• RUB:
    6.31
  • USD:
    512.34
  • EUR:
    582.07
Басты сайтқа өту
Шахмат 02 Сәуір, 2025

Жолдама Алматыда сарапқа салынады

26 рет
көрсетілді

2-10 сәуір аралығында Алматы қаласында шахматтан Азия аймағы бойынша әлем кубогінің іріктеу турнирі өтеді. Оған елімізден бөлек, Өзбекстан, Қырғызстан, Түрікменстан, Тәжікстан, Ауғанстаннан келген 136 ­(94 ерлер, 42 әйелдер) ойыншы қатысады.

Осыдан екі жыл бұ­рын Тәжік­стан­ның бас шаһары – Душанбеде ұйым­дас­тырылған іріктеу сайыстарында небәрі үш жолдама сарапқа салынған еді. Ол кезде жерлестеріміз Әсел Серікбай мен Әлішер Сүлей­менов, өзбекстандық Нодир­бек Якуббоевтың бағы жанып, әлем кубогіне қатысу құқығын жеңіп алды. Биыл лицензиялар саны жетіге жетіп отыр. Алматы­дағы жарыстың қоры­тын­дысы бойынша Нью-Дели­дегі додаға (1-26 қараша) төрт жігіт қатысса, үздік шыққан үш қыз Бату­ми­дегі бәсекеде (5-29 маусым) бақ сынайды.

Жарыстың жүлде қоры 20 000 АҚШ долларын құрайды. Ерлер мен әйелдер арасындағы жарыстың жеңімпаздары 3 мың доллардан иеленсе, екінші, үшінші орын алғандарға 2,5 мың мен 1,5 мың доллар тиесілі. Сон­дай-ақ төртінші (1,2 мың­ доллар), бесінші (1 мың доллар), алтыншы (800 доллар) орын ал­ған­дарға да сыйақы беріледі.

Еліміздің туы астында ерлер арасында Қазыбек Нөгербек (GM, 2530 ұпай), Әлішер Сүлейменов (GM, 2484), Рамазан Жалмаханов (GM, 2482), Жандос Ағманов (IM, 2469), Арыстанбек Оразаев (IM, 2467), Эдгар Мәмедов (IM, 2456), Азамат Өтеғалиев (IM, 2456), әйелдер сайысында Меруерт Камалиденова (IM/WGM, 2355), Алуа Нұрман (WGM, 2336), Лия Кұрманғалиева (FM/WGM, 2272), Ксения Балабаева (WGM, 2270), Елназ Қалиахмет (WGM, 2241), Әсел Серікбай (WIM, 2235), Аяулым Қалдарова (WFM, 2204), Зарина Нұрғалиева (WFM 2178) өнер көрсетеді.

Өзбекстан құрамасы да өзінің мықты шахматшыларын Алатау баурайында әкеле жатыр. Аталған турнирде бақ сынайтындар арасында Мұхиддин Мадаминов (GM, 2550), Әбдімәлік Әбдісәлімов (GM, 2525), Ортик Нигматов (GM, 2501), Мұхаммадзохид Суяров (IM, 2474), Саидакбар Сайдалиев (M, 2461), Афруза Хамдамова (WIM, 2350), Умида Омонова (WIM, 2242) сынды шеберлер бар. Сондай-ақ Түрікменстанның сапындағы Сапармұрад Атабаевты да (IM, 2529) ерекше атап өтуге болады.