• RUB:
    6.34
  • USD:
    510.58
  • EUR:
    571.8
Басты сайтқа өту
Зерде 05 Наурыз, 2025

Талдыбейіт тағылымы

510 рет
көрсетілді

Қоңыр күз. Алаштың үш арысы Әлихан, Әлімхан, Жақып туған Ақтоғай өңірі табиғаттың осынау тамаша мезгілінде ерекше құлпырып, төңірек алтын түстес кейіпке енген. Алматы жақтан Алаш көсемі Әлиханның туған інісі Смахан төренің кенже ұлы Балабаршын ақсақал ата-бабасының кіндік қаны тамған жерге келіп кетуді ұйғарыпты...

Қоңыр күздің жаймашуақ күн­дері жаныңды жадыратады. Со­нау көз ұшында Ақсораң маң­ғазданып тұр. Одан беріде Бегазы шыңы көлбеңдейді. Іргеде Жіңішке өзені ағып жатыр. Дәл осы өзеннің бойында атақты Талдыбейіт – төрелердің зираты тұр. Одан әрі – Желтау. Әлиханның кіндік қаны тамған киелі мекен – осы жер.

Ақтоғайдағы археологиялық-этногра­фиялық мұражайдың сол тұстағы дирек­торы Тұңғышбай Мұқан: «Біраз жыл бұ­рын Ас­танада Әлихан Бөкейханға ар­налған ғылыми-практикалық кон­ферен­ция өтті. Сол жиынның алғашқы бөлімінде Әлекеңнің саяси қызметі жөнінде әңгіме қозғалды. Соның басы-қасында жүрген сол тұста жауапты саяси қызметте болған Ерлан Қарин еді. Кейінірек ол Ақтоғай өңіріне сапарлай келді. Негізгі жоспары түркі дәуірінің мұраларын, балбал тастарды зерттеу екен. Біз сол сапарда Ерлан Тынымбайұлына Әлекеңнің кіндік қаны тамған мекен мен бабалары жерленген Талдыбейіт қорымы осы маңда екенін айттық. Ол сәл ойланып: «Бүгінгі мақса­тым – балбалдарды зерделеу. Әлекең туған жерге жолай соққаным жарамас. Арнайы келуім керек», деді.

«Қызмет бабы мойын бұрғыза ма, қайтып келер ме, келмес пе екен» деген ойдың қылаң бергені де шындық. Бір күні ойда жоқта Ерлан бауыр телефон соқты. «Тұңғыш аға, мен Әлекеңнің басына келе жатырмын. Жолға шықтым», дейді. Күтіп алдық. Даланың көдесі жол талғамайтын көліктің астына оралып, қа­уіп-қатер туғызады. Бірнеше көлік осындай жағдайдан өртеніп те кеткені бар. Әлсін-әлсін астынан көдені алып, тазалап отыру керек. «Ерлан бауыр, мына көдені тазалап отырайық», десем, «Ештеңе етпейді, Әлекеңнің аруағы қолдайды» деп тарта берді. Сол жолы ол Әлекеңнің туған жерін аралап, бірқатар тарихи деректі зерделеп қайтты», дейді.

Тұқаң тыныстап алып, әң­гімесін әрі қарай сабақтады. «Алаш қайраткерінің ата-бабалары мәңгілік мекен еткен қорымды «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында қамқорлыққа алдық. 2011 жылы Қарағанды облыстық мәдениет басқармасының жа­нындағы тарихи ескерткіштерді қорғау инспекциясы арнайы бөлінген 3,5 млн теңге қаржыға қоршау тұрғызды. Ол қор­шау әлемдік талғамға сай келетін жаб­дықтан жасалды. Мазарды өзгертуге болмайды. Мазардың сыртқы түбі бетонмен қапталды. Мазардың жиегіне Әлекеңнің ата-бабалары мекен еткен Жел­таудың жақпар тас­тарынан тө­сеніш жасалды. Ғалымдар зерттеу жүргізіп, Әлекеңнің ата-бабалары мекен еткен 4 қыстақтың орнынан Мұқанның қорасы деп аталған Желтаудың баурайындағы орын таңдап алынды. Ел аузынан естіген Әлекең отырған таң­балы тас та осы жерде. Неге таңдап алын­ды? Себебі бұл жердегі қо­рым­ның рево­люцияға дейін, ХІХ ғасырда салынғаны дерек­термен айғақталды. Ғылыми тұрғыда дәлел­ден­гендіктен, осы жер, яғни Жекежал Әле­кеңнің кіндік қаны тамған орын деп белгіленді. Жеке­жал Қасым қорасынан алыс емес».

Тұқаң жол бастады. Аудан әкімдігінің жігіттері Қайрат, Сай­лау, Самат, редактор Мүсір­кеп, Әлекеңнің тағы бір ұрпағы Қазыбек, жас журналист Қуаныш, жастар жетекшісі Әлішер Бала­баршын ағамызды қолтықтап алған. Ата-баба қыстауына табаны тиген соң, Балабаршын ағамыз жадырай түсті.

