• RUB:
    6.31
  • USD:
    512.34
  • EUR:
    582.07
Басты сайтқа өту
Пікір 09 Сәуір, 2025

Қарақат Әбден: Нөлдік ҚҚС аграрлық салаға қауіп төндіруі мүмкін

80 рет
көрсетілді

Бүгін Мәжілісте жаңа Салық кодексінің жобасы талқыланып, депутат Қарақат Әбден еліміздің агроөнеркәсіптік кешеніне (АӨК) қатысты салық саясатының маңыздылығына тоқталды. Оның айтуынша, ұсынылған заң жобасы аграрлық саланың тұрақты дамуы мен ауылдағы кәсіпкерліктің өркендеуіне тікелей әсер ететін стратегиялық құжат, деп жазады Egemen.kz.

«Ауыл» партиясының фракциясы Парламенттегі жұмысының алғашқы күндерінен бастап ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің салықтық жағдайын жақсартуды жүйелі түрде көтеріп келген. Фракцияның белсенді ұсыныстары Үкімет тарапынан ескеріліп, тиімді диалог орнағаны атап өтілді.

«Бүгінде фракциямыз ұсынған ұсыныстардың едәуір бөлігі ескеріліп, Үкіметпен орнаған өзара тиімді, әрі сындарлы әрекеттестік үшін ризашылығымызды білдіреміз», деді депутат.

Дегенмен, фракция маңызды бір мәселеге ерекше назар аударуды ұсынды. Атап айтқанда, Үкіметтің ауыл шаруашылығы өнімдеріне нөлдік мөлшерлеме бойынша ҚҚС енгізу бастамасына қатысты бизнес өкілдері алаңдаушылық білдіріп отыр.

«Біз аграрлық бизнес субъектілерімен жан-жақты сараптамалық жұмыс жүргіздік. Кәсіпкерлер тарапынан көптеген өтініш келіп түсті. Олар нөлдік ҚҚС мөлшерлемесі аграршылар үшін қосымша қиындықтар туғызатынын, бұл шара шын мәнінде салықтық жүктемені арттыратынын жеткізді», деді Қарақат Әбден.

Оның айтуынша, ҚҚС-тан толық босату мен нөлдік мөлшерлеме – екі түрлі салықтық режим, әрі олардың салдары да мүлде бөлек. Нөлдік мөлшерлеме жағдайында ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер кірістегі ҚҚС-ты қайтарып алу мүмкіндігінен айырылады. Бұл әсіресе өндіріс шығыны жоғары әрі маусымдық сипаттағы сала үшін өте сезімтал мәселе.

Фракция ұсынған балама шешім

«Ауыл» партиясы фракциясы ҚҚС мөлшерлемесін 16% деңгейінде сақтап, сонымен қатар салықтық есептен шығару үлесін бұрынғы 70%-дан 80%-ға дейін арттыруды ұсынды.

«Бұл – салықтық жүктемені жеңілдетудің нақты механизмі. Бір жағынан фискалдық тәртіп бұзылмайды, екінші жағынан ауылдағы кәсіпкерлердің қаржылық тұрақтылығы сақталады. Ең бастысы бұл салада инвестициялық мотивация жоғалмайды», деді депутат.

Сонымен қатар, Қарақат Әбден аграрлық сала субъектілеріне салықтық режимді өз еркімен таңдауға мүмкіндік берілуі тиіс екенін атап өтті. Ол Үкіметтің арнайы салық режимін енгізіп, ауыл кәсіпкерлері үшін жеңілдікті шарттар жасағанына ризашылық білдірді. Бұл нормалар ауылдағы шағын және орта бизнестің тұрақтылығы мен дамуына елеулі қолдау болатынын да атап өтті. 

«Ауыл» партиясы заң жобасының екінші оқылымында  белсенді қатысып, агроөнеркәсіптік кешен мүддесіне сай тетіктерді құқықтық әрі экономикалық тұрғыдан жетілдіру үшін нәтижелі жұмыс жүргізуге дайын екендігін мәлімдеді.

«Біздің басты мақсатымыз — ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің мүддесін ескеретін, сонымен бірге ұлттық экономиканың ұзақ мерзімді басымдықтарына сай келетін теңгерімді салықтық режим қалыптастыру», деді Қарақат Әбден.

Қарақат Әбден сөз соңында аграрлық сектордың ел дамуындағы орны ерекше екенін атап өтіп, фракция атынан Салық кодексінің бірінші оқылымын қолдауға шақырды.

«Ұсынылып отырған заң жобасы – стратегиялық маңызды құжат. Сондықтан біз, «Ауыл» фракциясы, оны қолдаймыз және әріптестерімізді де бірлік пен ынтымақтастық танытуға шақырамыз», деді ол.