«Egemen Qazaqstan» газетін көп жылдан бері жаздырып алып оқимын. Бір нөмірін қалт жібермеймін. Бұл басылымның халық алдындағы беделін ескере отырып, өзімді көптен толғандырып жүрген бірер ұсынысымды жеткізуді жөн көрдім.
Әкем Жүркей Пұсырман – Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысқан майдангер. «Отан соғысы», «Даңқ» ордені, «За отвагу», т.б. медальдермен марапатталған. Бұл деректерді Ресейдегі архивке хат жазып, солардан алдым. 1942 жылы басына зеңбірек оғының жарықшағы тиіп, 6 ай госпитальде жатып, І топ мүгедегі болып елге оралған. Кейін облыстың көптеген шаруашылығында партия қызмектері ретінде еңбек етті.
Әкемнің де, менің де туған жерім – Батыс Қазақстан облысы, Сырым ауданының «Қызыл ту» ұжымшары. Қазір Алғабас ауылы деп аталады. Бұл 1968–1970 жылдары миллион пұт астық тапсырған одаққа әйгілі ұжымшар еді. Осы жерден көптеген майдангер шықты. Қайырболды Галиев «Қызыл Жұлдыз», «Отан соғысы» ордендерімен марапатталған. Салық Жұмабаев соғысты аяқтап, 1945 жылы елге келді. 3–4 ордені бар.
Қабдол Санатов та Екінші дүниежүзілік соғысқа бастан-аяқ қатысқан жауынгердің бірі. Жағы сынып, елге 1945 жылы оралады. Оның да бірнеше орден-медалі бар. Мен ауылдас майдангерлер жайында жергілікті газет-журналға, кітаптарға бірталай мақала жарияладым.
Қазіргі таңда Алғабас ауылындағы Мәдениет үйінің алдында саябақ бар. Биыл Жеңістің 80 жылдығына орай сол жерге жергілікті ардагерлерге арналған дұрыс ескерткіш орнату, субұрқақ салып, жолды жөндеу жайында әкімдерге хат жолдап, өтініш жасағанмын. Бірақ олардың бәрі мені түрлі сылтау айтып шығарып салып жүр. Осы елді мекеннен шыққан батыр аталарды ұмытпауымыз керек. Ардагерлер жайында жазылған кітаптарды көбірек бастырып шығарып, әр ауылдағы кітапханаға тапсыру қажет.
Екінші ұсынысым мынау. Менің 1982 жылы туған балам Асланбек Социалұлы 25 жыл еңбек етіп, кейін дертке шалдықты. Астанаға барып, жүрекке ота жасатты. Жұбайы 2014 жылы 30 жасында туберкулезден қайтыс болды. Артында 3 ұлы қалды. Оларды зағип әжесі бүкіл зейнетақысын беріп, ер жеткізді. Оқытып, адам етті. 2014 жылдан бері ұлым аз қамтылған отбасы есебінде кезекте тұр. Бірақ пәтер кезегі келер емес. Өзі ауыратындықтан, еш жерде жұмыс істемейді. Балаларым көп жылдан бері жер телімін алу үшін кезекте тұр. Облыс әкімі жер жоқ, орнына жатақханадан орын береміз деген, ол да бос сөз болды. Сонда жетім балаларға кім қамқор болады?
Осы мәселені «Egemen Qazaqstan» газеті арқылы көтеріп, көмек қолын созсаңыздар деймін.
Социал ПҰСЫРМАН,
жазушы-журналист,
Орал