Осы жерде Әлекең мектеп ашқан. Мына төменгі Тоқырауын өзенінің бойындағы Қарасуда Бижанның Қасені де мектеп ашқан. «Әлихан бала оқытып жатыр» деген хабарды естіген соң, сол Бижанның Қасені осы мектепке оқулықтар әкеліп тапсырған. Көріп тұрғандай, ескі қыстаудың орны әжептәуір ауыл болғанын көрсетеді. Әлекең отырған құс тастың басына шықтық. Сонау көз ұшында көлбей жатқан Қы­зыларай, Бегазы таулары алақанға салғандай анық көрінеді. Іргеде атақты Керегетас тұр. Оның ар жағында Майлықтың қара шоқысы, одан әрі көз салсаңыз, Қар­шығалы тауларын да байқай аласыз. Дәл осы арада отырып Әлекең бүкіл әлемді көңіл елегінен өткізіп, шолып отырған ғой.

* * *

Асылдың сынығы Балабаршын Сма­ханұлы Талдыбейіттің басына барғанда шешіліп, біраз мәселені жүйелеп айтып берді. Талдыбейітте кімдер жатыр? Құлпытастағы жазулар нендей сыр шер­теді? Осының бәріне Балабаршын ағамыз тиянақты жауап берді. Қолындағы қағазды анда-санда мұқият қарап қояды.

«Біз тұрған жердің Талдыбейіт деп аталуының да өзіндік тарихы бар. Әкесінің қазасы туралы хабар жеткенде, Омбыда қызметте жүріп, топырақ сала алмаған үлкен ұлы Әлихан кештетіп келіп, бейіт басына сонау Бразилияда өсетін ағаштың үш түп жас шыбығын әкеліп еккен екен. Содан бұл қорым Талдыбейіт аталып кеткен. Сол ағаштар осы күнге дейін өсіп тұр. Әлекеңнің әулеті туралы әңгіме қозғалғанда, сонау Шыңғысханнан бастау алатын төре әулетінің 23-ұрпағы екенін естен шығармауымыз абзал. Дүниежүзілік Шығыстану зерттеушілерінің ғылыми еңбек­терінде дәлелденген.

Атақты Барақ сұлтанның баласы – Бөкейхан. Бөкейханның 11 ұлының бірі – Батыр сұлтан. Батырдан Рүстем, Әшімтай, Мыр­затай. Мырзатайдан – Нұрмұ­хамед, Әбдіхан, Қоске, Шолақ. Нұр­мұхамедтен – Әлихан, Әзі­хан, Тәттіхан, Нұрбек, Смахан, Базылхан тарайды.

Рүстем орысқа қарамаймын деп болыстығын тастап, інілері Бексұлтан мен Мырзатайды ер­тіп, Кенесары Қасымұлы баста­ған ұлт-азаттық көтерілісіне қа­тынасады. Кенесары Ақмола­ны алғанда Бөкейдің бес немере­сі қолбасшымен қоян-қолтық бірге жүреді.

Содан 1858 жылы Рүстем, Мырзатай Тоқырауынға Сарым ішіне келіп, үлкен Желтау айналасын, Тоқырауын, Ақтұмсық, Аяқ Сарытерек, Қызыл Ашықты алыпты. Сарым Шабанбай би әулетінен шыққан Шоңбаймен жақсы қарым-қатынаста болады. Шоңбай 27 жыл (9 сайлау) үзбей болыс болған. Кейініректе тіпті құдандалы болып, туыстығы нығая түс­кен», дейді Балабаршын Смаханұлы.

Бұдан соң ол Талдыбейіттегі Әлекең­нің ата-аналары мен туған-туыстарына қо­йылған көктас­тардағы араб графикасымен жа­зылған деректердің аудармаларына тоқталды. Оның айтуынша, құлпытастағы жазуларды алғаш Шабанбай би ауылының тумасы Айдаржан Балтабайұлы ескіше қаріптен кирилл графикасына көшіріп, хатқа түсірген екен.

1-тас (оңтүстікте):

Бөкейхан тұқымы Нұрмұхамед ханымы Бегежан (Тобықты Мамай батыр ұрпағы) 77 жасында, 1918 жылы 27 сентябрьде дүниеден өтті.

Жетім менен жесірдің,

Жел жағында панасы.

Ық жағында қаласы.

Тоңғанда болған тон,

Жүдегенде болған өң,

Шөлдегенде болған сусын,

Жылағанның анасы,

Жығылғанның сүйеніші,

Сүйіскеннің сәулесі,

Бегжекем тасы осы жерде,

Тау Желтау, өзен Жіңішке.

Тасты жаздырған: баласы Смахан.

2-тас:

Шыңғысхан... Бөкейхан, Батыр, Мырза­тай, Әбдіхан – 1926 жылы март 22 рамазан шариф, сегізі, дүйсенбі күні 84 жасында дүниеден өтті һәм немересі Қасымхан баласы Өсумұрат 17 (сиыр) рамазан шариф үшінші сәрсенбі күні 7 жасында офат болды. Ғұмыр сүрген жері Сарыарқа, Қарқаралы уезі, жұрты қаракесек, туған жері Тоқырауын, Желтау. Бұл тасты қойған жері Жіңішке өзені, Тоқырауын тарауы.

