• RUB:
    6.31
  • USD:
    512.34
  • EUR:
    582.07
Басты сайтқа өту
Өндіріс 26 Сәуір, 2025

Темір өнеркәсібіндегі тегеурін

70 рет
көрсетілді

Рудныйда ыстық брикеттелген темір (ЫБТ) өндірісі басталады екен дегенді естігенде елең ете қалғанымыз рас. ЫБТ өндірісі бір жағынан даму үдерісінің жаңа кезеңі болса, екінші жағынан қоршаған ортаға тарайтын көміртегі ізін азайтуда елеулі рөл атқарады. Мемлекет басшысы да «қазіргі басты міндетіміз – еліміздің мықты өнеркәсіптік негізін қалыптастыру және экономикамыз өзімізді толық қамтамасыз ете алатын жағдайға жету» деген еді.

1 100 жаңа жұмыс орны ашылады

Президент Жолдауда «Эко­номиканы әртараптандыру бұрынғыдан да маңызды міндетке айналуда. Бұл ретте металды терең өңдеу, мұнай-газ және көмір химиясы, ауыр машина жасау, уранды конверсиялау және байыту, автобөлшектер және тыңайтқыштар шығару сияқты бағыттарға айрықша назар аударған жөн. Басқаша айтсақ, жоғары деңгейде өңделген өнім шығаратын кластер құру керек», деді.

ERG қолға алып отырған бірегей жоба да Президент пәрменімен үндесетіндей.

ERG директорлар кеңесінің төрағасы Шухрат Ибрагимовтің түсіндіруінше, ыстық брикеттелген темір зауыты – маңызды стратегиялық жоба. Өндірілетін өнім құрамындағы металдану деңгейі де 93-94%-дан кем түспейтін көрінеді. 

«Мұны өңірдегі қара металлургия саласын дамытудағы жаңа кезең деп атасақ болады. Жобаны іске асыру нәтижесінде 500 млрд теңге инвестиция тартылып, 1 100 жаңа жұмыс орны ашылады, жыл сайын 2 млн тонна ЫБТ өндірі­леді деп болжанып отыр. ЫБТ өн­дірісі шикізатты терең өңдеуді қамтамасыз етіп, өнімнің қосылған құнын арттырады», дейді Шухрат Ибрагимов.

Қазір зауыт салынатын жер учаскесі анықталып, заманауи «Midrex» технологиясы таңдалған. Алда жабдықтарды дайындау және жеткізу келісімшарттары жасалып, биыл жазда су, газ, электрмен жабдықтау мен жол құрылысы сияқты инженерлік инфрақұрылым салу жұмыстары басталады. Жобаны 2028 жыл­дың соңына дейін тәмамдау жоспарланып отыр.

Зауыт адымын тұсауы мүмкін-ау делінген ұсақ-түйек келеңсіздіктер де жоқ емес. Соның бірі – газдандыру мәселесі. Қазір бұл мәселенің де түйіні біртіндеп тарқатылып жатыр. Облыс әкімдігінің қолдауымен Ақтөбе аумағынан магистралды газ құбыры құрылысы мақұлданған. Зауыт жұмысына кіріскенде тұтыну көлемі сағатына 80 мың текше метр болуы мүмкін. Газ бағасы да аса қымбатқа шықпайтын көрінеді.

 

«Жасыл» металлургияға жол ашылады

«Соколов-Cарыбай кен ба­йыту өндірістік бірлес­тігі» (ССКӨБ) АҚ бас директоры Сергей Кузьменконың айтуынша, ЫБТ жобасы – еліміздегі жаңа өндірістік парадигма.

«Бұған дейін ЫБТ өнімі нарықта аса сұра­нысқа ие болмаған, алайда қазір зауыттар «жасыл» металлургия мен «жасыл» болат туралы айта бастады. Болашақ зауыттың өнімін тұтынуы мүмкін компаниялар қатарында Ресей мен Өзбекстан кәсіпорындары бар. ЫБТ – әлемдік металлургияның келешегіне баланатын өнім. Сол себепті, бұл жоба отандық темір-металлургиялық секторды жаңа деңгейге көтеретін бағыт ретінде қарастырылып отыр. Қазіргі уақытта базалық инжиниринг аяқталды. Жабдық жеткізуге арналған келісімшарт финалдық кезеңде. Қытайда ұқсас жобалар бір жыл ішінде іске қосылып жатыр. Біздің заңнамалық-әкімшілік ерекшелігімізді ескере отырып, 2 жыл ішінде жобаны аяқтауды көздеп отырмыз», дейді кәсіпорын басшысы.

