Күнделікті өмірде мән бермейтін «Өмір – өзен» деген терең мағыналы сөз бар. Расында табиғат аясында бір сәт те тоқтамай, күні-түні, жыл он екі ай сарқыраған өзенге қарап ойланғанда, беймаза тіршіліктің су сияқты ағып өтетінін аңғарасыз. Қасиетті имани және елдік құндылықтарымыз тіршіліктің әр сәтінде адал жүруге, айналаны барынша жақсылыққа бөлеуге шақырады.
Көзді ашып-жұмғанша 2025 жылдың ақпан айының соңына да таядық. Өмір деген күнделікті күрес екен, шамалы босаңсысаң, әлгі сарқыраған су беталды алып кететіндей. «Судың да сұрауы бар» деп бабаларымыз бекер айтпаған. Бәріне жоспар, құнттылық қажет.
Жалпы, «адамның күні адаммен» дегендей, елдің, ортаңның тыныштығын тілегеннен кейін, сөзің жарасса – сөйлесетін, көңілің жарасса – ыстық-суықта араласатын адамдардың тілеуін тілеу – парызымыз. Жақсы адам көңіл күйіңді жадыратады, өмірдің, кәсіптің мәнін де, сәнін де арттырады. Сондай ерекше азаматтың бірі – Абай Рахметулин. Кәсіби заңгер, мінезге бай жігіт ағасы, салмақты замандас.
Абай Жамбылұлымен 1993 жылы Алматы қаласында судьялардың кәсіби шеберлігін шыңдайтын оқу орны жатақханасының бір бөлмесінде бір айдай бірге тұрып, жақын таныстық. Сол уақытта оның жас та болса өмірге көзқарасы айқын, адами қасиеті орнықты, өзіндік мінезі бар салиқалы азамат екенін байқадым. Содан бергі 30 жылда Әбекеңнің аталған қадір-қасиеті толығып, талай замандасымызды жақсылыққа баурады деп есептеймін. Рас, өмірде адам жақсы жағына да, жаман жағына да өзгеріп жатады. Ал мықты азаматтар шынардай биіктей, мәрмардай жарқырай түседі.
Өз басым адамның сапасын ата-анасына деген қарым-қатынасына қарап бағалаймын. Отыз жылда аңғарғаным – Әбекең әке-шешесіне, бауырларына, ортасына келгенде мейірімі, жауапкершілігі артып, адамшылық пен адалдықтың тізгінін тең ұстайды екен. Өкінішке қарай, мына қым-қуыт заманда жақынмен сыйласу түгелі, туғандарымен бет көріспейтіндей соттасып жатқандар да кездеседі. Көп нәрсе адамның өзіне байланысты. Әбекеңнің сабыр мен ақылдың арқасында апа-қарындастарымен, өзінен кіші інілерімен әрқашан жылы шыраймен араласқанын көріп, ата-анасынан алған өнеге екенін түсіндік. Ол әкесі мен анасы бақилық болғанда елдік дәстүрді мұқият ескеріп, ақтық сапарға шығарып салғаны көз алдымызда.
Ескіден жеткен «Жақсылық ұлдан ба, қыздан ба – бір Алла біледі» деген даналық бар. Адам қанша жерден пенде болса да, іс-әрекетін сабырлық пен қанағатқа жеңдірмей, опа таппайды. Жаратқан Абай мен Жібекке атына заты сай керемет Айгерім атты перзент бұйыртты. Бүгінде ана атанған аяулы қызы, жауапты күйеу баласы, солардан көрген құлдыраңдаған құлыны көз қуаныштарына айналып отыр.
Халқымызда «Жақсы жар – жарты иманың» деген нақыл бар. Әбекеңнің азаматтық, адами абыройының артуында құдай қосқан жұбайы Жібек Берлібекқызының орны ерекше. Ол кісі ерінің ауыр да жауапты қызметіне қабақ шытпай, әрқашан сенімді серігі, аялы ақылшысы бола білді.
