«Байқоңыр» ғарыш айлағының 70 жылдығына орай Президенттік орталықта елордалық студенттердің ғарышкер, Халық қаһарманы, авиация генерал-майоры, «Бәйтерек» бірлескен кәсіпорнының басқарма төрағасы Айдын Айымбетовпен кездесуі өтті. Жиынға Ресей Федерациясының «Роскосмос» мемлекеттік ғарыш қызметі корпорациясының өкілі Геннадий Саенко да қатысты.
«Байқоңыр» мен «Бәйтерек»
Кездесудің кіріспе сөзінде Президенттік орталықтың директоры Бақытжан Темірболат аспан әлемін бағындырудағы «Байқоңыр» ғарыш айлағының маңызы мен 64 жыл бұрын тұңғыш адамзат баласының түпсіз-тұңғиық жұлдыздар патшалығына біздің даламыздан аттанғаны туралы әңгімеледі.
«Жердің апшысын қуырып, мың миллион азотты тесіп өтіп, бір ғаламнан екіншісіне зулап жететін зымыранның Байқоңырдан көтерілгеніне де 64 жылдан асты. Бүгінгі кездесудің мақсаты – жас ұрпақты жаңа ғылыми және техникалық жетістіктерге шабыттандыру, ғарыш саласының болашағы мен мүмкіндігін таныстыру. Бұл – ғарыш саласында мансап құруды армандайтын әрбір жасқа тамаша мүмкіндік», деді Б.Темірболат.
Жиын барысында Айдын Айымбетов студенттерге «Бәйтерек» ғарыш зымыран кешенінің қызметі туралы егжей-тегжей баяндап берді.
«Бұл кешен жаңа, экологиялық тұрғыдан таза «Союз-5» зымыран тасығыштарын ұшыруға бағытталған. Жоспарға сәйкес биыл желтоқсан айында аталған зымыранды сынақ ретінде алғаш рет ұшыру жүзеге аспақ. Елімізде ғарыш саласы тек зымыран ұшырумен шектелмейді. Біз ғылыми зерттеулер жүргіземіз, спутниктер құрастырып, оларға қызмет көрсетеміз, ал қазір спутниктік байланыс пен жерді қашықтан бақылау жүйелерін дамытып жатырмыз. Мысалы, «Қазгидромет» спутнигі жердің суреттерін түсіреді, ал байланыс спутниктері экология, ауыл шаруашылығы және төтенше жағдайларды басқару салаларына өте қажет», деді Айдын Айымбетов.
Сондай-ақ ғарышкер «Байқоңырдың» тек тарихи орын емес, әлі де жұмыс істеп тұрған маңызды ғарыш айлағы екенін екшеп айтты.
«Байқоңыр» – әртүрлі орбиталарға зымыран ұшыра алатын санаулы ғарыш айлақтарының бірі. Мұнда ондаған ұшыру алаңы, құрастыру-сынау корпустары, ұшуды басқару орталығы мен зертханалар орналасқан. Қазір Байқоңырды қайта жаңғырту жұмыстары жүріп жатыр. Қазақстан мен Ресей бірлесіп айлақты заманауи талаптарға сай жаңартуда. Бүгінде экологияға зияны аз жаңа отын түрлері қолданылып, жаңа өндірістік нысандар салынып, басқа елдермен де әріптестік кеңейеді. Осы жаңғырту аясында «Бәйтерек» бірлескен кәсіпорны маңызды рөл атқарады. Қазір біз жаңа ғимараттар салып, зымыранның құлау аймақтарын ұйымдастырудамыз. Бұл экология мен қауіпсіздік үшін аса маңызды. Сондай-ақ мамандар даярлауға да баса назар аударып отырмыз. Қазір 150-ге жуық жаңа жұмыс орны ашылды. Бізге инженер, техник, телеметрия және қауіпсіздік мамандары, электрмеханика саласындағы қызметкерлер қажет. Жұмыс орындарынан бөлек, тағылымдамадан өту, инновациялық жобаларға қатысу мүмкіндігі де ұсынылады. Ғарыш саласы инженерлерге ғана емес, ІТ мамандарына, экологтерге, аналитиктерге, материалтанушыларға да мол мүмкіндік ұсынады», деді Айдын Айымбетов.
Ал Ресей Федерациясының «Роскосмос» мемлекеттік ғарыш қызметі корпорациясының өкілі Геннадий Саенко екі ел арасындағы ынтымақтастықтың негізгі бағыттарына тоқталды. Ол «Байқоңыр» кешеніндегі пайдаланылмайтын жер телімдері мен нысандарды біртіндеп Қазақстанға қайтару жұмыстары жүріп жатқанын айтты. Сондай-ақ Байқоңыр қаласының экологиялық мәселелерін шешу және ғарыш айлағы аумағында туризмді дамыту да басты міндеттердің қатарында екенін атап өтті.
