Қазақтың ұлт киімі – ғасырлармен бірге жасап, ел талғамын қалыптастырған құндылық. Жаңа заман иірімінде оны жаңғыртып, әрлеп-сәндеп тұтынушы сұранысына сай өзгертіп тігіп жүрген шеберлер бәсекелестікті арттырып, аталған саланы дамытып келеді. Маңғыстауда Ұлыстың ұлы күнінде ұлттық киімнің мерейі аспандап, мәртебесі артты. Қазақтың ұлттық киімі Гиннесс рекордтары кітабына еніп, әлемдік деңгейде танылды.
Нақтырақ айтсақ, жадағай, ішік, бешпет, тон, кәжекей, қос етек көйлек, бүрмелі көйлек, тақия, сәукеле, бөрік, шоңқайма етік киіп, теңіз жағалауында сап құрған 5 мың адам «Қазақ ұлттық киімімен бас қосқан ең көп адам» аталымы бойынша Гиннесс рекордын орнатты.
«Best Fest Nauryz» атауымен өткен шараға тіркелушілер аз болған жоқ, әйтсе де тек солардың арасынан 5 мың адам ғана қазақ халқының мәдени мұрасын әлемдік деңгейде насихаттауға өз үлесін қосуға мүмкіндік алды. Олардың қатарында түрлі сала мамандары, этнос өкілдері, қариялар, сондай-ақ өңірдің шалғай ауылдары мен еліміздің өзге облыс, қалаларынан арнайы келген тұрғындар да бар. Ерлі-зайыптылар, ене мен келін, анасы мен қызы сынды жұптасып келгендер де бар.
Тіркеуден өткен қатысушылар арнайы жасақталған алаңға жиналып, Ұлыбританиядан келген Гиннестің рекордтар кітабының ресми өкілдері есеп жүргізді. Бірнеше сағатқа созылған санау нәтижесінде қойылған талаптардың толық орындалғаны расталып, еліміздің жаңа әлемдік рекорд иесі атанғанын дәлелдейтін арнайы сертификат табысталды. Жаңбырлы күннің теңіз жағалауындағы лебі салқын болды, алайда ұлттық киіммен жайнаң қағып, күлімдеген қалың адамның көңіл күйі мен патриоттық сезімі тоңу мен алаңды тастап кетуге жол берген жоқ. Қатысушылар сағаттап тұрып, санақтың сәтті аяқталуына бір кісідей атсалысты.
Бірнеше сағатқа созылған іс-шара нәтижесінде рекорд сертификатын қабылдап алған Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай бұл тарихи оқиғаның ұлтымыздың мәдени мұрасын халықаралық деңгейде танытудағы маңызын айтып, жиналғандарды Ұлыстың ұлы күнімен құттықтады.
«Ұлыстың ұлы күнінде тарихи сәттің куәсі болып отырмыз. Қазақ халқының терең тарихы мен бай мәдени мұрасын, ұлттық дәстүрімізді жер-жаһанға паш еттік. Маңғаз Маңғыстауымызда қазақтың ұлттық киімінен әлемдік рекорд орнады. Осынау зор жетістікпен барша отандастарымызды құттықтаймын! Қазақ халқының мәдениетін насихаттауға атсалысқан бастамашы топқа, Лондон қаласынан арнайы келген Гиннестің рекордтар кітабының өкілдеріне және рекорд орнатуға үлес қосқан барша қатысушыға алғыс білдіремін!
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Бурабайда өткен IV Ұлттық құрылтайда ұлттық бірегейлігімізді нығайту жолында Наурыз мейрамының орны айрықша екенін атап өтті. Президентіміздің бастамасымен Наурыз мерекесі туралы жаңа тұжырымдама әзірленді. Еліміз Ұлыстың ұлы күнін 14 наурыздан, яғни Амал мерекесінен бастап 10 күн бойы атап өтеді. Күн менен түн теңеліп, Жер-ана жаңа күйге еніп, тіршілік атаулы оянып, айнала мәре-сәре болатын Ұлыстың ұлы күні –жыл бастауы әз-Наурыз баршаңызға құтты болсын, ағайын!» деді өңір басшысы Нұрдәулет Қилыбай.
Маңғыстау облысы әкіміне арнайы сертификатты табыстаған Гиннестің рекордтар кітабының ресми өкілі Ричард Стэннинг қазақ халқын тамаша нәтижеге қол жеткізуімен құттықтады.
«Құрметті қазақстандықтар, халқыңыздың басты мерекесі – Наурыз мейрамында рекорд жасадыңыздар. Бүгін қазақ елінің салт-дәстүрге берік екеніне, рухты, талғамы жоғары халық екеніне куә болдым. Іс-шара да өте жоғары деңгейде ұйымдастырылған. Тарихи оқиға жасауларыңызбен шын жүректен құттықтаймын», деді ол.
Ұлттық киім ұлт мерейін көтерді. Сандықта жатқан 50–70 жыл бұрынғы, әке-шеше, ата-әжелері тіккен, киген киімдерін киіп шыққан қатысушылар да, іс-шараны тамашалаушылар да мәз.
«Іс-шараға анаммен бірге бардым. Көненің көзі анам – қолы ұсынақты, шебер адам. Кешегі күні қуанышы қойнына сыймады деуге болады. Күн салқын болса да, әдемі, сапалы, табиғи киім мен маңызды іс-шараның әсерінен тоңғанымыз жоқ. Салтанат жоғары деңгейде өтті, қазақтың киімі әлемдік рекорд орнатып, мәртебемізді арттырды. Халқымыздың, ұлттық киіміміздің абыройын асырған тарихи оқиғаға қатысып, сәл де болса үлесімді қосқаныма қуанамын», дейді қатысушы ұстаз Шынар Түйешиева.
Іс-шара Маңғыстауда өткенімен, Гиннестің рекордтар кітабына енген – қазақтың ұлттық киімі. Ортақ қуанышқа ел болып қуану жарасымды.
Маңғыстау облысы