Әрине, Абай Жамбылұлы – тәртіптің, еңбектің адамы. Осы қасиетінің арқасында жиған білімін білікпен толтырып, әбден шыңдалған маман, еліміздің тәжірибелі заңгері, бетке тұтар судьясының бірі деңгейіне жетті. Әбекең – еңбегі бағаланған адам. Ол қызметін жергілікті жердегі қорғаушы-заңгерден бастап Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының қылмыстық істерді қарайтын сот алқасының төрағасы дәрежесіне дейін көтерілді. Мемлекеттік «Құрмет» ордені сынды марапатқа да ие болды. Бүгінде Абай Жамбылұлы – барлық жағынан пісіп жетілген жоғары деңгейдегі заңгер маман, басшы. Адам ретінде қазақ еліне, сот саласының дамуына, жас буынды тәрбиелеп дайындауға үлесін қосқан тәлімгер. Өркениетті, дамыған мемлекеттер қашанда осындай уақыт, қызмет шыңдаған азаматтарды бағалайтыны, тәжірибесін толық пайдаланатыны жайдан-жай емес.
Әбекең сөзі, көңілі жарасқан жолдастарымен де берекелі. Сыйлы ортасын бағалай білген, ыстық-суықта бірге болған адам әркезде абыройлы. Сөзі мен ісі үйлескен әріптес досымызбен мақтанамыз. Соңғы кезде орынсыз, мән-мағынасыз ой айтатын, ойланбай сөйлейтін, уәдесінде тұрмайтын адамдар қатары көбейгені бәрімізді уайымдатады. Бұл – ел болашағына қауіпті үрдіс. Осындай елбұзар мінезге қарсы сөзі салмақты, пікірі тегеурінді, дәстүрге берік Абай Жамбылұлы секілді азаматтарды өнеге етер едік.
«Адамға берілген денсаулық та – аманат» деген рас. Уақтылы денешынықтыруға көңіл бөлмеген адамдар алпыс түгелі жас кезінде өмір сынына төтеп бере алмай қалады. Абай мырзаның бұл мәселеге жауапкершілікпен қарайтынын көпшілік біледі. Ол дос-жолдастарымен, әріптестермен бас қосқанда міндетті түрде спортты әдемі үйлестіріп, уақытты пайдалы өткізуге, балық, аң аулап орнымен демалуға көңіл бөледі.
Абай Жамбылұлы – Қазақстан сот билігінде орны ерекше, еңбегі елеулі судья. Ол 34 жыл ішінде қалалық, облыстық және Жоғарғы соттың судьясы әрі алқа төрағасы деңгейінде кез келген сот практикасында туындайтын зәруліктерге немқұрайлы қарамай, терең зерттеп, жан-жақты талдап, білікті ой айтып, көтерген мәселесін соңына дейін жеткізіп, кәсіби беделі артты. Судьяға ең керек қасиет – адам тағдырына тікелей байланысты күнделікті туындап жатқан сұрақтарға заң шеңберінде тиянақты, жалтақтамай жауап беру, әділетті шешім қабылдау. Әбекең екі үлкен өңір – Оңтүстік және Шығыс Қазақстан облыстық соттарын жауапкершілікпен, абыроймен басқарғаны халықтың есінде. Әсіресе Шымкент және Өскемен қалаларында облыстық сот ғимараттарын соңғы талаптарға сай салуды ұйымдастыруы, тұрғындардың заңды құқықтарын, бостандықтарын, мүдделерін қорғап, әділет пен заңдылық туын биік ұстағаны, жұртшылықтан оң бата алғаны – екі өміріне үлкен азық боларлық нәтиже. Әбекең басқарған ұжымдар екі-үш жылда жоғары көрсеткішке жетіп, ел деңгейінде жүлделі орын алғаны – оның талапқа сай басшы екеніне дәлел.
Абай Рахметулин – негізгі қызметінен басқа Президент жанындағы Адам құқығын қорғау комиссиясының мүшесі, Жоғарғы Сот кеңесінің, Тәртіптік кеңестің мүшесі, Судьялар одағының хатшысы сияқты қоғамдық жұмыстарды да абыроймен атқарып жүрген судья. Бүгінде ол – Жоғарғы Соттың судьясы әрі бүкіл сот саласы оқу орталығының ұймдастырушы-төрағасы, Сот академиясының оқытушысы. Сан салалы осы жұмыстар оның еңбекқорлығын, сот саласына немқұрайлы қарамайтынын көрсетсе керек. Әбекең – ғылымға ықыласты заңгер-судья, заң ғылымының магистрі. Бұйырса, қорғайтын PhD диссертациясына өзекті тақырыпты арқау етіп отырған азамат.
Біз Абай Жамбылұлына осынау белесті кезеңде ел ағасы, сала майталманы деңгейіндегі табыстарын еселеп, алға қойған мақсаттарын абыроймен орындай беруіне тілектестік білдіреміз.
Сәкен АБДОЛЛА,
Жоғарғы Сот судьясы