ғылыми және білім беру қауымдастығынан 100-ден астам өкілдер, сондай-ақ Қытай, Ресей, Польша, Үндістан, Қырғызстан және басқа елдерден келген сарапшылар қатысты.

Маңызды жиынды ашып сөз сөйлеген Президенттік орталығының директоры Бақытжан Темірболат:

«Бүгінде біз қарқынды өзгерістер дәуірінде өмір сүріп жатырмыз, бұл кезеңде ғылым жаһандық мәселелерді шешуде барған сайын маңызды рөл атқарып жатыр. Климаттың өзгеруі, энергетикалық дағдарыс, ресурстардың тапшылығы, цифрлық қауіпсіздік және басқа да өткір мәселелер инновациялық көзқарастар мен ғылыми шешімдерді талап етеді. Қазақстан Президенті Қ.К.Тоқаев Ғылым қызметкерлері күніне арналған өз сөзінде: «Ғылым шыңына апарар жол – қиын. Бұл жолда тек өз ісіне шын берілген, еңбекқор, табанды және шығармашыл жандар ғана қиындықтарға төтеп бере алады. Шын мәнінде озық ұлтқа айналу үшін осы құндылықтарды қоғамға сіңіруіміз қажет», деп атап өтті. Бүгінгі конференциямыз алыс-жақын шетелдер мен Қазақстан өкілдерін біріктіріп, тәжірибе алмасуға, бірлескен ғылыми зерттеулерді бастауға, академиялық ашықтықты кеңейтуге жағдай жасап, осы үдерістерге өз үлесін қосады», деді.

Сондай-ақ, аталған жиынның маңызы туралы пікір білдірген Astana International University бірінші вице-президенті Анар Мырзагалиева ханым, бұл реткі конференция еліміздің білім және ғылым саласындағы жаһандық үдерістерге белсенді қатысуының айғағы екеніне тоқталып:

«Біз үшін бұл тек пікір алмасу алаңы ғана емес, сонымен қатар болашақтағы халықаралық әріптестіктер мен ортақ жобаларға бастама болатын маңызды қадам. Қатысушылар мен спикерлердің ауқымы бұл алаңның өзектілігін және маңыздылығын дәлелдеп отыр. Ғылым мен білімге негізделген даму – еліміздің стратегиялық таңдауы», деді.

Айта кету керек, конференция бағдарламасы цифрландыру, генеративті жасанды интеллектіні пайдалану, жаһандық экономика, креативті индустриялар, халықаралық ынтымақтастық, гуманитарлық және жаратылыстану ғылымдары, сондай-ақ жаһандық трендтер аясында білім беруді дамыту перспективалары сияқты негізгі бағыттарды қамтыды. Сонымен қатар, аталған жиын ғылыми пікір алмасу алаңы ғана емес, сонымен қатар академиялық қауымдастық, мемлекеттік құрылымдар мен халықаралық ұйымдар өкілдері арасындағы тығыз байланыстарды орнатуға мүмкіндік береді.