Астанада өткен Мәслихаттармен өзара іс-қимыл жөніндегі кеңестің кеңейтілген отырысы консультативтік-кеңесші органның Парламент пен мәслихаттардың бірлескен жұмысының маңызды әрі тиімді тетігіне айналғанын тағы да айқындады. Осы отырыстың «Агроөнеркәсіптік кешенді, ауылдық аумақтарды дамыту және қоршаған ортаны қорғау мәселелері» туралы секциясында бірқатар өзекті мәселе қамтылды.
Сенат жанындағы кеңестің құрылғанына биыл – 17 жыл. Биылғы отырыста секциялық және пленарлық сессиялар кезінде Парламент пен мәслихат депутаттары, Үкімет мүшелері, сарапшылар Мемлекет басшысының Мәслихат депутаттарының II республикалық форумында және Ұлттық құрылтайдың IV отырысында белгілеп берген міндеттерді іске асыру барысын талқылады. Сенаторлар мен мәслихат депутаттарының өзара іс-қимылын одан әрі жандандыру, жергілікті өкілді органдар қызметінің өзекті мәселелерін шешу және өңірлердің дамуына ықпал етудің маңызы айтылды.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев былтыр Мәслихат депутаттарының екінші республикалық форумында жергілікті өкілді органдардың алдағы міндеттерін айқындады. Жергілікті жердегі жағдайды жете білетін саяси институт, яғни мәслихаттың абыройы жоғарылап, беделі биіктей түсті. Және бұл үрдіс жалғасын тауып, жылдан-жылға мәслихат депутаттарына жүктелер міндет те ауырлай түсетіні анық. Бір анық нәрсе, алдағы уақытта да ел дамуына серпін беру бағытында мәслихат депутаттары өңірдің экономикалық саясатын күшейтуге серпін беруге тиіс. Кеңестің кеңейтілген отырысында бұл мәселе де қамтылды.
Қазақстан – әлеуметтік мемлекет. Демек бұл саладағы қадау-қадау түйткілді мәселелерді шешуде мәслихат депутаттарының тигізер көмегі зор. Өңірлерге бөлінген мемлекет қаржысының талан-таражға, тонауға түспей тиімді жолмен жоспарлы жұмсалуын да қадағалайтын – мәслихат депутаттары. Мемлекеттік басқарудың ашықтығы мен тиімділігін арттыруда, саяси институттарды дамыту ісіне де мәслихат депутаттарының қосар үлесі зор.
Мұндай кеңес не үшін керек? Ең алдымен, өзекті мәселелер бойынша тиімді шешімдер мен нақты ұсыныстар әзірлеу үшін мәслихаттар мен Парламент арасындағы ынтымақтастықты нығайту үшін керек. Елдегі саяси тұрақтылық пен басқару институтының жүйесін тиімді жолмен жандандыруда жергілікті орган – мәслихаттардың қызметін күшейту маңызды. Президенттің ұсынған «Күшті Президент – Ықпалды Парламент – Есеп беретін Үкімет» үштағанының аясындағы реформалардың жүзеге асуына да елеулі үлес қосып келеді. Енді мәслихат деген ұғымның ауқымы да кеңейе түседі. Бұған дейін тек өкілетті орган ретінде айқындалған саяси институт мемлекеттің ұстанымын жүзеге асыру жолында қоғам мен билік ортасында алтын көпір орнатып, кері байланысты да қамтамасыз етуге тиіс.
2022 жылы болған конституциялық реформаның жемісі деп мәслихаттардың дербестігін арттыруға негізделген өзгерісті айтуға болады. Реформаның нәтижесінде мәслихаттар жергілікті жердегі мәселелерді шешуде өкілеттілігі кеңейіп, тиісінше жауапкершілігі де жоғарылады. Өңірлердің инвестициялық ахуалын жақсартып, әлеуметтік саясат өрісіне қан жүгірту, бюджет қаражатын тиімді жұмсауды қадағалау мәслихаттардың қырағы бақылауында болуы керек. Мемлекеттік органдар қызметінің ашық болуын қамтамасыз етіп, ауылдық аумақтарды дамытудағы ілкімді істер мәслихаттардың стратегиялық саясатын күшейте түседі. Сенат жанынан құрылған Мәслихаттармен өзара іс-қимыл жөніндегі кеңестің жұмысы жанданса, Парламенттің өңірлермен қарым-қатынасы, байланысы беки түседі. Сенаттағы «Өңір» депутаттық тобының жұмысы аймақтағы мәселелерді оңтайлы шешуде де мәслихаттардың қосар үлесі зор.
Жергілікті жердегі әлеуметтік мәселелер, атап айтқанда, мектеп, аурухана, емхана, балабақша сынды әлеуметтік нысандардың уақытында салынып елдің игілігіне берілуін мәслихат депутаттары қадағалап, тиісті бақылауын жүргізуі керек. Жыры бітпейтін жол мәселесін де оңтайлы шешіп, тұрғындарды титықтатқан түйткілдің түйінін тарқатуда да мәслихаттар белсенді болуға тиіс.
Президент тапсырмасымен елімізде әкімдерді жергілікті жұртшылықтың сайлау арқылы тағайындау қарқынды жүргізіліп келеді. 2021 жылы енгізілген ауыл әкімдерін тікелей сайлау жүйесі арқылы бүгінде 2,5 мыңға жуық әкім тікелей сайлау жүйесі арқылы тағайындалды. Жергілікті тұрғындар өздері дауыс беріп, көңілі қалаған кандидатқа сенім артты. Ендігі жерде әкімдердің де құзыретін кеңейтіп, жергілікті мәслихаттардың да ауқымын ұлғайтып, саяси салмағын арттыру абзал. Әкімдерді сайлау арқылы тағайындау ісіндегі бір ілкімділік – бұрын-соңды мемлекеттік қызметте істемеген азаматтар да ел басқару ісіне араласты. Бизнесте жүрген, басқа салада да жемісті еңбек етіп келе жатқан азаматтар да атқа қонып, әкімдік лауазымды атқаруға кірісті. Әділетті Қазақстанды құру жолындағы маңызды қадамның бірі деп осы сайлау жүйесін айтуға болады. Алдағы уақытта мәслихат институты тек жергілікті жердегі басқару құрылымы ғана емес, қоғамдық дамудың да қозғаушы күшіне айналуға тиіс. Мемлекеттің нығаюына үлес қосатын маңызды қадамның бірі – мәслихаттардың әлеуетін арттыру.
Жанболат ЖӨРГЕНБАЕВ,
Сенат депутаты