EXPO 2025 Osaka дүниежүзілік көрмесіндегі Қазақстан Республикасының Ұлттық павильоны 100 мыңыншы келушіні қарсы алды. Ол – Нара қаласының 37 жастағы тұрғыны, жапондық Жеке қаржылық бастамалар қауымдастығының жоба менеджері Акиба Акихито, деп жазады Egemen.kz.
«Мен павильондарыңыздың 100 мыңыншы қонағы болғаныма өте қуаныштымын, бұл мен үшін күтпеген тосын сый! Мен павильонның контенттік мазмұнына, атап айтқанда, Қазақ хандығының қалыптасу тарихына және тарих пен жаңа технологиялардың үйлесімін көріп таңғалдым. Тамыры тереңге жайылған тарихтарыңызды ұмытпай, болашаққа деген көзқарастарыңыздың тамаша үлгісі – «ALEM» құрылғысы. Ұйымдастырушыларға жылы лебіздері үшін және таңғажайып елдің бай мәдениеті мен тарихы туралы көбірек білуге мүмкіндік алғаным үшін рақмет. Қазақстанның мәдениетімен танысу үшін Қазақстанға барып Түркістанды көргім келеді», деді Акиба Акихито.
Қазақстан павильоны мен еліміздің атынан 100 мыңыншы қонақты Қазақстан Республикасының Жапониядағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Ерлан Баударбек-Қожатаев құттықтады.
Акиба Акихитоға Karavansaray Turkistan туристік кешеніне екі адамға арналған сертификат пен естелік кәдесыйлар табысталды.
Келушілер санын есептеуді жапондық EXPO 2025 Osaka дүниежүзілік көрмесін өткізу қауымдастығы арнайы жабдықтың көмегімен жүргізеді. Қауымдастық мамандарының айтуынша, павильон шағын болғанымен, қазақстандық экспозиция көрме қонақтарына ойластырылған контентімен және жоғары технологиялық экспонаттарымен қызықты.
Павильон контенттік мазмұнына, атап айтқанда тарихқа, мәдениетке, экономикалық көрсеткіштерге, экожүйеге, туризмге, инновацияға аса ден қойылып әзірленген төрт аймақтан тұрады.
Сонымен қатар павильон елдің инвестициялық және экономикалық әлеуетін көрсетеді. Сондай-ақ ағзаларды трансплантациялау және оқшауланған органдарды емдеу саласындағы жетістік – «ALEM» (Astana Life Ex-situ Machine) инновациялық құрылғысы ұсынылды. Жетекші қазақстандық медициналық зерттеушілер мен инженерлер әзірлеген «ALEM» оқшауланған ағзада қажетті араласулар мен мақсатты емдеу жүргізу мүмкіндігімен донорлық мүшелерді 24 сағаттан артық сақтауға мүмкіндік береді.