«1994–1995 жылдары екі ел арасында Байқоңырды жалға алу туралы келісімдер жасалды. Қазір Ресей жыл сайын шамамен 115 миллион доллар төлем жасайды. Жалдау мерзімі 2050 жылға дейін ұзартылған. Бірақ нақты қанша уақытқа созылатыны алдағы шешімдерге байланысты. Қазақстанға біртіндеп жер учаскелері мен мүліктерді қайтару үдерісі жүріп жатыр. Мысалы, былтыр Солтүстік Қазақстан мен Ақмола облыстарындағы құлау аймақтары қайтарылды. Байқоңыр қаласы туралы да айта кетейін. Мұнда 50-60 мың адам тұрады, оның 14 мыңы – Ресей азаматтары, қалғаны – Қазақстан азаматтары. Қалада сумен қамту, кәріз жүйелері жаңартылды, алдағы жылы жылу жүйесін жаңғырту аяқталады. Экология мәселелерімен де жұмыс қарқынды жүргізіліп жатыр», деді Геннадий Саенко.
Ғарышкермен сұхбат
Осыдан соң кездесу сұрақ-жауап форматында жалғасты. Университет студенттерімен кездесуде Халық қаһарманы мәлім де беймәлім ғарыш әлемі, ғарышкер болудың қыр-сыры жайында әңгімелеп, қатысушылар тарапынан қойылған сұрақтарға жауап берді.
– Есімім Байсал. Қазір мен Астана IT университетінде менеджмент мамандығы бойынша бакалавриаттың 3-курсында оқып жатырмын. Ғарыш саласындағы жобаларға қалай қосылуға болады? Жұмысқа орналасу мүмкіндігі қандай?
– Қазір бос орындардың тізімі және талап етілетін құжаттар тізімі ресми сайтта жарияланған. Әрине, кейбір басшылық қызметтерге тәжірибе талап етіледі. Бірақ жалпы инженерлік немесе техникалық мамандықтарға жас мамандарды тарту – біздің басты мақсатымыздың бірі. Өйткені түлектер тәжірибесіз келгенімен, оларды жұмыс барысында үйретуге болады. Сондықтан біз жас кадрларды өзіміз тәрбиелеуді қолға алдық. Әрине, Байқоңырдың ауа райы мен табиғи ерекшеліктері бар, бірақ нағыз ғарыш саласын армандағандарға бұл – үлкен мүмкіндік. Біз жұмысқа қабылданғандарға тұрғын үй мен қаржылық жағынан қолдау көрсетеміз. Оқу мен тағылымдама мәселесінде де көмек береміз. Бірақ негізгі шарт – Байқоңырда өмір сүріп, жұмыс істеу керек. Бүгінде ғарыш саласына жастарды тарту барлық елдегі маңызды мәселе. Мысалы, «Роскосмос» кәсіпорындарында 70-80 жастағы ардагерлер әлі де жұмыс істеп жүр, өйткені жастар жеткіліксіз. Мұндай қиындық бізде де бар. Сол себепті университеттермен байланыс орнатудың маңызы зор. Қазірдің өзінде еліміздің жетекші университеттерінде ғарыш техникасы және технологиялары бойынша кафедралар ашылған.
– Есімім Нұрғиса. Астана IT университетінің бірінші курс студентімін. Ғарышкерлер ғарышқа ұшпас бұрын арнайы дайындықтан өтеді. Сол жаттығулардың ішінде сіз үшін ең қиыны қайсысы болды?
– Шын мәнінде, барлық жаттығу оңай болған жоқ. Бірақ солардың ішіндегі мына бір күрделі жаттығу есімнен еш кетпейді. Дайындық барысында бізді арнайы орындыққа отырғызып, 365 градуста оңды-солды айналдырады. Екі минуттың ішінде адамда жүрек соғысы жиілеп, қан қысымы көтеріледі, жүрек айниды. Ал біз бұл жаттығуға 45 минут бойы төзуіміз керек еді. Енді ар жағын өзіңіз елестете беріңіз. Бірақ бұл машықты күн сайын қайталап, бір ай ішінде қалыпты жағдайға үйреніп кеттік. Екінші қиын жаттығу – теріс гравитация жағдайына бейімделу. Яғни төсекте аяғы көтеріліп, бас төмен қараған күйде ұйықтаймыз. Бұл қан айналымын басқа бағыттайды. Ғарышта тартылыс күші болмағандықтан күні-түні ауада қалықтап тұрасың. Әдетте жастық жастанып, басымызды ыңғайымызша қисайтып, ұйқыға бас қоямыз ғой. Ал ғарышта басыңды қалаған жағыңа қисайтып ұйықтай алмайсың. Тек сұлық жатып ұйықтап кетесің. Психологиялық дайындық та оңайға соқпайды. Сонымен қатар ғарыш кемесінің барлық жүйесін терең білу талап етіледі. Ғарышкер тек құрылғыны пайдаланушы болмауы керек, ол істен шыққан құрылғыны жөндей де білуге тиіс. Жер бетінде 4 деген бағаға білген нәрсеңді ғарышта 3-ке білесің. Жерде 3-ке оқысаң, ғарышта ештеңе білмейсің. Сондықтан ғарышкер болу үшін емтихандағы ең төменгі баға – бес. Одан төмен оқыған адам бұл сапарға жіберілмейді. Міне, ғарышқа дайындық осындай қиын әрі жан-жақты машықтан тұрады.