Маманның сөзінше, ЫБТ – құрамында 90%-дан астам темір бар жоғары сапалы өнім. Оның басты артықшылықтары:

Қашықтыққа тасымалдауда сапасы сақ­талады; Домендік балқыту үдерісін қажет етпейді; Тікелей электр доғалық пештерде пайдаланылады; Экологиялық қауіпсіз, «жасыл» метал­лургияға негіз болады.

Директор сөзінен аңдағанымыз – ыстық брикеттелген темір өндірісі дәуірінің басталуы нәтижесінде отандық металлургияда жоғары маржалы өнім өндіріле бастайды. Сонымен бірге ішкі шикізаттан өңделген экспорттық өнім шығарылып, кәсіпорын әлемдік нарықтағы баға толқуларына тәуелділіктен арылмақ.

«Қазір бізде концентрат пен шекемтас – бар болғаны шикізат. Оларды сыртқа шығарып, металлургияны басқа елдерде дамытып жатырмыз. Ал ЫБТ – шикізатты өзімізде өңдеп, қосылған құнды өзімізде қалдыру. Осы арқылы біз ішкі тұрақтылық пен сыртқы бәсекеге төтеп беретін жүйе құрамыз», деді кәсіпорын басшысы.

 

«Бұл – тек өндірістік емес, әлеуметтік жоба»

ЫБТ зауытының құрылысы жөніндегі жоба менеджері Сергей Громовтың сөзінше, жобаның ерекшелігі – оның қатты континенталды климатта іске асырылуы. Қыста -33°C, жазда +35°C температура байқалатын өңірде мұндай күрделі технологияны іске асыру – әлемдік тәжірибеде баламасы жоқ жағдай.

«Жобалау барысында технология жеткізушілері өз тәжі­рибелерінде осындай климаттық ауытқуда жұмыс істейтін өндіріс мысалы болмағанын айтты. Сондықтан біз үшін арнайы «қысқы пакет» қайта жасалып, су айналым жүйесі де жылытылатын жабық жүйе түрінде жобаланды. Бұл – әлемдік инженерлік тәжірибе үшін тың қадам. Қазір құжаттар мемлекеттік сараптамаға дайындалып жатыр. Сараптама 2025 жылдың соңына дейін аяқталуы тиіс», дейді.

Сергей Громов ЫБТ біз үшін мүлде жаңа технологиялық деңгей болғандықтан, оны енгізу үшін арнайы дайындықтан өткен инженерлер мен жұмысшылар қажет екенін де айтып өтті.

«Бұл мақсатта Рудный индустриялық инс­титутымен бірлесіп, жаңа мамандықтар бо­йынша оқу бағдарламалары дайындалды. Жал­пы, жұмысшылардың бір бөлігі Еуропа немесе өзге референттік жобалар базасында тәжірибеден өтеді деп жоспарланып отыр. Бұл – тек өндірістік емес, әлеуметтік жоба. Аймақтың дамуына серпін беретін, жаңа буын металлургтер мен технологтерді тәрбиелейтін бастама. Осылайша, еліміз металлургиясының жаңа кезеңі басталады», дейді маман.

 

Компания бағытынан айнымайды

Ілкімді бастаманы қолға алған ERG өңір өнеркәсібін жеделдетіп дамытуға мүдделі. Соның дәлелі болар, таяуда Қостанай облысы әкімдігі мен компания арасында 2,7 млрд теңгеге ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Бұл қаражат Рудный, Лисаковск қалалары мен Қашар және Октябрьский кенттеріндегі қалалық инфрақұрылымды дамыту мақсатында жұмсалмақ. Компания басшысының айтуынша, экономиканы әртараптандыруға бағытталған жобаларды жүзеге асыру – басым міндет. ERG осы қағиданы өз жұмысына берік негіз етеді дейді ол. Сондай-ақ ол компания сатылуы мүмкін деген әңгіме шындыққа жанаспайды деп мәлімдеді.

«Компания топ басшылығының бизнесті әрі қарай жүйелі және тұрақты дамытуға толықтай бейілді екенін растайды. Бизнес жүргізудің үйреншікті тәртібінде ешқандай өзгеріс жоқ. Былтыр жыл соңында директорлар кеңесі өз кәсіпорындарына инвестиция салу, дамытуға бағытталған жаңа стратегияны қабылдады және компания қазір соны жүзеге асырумен айналысуда», дейді Шухрат Ибрагимов.