Жыл сайын сәуір айында Қазақстан халқы Ассамблеясы өткен кезеңге көз жүгіртіп, алдағы мақсат-міндеттерін айқындайды. Биыл да дәстүрден жаңылмай, XXXIV сессия қарсаңында ұйымның атқарған жұмыстары, қоғамдық құрылымдарының қызметі жан-жақты сарапқа салынады.
Өткен 30 жылда қанжығамыз біраз олжамен майланды. Алдымен, ҚХА өскелең ұрпаққа әлеуметтік тұрғыда демеу болды, дамуға қанат бітірді. Бұл алаңда мемлекеттік және қоғамдық қызметте, өнер мен шығармашылықта, сондай-ақ бизнесте жұлдызы жанған жастар тұлға ретінде жетіле бастады.
Бүгінде жастар қауымы – Қазақстан халқы Ассамблеясының басты қозғаушы күштерінің бірі һәм келбеті. Олар волонтерлік қызметтен ғылыми зерттеулерге дейінгі барлық бағытта даму сатысын қалыптастыра білді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың реформалары мен өзгерістерін іске асыруда да жастардың үлесі айрықша.
ҚХА үш онжылдықта адам капиталын дамытумен тұрақты айналысты. Мемлекеттік тілді кеңінен насихаттауға, қайырымдылық, волонтерлік, инвестиция тарту, медиация, дипломатия, ғылыми-зерттеу, ағартушылық және тәрбиелік бағыттарда нәтижелі жұмыс істеп келеді. Бұл ретте «Ассамблея жастарының» да орны ерек.
Еліміздің 10 мыңнан аса белсендісін бір арнада тоғыстырған бірегей жастар ұйымының 20 өңірлік бөлімшесі бар. Этнос өкілдері тығыз орналасқан аймақтарда, яғни моноқалалар мен ауылдық жерлерде ұйымның жеке бөлімдерін құруға күш салып жатырмыз. Әзірге Риддер мен Теміртау қаласынан және Қордай ауданынан ашылды. Мұндағы мақсат – аймақтармен тығыз қарым-қатынас орнатып, елді мекендердің жастарымен тікелей жұмыс істеу, олардың өзін дамытуына ықпалдасу.
Дәстүрлі жобаларымыздың ішінде мемлекеттік тілді этносаралық қарым-қатынас тілі ретінде дамытуға айрықша көңіл бөлінеді. Тіпті кейінгі 30 жылда қазақша шүйіркелескен өзге этнос өкілдерін көру қалыпты құбылысқа айналды. Бұл ретте ҚХА өкілдері мен ұйым белсенділерінің әлеуметтік желілердегі интерактивті жобалары серпін берді. Ольга Спирина, Алина Кан, Оксана Набиева, Анастасия Ульченко, Александра Мыскина секілді жастарымыз көпшілікке үлгі.
Мәселен, журналист Александра Мыскина бастаған «Үйде сөйле» жобасы – үйден шықпай-ақ, қазақ тілін үйрететін таптырмас құрал. Жоба Астана, Алматы, Петропавл, Павлодар қалаларында сәтті іске асырылды.
Бұған қоса ІТ, кәсіпкерлік пен әлеуметтік жобаларға қатысты жастар бастамаларын қолдауға да басымдық береміз. Былтыр жас белсенділеріміз «Көшбасшылар мектебі» жобасы аясында коммуникация құру, көпшілік алдында сөйлеу, басқару, қоғаммен жұмыс істеу секілді дағдыларды үйренді. Осылайша, біз қоғамдық-саяси салаға дайын, білікті жас мамандарды даярлауды көздедік.
Жастармен жұмыс істеудің жаңа түрі – Студенттік ассамблеялар желісін құру. Бастама былтыр аяқ алып, 50-ден аса жоғары оқу орны мен колледжде студенттік өзін-өзі басқару ұйымдары құрылды. Қуантатыны сол, жобаны жастардың өздері жоғары ынта-ықыласпен қабылдады. Абай, Атырау, Шығыс Қазақстан, Маңғыстау облыстарындағы ұйымдар бірден жұмысқа кірісті. Орта нағыз шығармашылық алаңға айналып, ел игілігі жолындағы жақсы идеялар іске асады деп сенеміз.
Екінші жыл қатарынан өтіп жатқан «Folk&Art Performance» жобамыз түрлі этнос өкілдерінің мәдениет саласына тигізген ықпалын көрсетуге бағытталған. Жоба аясында шығармашыл жастар үшін жол жүру гранттары бөлінді. Өнерлі ұл-қыздарымыз халықаралық байқауларға қатысып, еліміздің көк байрағын шетелдерде асқақтата алады.
Ұйым волонтерлік қызметте де белсенді. Елдегі төтенше жағдайлар кезінде Ассамблея еріктілері жұмылдырылып, алғашқылардың бірі болып отандастарымызға көмек көрсетті. Мысалы, былтыр су тасқыны тұсында ҚХА-ның «Жүректен жүрекке» атты ауқымды акциясын іске асыруға 12 мыңнан аса белсенді ерікті тартылды. Бұл жұмыс ҚХА XXXIII сессиясы аясында Президенттің жоғары бағасына ие болды.
«Ассамблея жастары» ұйымының халықаралық байланысты белсенді орнатқаны да – ауыз толтырып айтарлықтай жайт. Жастарымыздың тәжірибесі Андорра, Бельгия, Германия, Үндістан, Қырғызстан, Ресей, Тәжікстан, Түрікменстан, Өзбекстан, Франция елдерінде және ЮНЕСКО мен Еуропа кеңесі сынды халықаралық алаңдарда таныстырылғанын мақтанышпен жеткізе аламын.
Биыл мамыр айында Қазақстан халқы Ассамблеясының жастары ЮНЕСКО-ның Париждегі штаб-пәтеріне барып, еліміздің үздік жобаларын әлемге паш етеді. Біз әрқашан қоғамдық дипломатияны дамытуға аса мән береміз. Өйткені жас көшбасшылар арасындағы байланыс елдер арасындағы достықты нығайта түседі.
Мемлекет басшысы «Ana tili» газетіне берген сұхбатында «Біздің патриотизміміз нақты іспен көрінуі керек» деген еді. Міне, «Ассамблея жастары» ұйымы осы бағытта күн сайын тер төгіп келеді. Жастарымыз татулық пен келісімді нығайту жолында жігер жұмсап, жасампаздық пен жаңашылдықтың сән-салтанат құруына атсалысып жатыр.
Тимур ЖҰМЫРБАЕВ,
«Ассамблея жастары» РҚБ төрағасы