– Есімім Құндыз. «Тамос» ғарыш мектебінің оқушысымын. Сіз ғарышқа ұшқанда қандай ғылыми-тәжірибелік сынақтар жүргіздіңіз? Ғарыштан оралғаннан кейін дүниетанымыңызда қандай да бір өзгеріс болды ма?
– Ғарышкерлердің күн тәртібі өте қатал тәртіппен белгіленеді. Әр минутына дейін жоспарланған. Күн сайын Ұшуды басқару орталығынан тапсырмалар келіп, келесі күннің бағдарламасы бекітіледі. Өзгермейтін нәрсе — ұйқы мен тамақ ішу уақыты ғана. Ал қалған уақытта тәжірибе жүргізу, борттық құрылғылармен жұмыс істеу секілді міндеттер атқарылады. Әр тапсырманың қатаң мерзімі бар. Ғарыш кеңістігіне көтерілгенде физика-техникалық, медико-биологиялық 20-ға жуық ғылыми тәжірибе жүргіздім. Бұлардың бәрі – отандық ғылымды дамытуға аса қажет жобалар. Тәжірибе барысында кейбір заттардың тартылыс күшінен тыс ғарыш кеңістігінде қандай күйге түсетінін бақылап, оны бейнатаспаға түсіріп, ғалымдарға жеткіздім. Сонымен қатар ультракүлгін сәулелерді көретін арнайы камерамен ғарыш кеңістігіндегі гамма сәулелерін түсірдім. Бұл зерттеудің медико-биологиялық маңызы зор. Екінші сұраққа келсек, біз жер бетінде жүргенде Жер-Ананың шеті мен шегі жоқ кең дүние деп елестетеміз ғой. Ал ғарыштан қарағанда Жердің қаншалықты кішкентай әрі нәзік екенін сезесің. Біз адамдар шекара сызып, қару ұстап, бір-бірімізбен соғысып жүрміз, ал ғарыштан қарағанда бәріміз бір ғаламшардың тұрғындарымыз. Мен ғарышта болғанда, әртүрлі елдерден келген 9 адам бірге жұмыс істедік. Бірақ бәріміз өз елімізге емес, Жерге ораламыз деп ойладық. Осы тұрғыдан алғанда жан дүниемде біраз өзгеріс болды.
– Есімім Нұртай. Мен Астана халықаралық университетінің «Data Science» мамандығында оқимын. Ғарыш саласында жасанды интеллект қаншалықты маңызды?
– Өте орынды сұрақ. Осы күні жасанды интеллект тек ғарыш әлемінде ғана емес, өмірдің барлық саласында қолданыла бастады. Себебі қазіргі заманда ақпарат көлемі өте үлкен. Ақпаратты қабылдап қана қоймай, оны өңдеп, сараптап, дұрыс шешім қабылдау қажет. Адам миының мұндай ауқымды ақпаратты өңдеуі өте қиын. Ғарыш саласында да дәл солай. Қазір Илон Масктің есімі бәрімізге таныс. Оның ғарышты игеру, бірнеше рет ғарышқа барып келе алатын кеме жасау, азаматтық орбита стансаларын салу, т.б. идеялары жасанды интеллектімен тікелей байланысты. Біз де осы көштен қалмауымыз керек. Қазір Айдың бетінен де ғарыш айлағын салу туралы ойлар көтеріліп жатыр. Жерден ұшып шыққан ғарыш кемесі Айға тоқтап, жанармай құйып алып, одан әрі қарай ұшып кету мүмкіндігіне жетуіміз кәміл. Осы және басқа да ғарыштық зерттеулер өзге ғылым салаларының дамуына ықпал етеді. Болашақта, шамамен 2035 жылға қарай, бірқатар ел Ай бетінде жұмыс істей бастайды деген де болжам бар. Бұл жаңа «ғарыштық жарыстың» басталуы болмақ. Айда атмосфера мен тіршілік жоқ, сондықтан ол – ғылым үшін, зерттеулер үшін таптырмас орын.
Әңгімелескен –
Бекзат ҚҰЛШАР,
«Egemen Qazaqstan»