Тас жаздырушы: Зейнеш, Нұр­жәмила, Заза, Шәһиза, Серік, Қасымхан.

Рүстем төре 1884 жылы 84 жасында қайтыс болған. Бейіті Аяқ Сарытеректе.

Батырұлы Рүстем ұрпақтары – Сона, Қаратал, Қоңырат елді мекендерінде жерленген.

3-тас (толық аударылмаған):

...Шыңғыс әулеті, Бөкейхан аруағы марқұм Сұлтан Нұрмұ­хамед Мырзатайұлы 1839 жылы дүниеге келді, 1901 жылы 1 апрельде және Хижрад 1318 зумжджа шариф 25-ші жексенбі күні 62 жасында бұл дүниеден о дүниеге сафар қылды.

4-тас:

Шыңғысхан, Жошыхан... Бөкей­хан, Батыр, Мырзатай. Сұл­­тан Мырзатай 1913 жылы 12 мартта 93 жасында опат болды. Шыңғысхан, Жошыхан нәсілінен ғұмыр сүрген жері Сарыарқа уезі, Қарқаралы. Бабасы Бөкейхан, жұрты қаракесек. Туған жері То­қырауын. Бұл тасты қойған жері Жіңішке өзені, Тоқырауын тарауы.

Тасын жаздырушы немересі: Ғалихан, Әзіхан, Базылхан, Қа­сымхан, Мәнерхан, Әдіхан, Мәтхан, Смахан – Нұрмұхамед балалары.

5-тас (солтүстік шығыста):

Шыңғысхан... Бөкейхан, Батыр, Мырза­тай, Нұрмұхамед.

Тәттіхан Нұрмұхамедұлы 1905 жылы 25 февралда 25 жасында опат болды. Шыңғысхан, Жошыхан нәсілінен. Ғұмыр сүрген жері Арқа, Қарқаралы оязы. Бабасы Бөкейхан. Жұрты Арғын, қаракесек. Туған жері Тоқырауын, Желтау. Бұл тасты қойған жері – Жіңішке өзені, Тоқырауын тарауы.

Анасы Бегімханым һәм туыстары Ғалихан, Әзіхан, Базылхан. Тас қоюға бас болған – Смахан.

Осы жерде Балабаршын Смаханұлы Талдыбейіттегі көк­тастардың реттік саны солтүстіктен басталып, төмендегі тәртіпте оқылсын деп, қағазға ұқыпты жа­зылған тізімді қолымызға ұстатты. Оны да қоса бере кетейік:

№1 тас. Нұрмұхамед 62 жасында, 01.04.1901 жылы дүниеден өтті.

№2 тас. Тәттіхан 25 жасында, 25.02.1905 жылы дүниеден өтті.

№3 тас. Мырзатай 93 жасында, 12.03.1913 жылы дүниеден өтті.

№4 тас. Бегімханым 77 жасында, 27.09.1918 жылы дүниеден өтті.

№5 тас. Әбдіхан 84 жасында, 22.03.1926 жылы дүниеден өтті.

№ 6 тас. Әлихан 71 жасында, 27.09.1937 жылы Мәскеудің Бутыркасында атылды.

Тастарды жаздырған Смахан Бөкейхан.

86 жасында 25.01. 1966 жылы қайтыс болған.

Талдыбейіт. Желтау.

Алашымды жеткіземін, оздырамын деген ойдан басқаны малданбаған Әлихан Бөкейхан 1937 жылдың 27 қыркүйегінде Мәскеуде өлім жазасына кесіліп, туған жерінен топырақ бұйырмады. Сонау Мәскеуде қалған ағасын, өзінің ғана емес, елдің ағасын, қыр баласын жоқтап, іштей зар жылаған Смахан төре болды. Қазіргі Қарағанды облысының Ақтоғай ауданына қараған То­қырауын – Желтаудағы Талдыбейіт зиратына жерленген әкесінің қасына, кезінде Ғұмар Қарашұлы бір өлеңінде жырлап өткен Әлекеңнің баскиімін ырымын жасап жерлеп, төте және бүгінгі жазумен өмірбаянын қашатып, басына тас қойдырған – осы Смахан төре.

Әлекең мен Смекеңнің рухтарына бағыштап, шағын белгітас орнатқандар – Балабаршын Сма­ханұлы мен оның немересі Темірлан Балабаршынұлы.

Смахан Нұрмұхамедұлы тымау сүзек­пен ауырып, Балқаш қаласында 1967 жылдың 25 қаң­тарында қайтыс болған. Ата-бабаларының жерінде әке-ше­шесінің жанына жерленген. Смахан төре ханымы Мария Нұр­шина Шоңбай ұрпағы, 1979 жылы 27 желтоқсанда 84 жасында өмірден озды. Талдыбейітке жерленді.

 

Оралбек ЖҮНІСҰЛЫ,

Қазақстанның құрметті журналисі