• RUB:
    6.34
  • USD:
    510.58
  • EUR:
    571.8
Басты сайтқа өту
Пікір 01 Наурыз, 2025

Құқықтық кеңес берудегі жасанды интеллект

76 рет
көрсетілді

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстан – жаппай цифрландыру және жасанды интеллектіні жедел дамыту аумағына айналуға тиіс. Бұл – біздің стратегиялық міндетіміз», деп ел Үкіметіне цифрландыруды толыққанды дамыту жөнінде тапсырма берген еді.

Осы міндеттер аясында Әділет министрлігі «Digital Justice» жобалар портфелін іске асырып отыр. Бұл азаматтардың қаржылай шығынын, уақытын үнемдеп, қыз­мет сапасы мен қолжетімділігін арттыруға бағытталған. Соның ішінде жасанды интеллектіні қол­дану шаралары қамтылып отыр.

Қазіргі таңда заң көмегінің бірыңғай ақпараттық жүйесі – «E-ZanKomegi» жұмыс істейді. Осы жүйе халыққа онлайн режімде заң көмегін көрсетуге арналған. Бұл азаматтардың білікті адвокаттар мен заң кеңесшілерінің қа­тысуымен заң көмегіне қолже­тімділігін жеңілдетеді.

Былтыр Астана қаласында «E-ZanKomegi» жүйесіне 285 адвокат пен заң кеңесшісі тіркелді. Олар 18 991 істі қарады. Еліміз бойынша «E-ZanKomegi» жүйесіне кірген пайдаланушылар саны – 6 749.

Бүгінгі уақытта операторлар тәулік бойы кеңес беретін кон­сультациялық қызмет іске қо­сыл­ды. Кеңес алуға «Egov.kz» пор­талында тиісті бөлімді таңдап, қызмет көрсету үшін өтініш қал­дыру қажет.

Сондай-ақ «Zan Komegi» ақ­параттық жүйесі арқылы құқықтық кеңес беру мүмкіндігі қарас­­тырылып отыр. Мұндай құ­қықтық кеңесті адвокаттар мен заң кеңесшілері ұсынады. Сонымен қатар құқықтық кеңес беруге арналған жасанды интеллект элементтері бар чат-бот әзірленіп, «Zan Komegi» мобильді қосымшасының тәжірибелік ортасында тестілеуден өту үстінде.

Жасанды интеллектіні енгізу мақсатында министрлік IT-ұйым­дармен бірлесіп жұмыс то­бын құрды. Оған «zan bar», «iprav», академик Е.А.Бөкетов атын­дағы Қарағанды университеті, Әл-Фа­раби атындағы Қазақ ұлттық универ­ситеті, Қ.Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық зерттеу университеті және басқа да ұйымдар қатысады.

Әділет министрлігі Нота­риаттық палатамен бірле­сіп се­нім­хат, кеңес, ерлі-зайып­ты­лардың келісімі және некенің жоқтығы туралы өтініш сияқты бірқатар нотариаттық қызметті онлайн форматқа ауыстырды.

Айталық 2023–2024 жылдары аралығында Астана қаласының азаматтары нотариусқа жүгін­бей, 102 142 нотариалдық әре­кетті куәландырды, олардың ішінде: сенімхат – 67 588; ерлі-за­йып­тылардың келісімі – 32 066; кеңес беру қызметі – 156; некенің жоқтығы туралы өтініш – 2 332.

Енді азаматтар осы қызметтерді нотариусқа бармай-ақ онлайн форматта бейнеқоңырау арқылы алады. Барлық дайын құжат «Egov.kz» порталындағы «Цифрлық құ­жаттар» сервисінде көрсетіледі. Клиентті сәйкестендіру био­ме­триялық құралдарды пайдалану арқылы жүзеге асады. Бұл ұқ­сас сыртқы белгілері бар адам­дарды қате сәйкестендіру тәуе­келін болдырмауға мүмкіндік берді. Ақ­параттық қауіпсіздік мақ­сатында қосымша екі факторлы аутентификация енгізілді – SMS-код пен ЭЦҚ (электрондық цифрлық қолтаңба) арқылы тексеру.

Президент тапсырмалары аясында Үкіметтің кеңей­тіл­ген отырысында жаңа техноло­гия­лық құрылымға, толық цифр­ландыруға көшу қажеттілігі ай­қындалды. Былтыр тамыз айын­да Әділет министрлігі Жеке сот орындаушыларының (ЖСО) рес­пуб­ликалық палатасымен бір­лесіп «Сот орындаушысының ро­боты» атты қанатқақты жобасын іске қос­ты.

«Цифрлық сот орындау­шы­сының» бірнеше артықшылығы бар. Енді соған тоқталайық. Біріншіден, азаматтар ЖСО қыз­метіне ақы төлеуден, оған бару шығынынан босатылады. Өйткені барлық әрекет автоматты жүзеге асады. Екіншіден, хабарламаның жіберілгені, оқыл­ғаны туралы белгі түсіріледі. Іс жүргізу қозғалғаннан кейін робот борышкерге бірнеше арна (1. 1414 нөмірінен СМС хабарлама, 2. eGov Mobile қо­сымшасындағы push-хабарлама) арқылы оңай­латылған іс жүргізу туралы ақпараты бар хабарлама жібереді.Үшіншіден, роботтың ЖСО-дан айырмашылығы бо­рышкердің сомасы шегінде тек 1 банктік шотқа тыйым салады, ал ЖСО барлық шоттарға тыйым салады. Төртіншіден, азаматтарға ыңғайлы болу үшін борышты онлайн төлеу мүмкіндігі бар. Бұл барлық қамтамасыз ету шарасын (тыйым салуды) автоматты түрде жоюды қамтиды. Осылайша, адам факторы толығымен жойы­лады. Бесіншіден, осы жоба сот орындаушыларымен өзара байланысқа шығуды қажет етпейді. Барлық әрекет онлайн режімінде жүзеге асырылады. Іс жүргізуді тоқтату, тыйым салуды жою үшін тү­біртектер мен басқа да растайтын құжаттарды көрсету қажет емес. Атқарушылық іс жүргізу саласын цифрландырудан басқа, жоба азаматтарға жыл сайын шамамен 5 млрд теңгені үнемдеуге мүмкіндік берді.

Бұрын берешекті уақытында өтемеген жағдайда азаматтар жеке сот орындаушысына оның қызметі үшін 25%-ға дейін ақы төлеуге мәжбүр болатын. «Цифрлық сот орындаушысы» іске қосылғаннан бастап, бүгінге дейін Астана қаласында сот қаулыларының негізінде 73 080 358 теңге сомасына 1 555 оңайлатылған іс жүргізу қозғалды. Жалпы алғанда, 539 219 455 теңге сомасына 25 335 оңайлатылған атқарушылық іс жүргізу қозғалып, 23 897 оңай­латылған атқарушылық іс жүргізу аяқталды.

 

Арман АҚЫЛБАЙ,

Астана қаласы Әділет департаментінің басшысы