• RUB:
    6.31
  • USD:
    512.34
  • EUR:
    582.07
Басты сайтқа өту
Мәселе 17 Сәуір, 2025

Жаңа Су кодексі өңірлерді жарылқай ма?

0 рет
көрсетілді

Сенат қарауына жіберілген жаңа Су кодексінде өзен-көл­дердегі бөгет иелерінің жауап­кершілігін арттырып, мем­ле­кеттік сарап­таманы күшейту көзделген. Депутаттар заң жобасы өңір­лер­де қалыптасқан су мәселелерін шешуге қау­қар­лы деген пікірде.

Су секторындағы ахуал мемле­кеттің су шаруашылығы саясатын, са­ланы басқаруды түбегейлі жетіл­діруді, қалыптасқан құры­лымды қай­та қарауды, су шаруашылығы субъек­­ті­лерінің функцияларын бөлуді, эко­номикалық қатынастардың жаңа те­тіктерін әзірлеуді талап етіп отыр.

Осы мәселені ескерген Парламент депутаттары былтырдан бері жаңа Су кодексін әзірлеуге кіріскен. Парламент талқысынан өткен құжатқа жақында мемлекет басшысы қол қойды.

Мәжіліс депутаты Нұржан Әшім­бетов­тің пікірінше, Су кодексі су бойла­рында салынған гидротехникалық құ­ры­лыстарды тиімді пайдалануға жол ашады. Әсіресе бірнеше жылдан бері шаруа­лардың бас ауруына айна­лып тұрған Павлодардағы Ақкөл-Жайыл­ма­ның мәселесін шешуде ма­ңызды рөл атқармақ.

«Су кодексінде гидро­техни­калық құрылыстардың, соның ішінде өзен бойларында бөгеттерді пайдаланып отырған жеке субъек­тілердің жауапкершілігін арттыруға мән берілген. Әсіресе су ай­дындарының арнасын бұрып, бе­кітіп тастайтындарға қатысты жаза кү­­шейтіледі. Жаңадан бөгет салуға ниеттенсе, әуелі мемлекеттік сараптама жүргізілуі керек болады. Еліміз аума­ғындағы қолданыста тұрған барлық ги­дро­тех­никалық құрылысты жыл сайын­ тек­се­рістен өткізу де көзделеді», дейді депутат.

Былтыр газетімізде Керекудегі Ақ­көл-Жайылма алқабы мен Ақтоғай ауданының қырдағы халқы бірнеше жылдан бері әділдік іздеп, талай меке­менің табанын тоздырып келгені туралы мәселе көтерген едік. Тарқата айтсақ, Өлеңті өзенін көршілес Ақмола облысы Ерейментау ауданының «Айдар» шаруашылығы бөгеп тастап, 80-ге жуық шар­уа қожалығын зар қақсатып отыр. Алайда су шаруашылығына жауапты министрлік пен саланың жергілікті ұйым­дары аталған мәселені шешуге қау­қарсыз болып шықты. Жұртшылық мұны «мал өсіріп отырған ағайынға қол­­дан жасалған қастандық» деп баға­лайды.

Нұржан Әшімбетовтің сөзінше, жаңа Кодекс бұл мәселені халық пайдасына қарай шешуге ықпал етеді.

«Өлеңті өзенінің суына тосқауыл қойып тастаған кәсіпкер бөгетке кеңес өкіметі тұ­сында пайдаланған жобалар пайдала­нылды деген сылтау айтқан еді. Бірақ оның зардабын ойдағы фер­мерлер тартты. Қолданыстағы заң бөгеттің жұмысын қайта қарау­ға мүм­кіндік бер­меді. Жаңа Су кодексі негізінде әлгі гидротехникалық ны­сан­­­ның құры­лы­сын қайтадан сараптамадан өткізіп, өзгері­с­тер енгізуге болады», дейді ол.

Еліміз былтыр 2030 жылға дейін су ресурстарын басқаруды дамытудың тұжы­рым­­дамасын бекіткені мәлім. Тұжы­­рымдамада 42 жаңа суқоймасын салу, тағы 37 суқоймасын қал­­пына кел­ті­ру жоспарланып отыр. Бұл 2 млрд тек­ше метр суды жинауға мүмкіндік береді.

Су ресурстары және ирригация министр­лігінің ақпарынша, қазіргі жағдайды, халықаралық тәжірибені ескере отырып, Тұжырымдама жобасында су ресурстарын басқару жүйе­сін дамыту көрінісі жеті тәсілмен айқындалған. Атап айтқанда:

– Су шаруашылығы инфра­құры­лымын жаңғырту және дамыту;

– Су ресурстарын пайдалану тиім­ділігін арттыру;

– Су ресурстарын басқару жүйесін ақпараттық-талдамалық қамтамасыз етуді жетілдіру;

– Экологиялық жағдайды жақсарту;

– Трансшекаралық ынтымақ­тас­тық­ты дамыту;

– Нормативтік-құқықтық базаны жетіл­діру, ғылыми-әдістемелік құжат­та­мамен қамтамасыз ету;

– Су саласындағы кадрлық қамта­масыз ету.

Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітовтің ай­туынша, Тұ­жы­рымдама 60 іс-ша­раны көздейтін іс-қимыл жоспарына сәйкес жүзеге асырылатын бола­ды. Ау­қым­ды, бастапқы кезектегі іс-шара­­лар­ды іске асыру 2030 жылға қарай 10 текше ша­қы­рымға дейін су жи­науға, үнем­деуге, сон­дай-ақ суармалы жер­лер­дің аума­ғын 2,5 млн гектарға дейін жет­кізуге мүмкіндік береді.

Ресми статистикада отандық ауыл шаруа­шылығының суды тұтыну үлесі жалпы су қорының 65%-ын құрайтыны көрсетілген. Су алу, өнімсіз шығындар деңгейі туралы ста­тистика суармалы егіншілікте суды ең тиімсіз пайдалану қарқыны байқалатынын көрсетеді. Жағдайды түзету үшін су үнем­деудің озық технологияларын енгізу керек. Фермерлерді су үнемдеу технологияларын қолдануға ынталандыру мақсатында Ауыл шаруашылығы министр­лігімен бірлесіп, су үнемдеу жүйелерін орнату, тамшылатып, жаң­бырлатып суару жабдықтарын сатып алу шығындарын субсидиялау үлесін ұлғайту жөнінде жұмыстар жалғасып жатыр.

 

Павлодар облысы