• RUB:
    6.31
  • USD:
    512.34
  • EUR:
    582.07
Басты сайтқа өту
Спорт 19 Сәуір, 2025

Сырдың бойында грек-рим күресінен халықаралық турнир басталды

0 рет
көрсетілді

Бүгін Қызылордада грек-рим күресінен ересектер арасында Кеңес Одағының батыры Тәйімбет Көмекбаевты еске алуға арналған халықаралық турнирдің ашылды. Турнирге 10-нан астам мемлекеттен, еліміздің әр өңірінен келген балуандар он салмақ дәрежесінде белдеспек.

Облыс әкімі Нүрлыбек Нәлібаев қатысушыларға сәттілік тілеп, өңір спортын дамыту бағытындағы жұмыстарға тоқталды.

«Сыр өңірінде соңғы үш жылда 18 спорт кешені салынып, іске қосылды. Өткен жылы «Самұрық қазына траст» қорымен бірге құны 3 млрд. 400 млн теңге болатын «Үстел теннисі орталығы» салынып, қолданысқа берілді. Облыс орталығында халықаралық стандарттарға сай 11 мың орындық орталық стадион салынып жаты. «Қызылорда Арена» көпбейінді спорт кешенінің құрылысы басталды. «Қазақстан халқына» қорының қолдауымен бой көтері келе жатқан көпсалалы денешынықтыру-сауықтыру кешені жыл соңына дейін пайдалануға беріледі. Алдағы мамыр айында бірқатар спорттық үйірмені қоса қамтитын «Шығармашылық академиясы» ашылады», деді Н. Нәлібаев.

Салтанатты ашылу рәсімінде Туризм және спорт министрлігі Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің төрағасы Руслан Есеналин, батырдың ұрпағы Ардашер Шайымбетов сөз сөйледі.

Жарыстың қадірлі қонағы, қырғыздың атақты балуаны, әлемнің екі, Азияның үш дүркін чемпионы, Олимпиаданың күміс және қола медальдарының иегері Ақжол Махмудовқа шапан жауып, құрмет танытты.

Кеңес Одағының батыры Тәйімбет Көмекбаевтың есімін ұрпақ жадында қалдыру мақсатында жыл сайын түрлі шаралар өткізіліп келеді. Биылғы еске алу шарасының ерекшелігі – грек-рим күресінен халықаралық турнир тұңғыш рет ұйымдастырылып отыр. Осы жылдан бастап жарыс облыс әкімдігінің қолдауымен халықаралық деңгейде өткізіледі.