• RUB:
    6.31
  • USD:
    512.34
  • EUR:
    582.07
Басты сайтқа өту
Қоғам 18 Сәуір, 2025

Бейсекеңнен бата алған әдебиеттанушы

0 рет
көрсетілді

Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық универ­си­тетінде «Кәусар» мә­дени-танымдық ор­та­лығының ұйымдас­ты­руымен «Оқы­мысты» атты кездесу өтті. Мем­лекеттік сый­лық­тың лауреаты, әде­биет сыншысы, профессор Құлбек Ергө­бекпен кез­десуді Қазақ­станның еңбек сіңірген әртісі, өнер­­тану профес­соры Кен­же­ғали Мыржықбай жүр­гізді.

Кездесу барысында Құлбек Ергөбек әдебиет, ғылым, руханият, сын мәдениеті және кітапхана ісі сынды өзекті мәселелерге тоқталып, өз өмірі мен ұстаздар тағылымын те­бірене әңгімеледі. «Жоғары мектептегі ұстаздарым ерекше болды. Бірінші курста Бей­сенбай Кенжебаевты тауып алып, шә­кірті ғана емес, перзентіндей болып кеттім. Ғылым­дағы жолым осыдан басталды» деп әсерлі әңгіме өрбітті.

Кездесуде профессор қазіргі қазақ балалар әдебиетінің жағдайына алаңдаушылық білдірді. Әдебиетпен ауыз­данбаған, ертегі естімеген ұрпақтың болашағы күңгірт.

«Балалар әдебиеті құл­дырады. Алпысыншы, жет­пісінші жылдардағы биік деңгейден бүгінгі жазушылар алыстап кетті. Балалар жазушысы болып қалыптаспайды – балалар жазушысы болып туады. Ондай тұлғалар бізде саусақпен санарлық. Жаңа дәуірдің Айтолмандары, Жәнібек Кәрібозиндері, Жақан Смақұлдары жоқ», – деді ол. Сондай-ақ Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың балалар әдебиетіне ерекше мән беріп, 2021 жылды – Балалар әдебиетінің, ал 2022 жылды – Балалар кітабының жылы деп жариялағанын құптады.

Құлбек Ергөбектің руха­ниятқа қосқан тағы бір үлесі – оның жеке кітапханасы. Ол жиырма жылдан бері Түр­кіс­танда түркі халық­тары кітап­ханасын дамытып келеді. Қазір оның қорында 24 тілде 6000-нан астам кітап бар. Бұл – қазақ ғылымының ертеңі үшін жасалған тарихи еңбек.

Кездесуде сөз алған филология ғылымдарының докторы, профессор Серік Негимов Құлбек Ергөбектің қазақ руханиятындағы орнын жоғары бағалады. «Ол қоғамның ең көкейкесті, ең күрделі, ең жаралы тақы­рыптарын ашық көтерді. Ішімізде жүрген, бірақ айта алмаған мәселелерді ашық, нақты жеткізді», деді С.Негимов. Сонымен қатар филология ғы­лымдарының докторы, профессор Тұрыс­бек Рақымжан: «Құлбек бауы­рымыздың екі ер­лігі мен бес бағыты бар. Оның бі­ріншісі – Бейсенбай Кенжебаев секілді алып ұстаздың рухани мұрасын тірілтіп, туған ба­ласындай өмірін арнауы. Екін­шісі – Сәбит Мұқановтың шы­ға­р­ма­шылық әлеміне өмір бойы адал болуы. Бұл екеуі – сирек кез­десетін рухани ер­лік. Ал бес бағытқа келсек, Құл­бек Ергөбектің қазақ балалар әде­биетіне сіңірген еңбегі, әдеби дамуға қосқан үлесі, сын сала­сындағы қызметі, қазіргі әде­биеттен қол үзбеуі және әде­би үдеріспен үздіксіз байланы­сы – мұның бәрі қадірлеуге лайық қызмет», деді.

Кездесу соңында Мем­ле­кеттік Елтаңбаның авто­ры, сәулетші-профессор Жан­дар­бек Мәлі­бекұлы Құлбек Ер­гө­­бекке Мемлекеттік Елтаңба бей­неленген арнайы төсбелгіні салтанатты түрде табыстады.

 

Ерлан КИІКБАЙ,

ЕҰУ студенті