• RUB:
    6.62
  • USD:
    519.29
  • EUR:
    613.28
Басты сайтқа өту
Қоғам 05 Ақпан, 2025

«TikTok»-тағы тағылымды тартыс

86 рет
көрсетілді

Оқу-ағарту министрлігі мен Ғылым және жоғары білім министрлігі «TikTok» желісінде тағылымды контентті насихаттау мақсатында ұстаздарға арналған байқау өткізді. Желідегі жарысқа мектеп мұғалімдері, колледж және жоғары оқу орындарының оқытушылары қатысты. Олар өз пәндеріне сәйкес келетін қысқа танымдық бейнежазбаны платформада жариялап, жүлделерді сарапқа салды. Нәтижесінде, сайыс ұйымдастырушыларына 80 мыңнан астам бейнежазба жолданған.

Статистикаға сүйен­сек, елімізде «Insta­gram»-ға – 12,1 млн, «Facebook»-қа – 2,6 млн, ал «TikTok»-қа 14,1 млн қолда­ну­шы тіркелген. Соңғы атал­ған платформаның қазақ қоға­мына қаншалықты тамыр жайып үлгергенін осы де­ректен айқын аңғарамыз. Бұны қолдана алсаң – игілігің, қолдана алмасаң – қиғылығың. Сондықтан жеткіншекті жетектеген желіде қызықты һәм пайдалы контенттің өте-мөте көп болғаны дұрыс.

«Бұл байқауды үшінші рет өткізіп отырмыз. Желідегі жарысқа қызығушылықтың жыл сайын артып келе жат­қаны айқын аңғарылады. Аталған жоба педагогтерді шығармашылық тәсілдер із­деуге шабыттандырып, білім алуды қызықты етіп көрсете­ді деп үміттенеміз. Визуал­ды және интерактивті форматтар ұстаздарға ақпарат­ты қолжетімді әрі тартымды етіп жеткізуге көмектеседі», деді Орталық Азиядағы «TikTok» Операциялық бөлімінің басшысы Саиф Муджахид.

Енді мыңнан жүйрік шық­қан үш жеңімпазды таныс­тырып өтейік. Байболат Сей­дахан – математика пәнінің мұғалімі. Ол қазақ тілінде мил­­лиондаған қаралым жинай­тын бейнежазбалар дайын­дайды. Танымалдылығы­­ның сыры – күрделі есептердің шешу жолдарын қарапа­йым әрі түсінікті етіп түсін­діруі, сондай-ақ логикалық тапсырмалар ұсынуы. Бай­болат математикалық білімнің өмір­дегі нақты мәселелерді ше­шуге қалай көмектесетінін көрсетіп, теорияны практикамен ұштастырады. Оның бас­ты мақсаты – математиканы тек формулалар жиынтығы емес, әлемді танудың қызықты құралы ретінде таныстыру.

Ал Евгений Солоницын – оқушыларға жақын тілде сөйлейтін жас мұғалім. Ол алгебра және геометрия пән­дерін жеңіл әрі тартымды етіп түсіндіру үшін әзіл мен күнделікті өмірден алынған мысалдарды шебер пайдаланады. Мәселен, бір бейнежазбасында шөлдегі құмның мөлше­рін қалай есептеуге болатынын түсіндіреді. Евге­нийдің оқыту әдісі көпші­ліктің қы­зығушылығын туды­рып, ма­тематикаға деген көзқарасын өзгертеді.

«TikTok»-тағы тағылымды тартыста оза шапқан тағы бір жеңімпаз – Марина Фран­гулиди. Ол – 37 жылдық тәжі­рибесі бар педагог. Педагог плат­формада тек білімін ғана емес, сонымен қатар жеке ойларын, авторлық әдіс­те­ме­лерін бөлісіп отырады. Оның контенті – мұғалімнің жұмысына деген ерекше көзқарастың көрі­нісі. Мы­салы, бір бейнежазба­сында оқу­шылардың өмір­дегі же­тіс­тіктеріне қандай факторлар әсер ететінін талдап, өз ой­ларын ортаға салады. Мари­наның материалы тек оқу­шы­ларға ғана емес, басқа мұғалімдерге де жігер беріп, қолдау көрсетеді.

Бұл байқау «TikTok»-та тағылымды контенттің ма­ңыз­дылығын көрсетіп қана қой­май, ұстаздардың шығар­ма­шылығын дамытып, оқытуды жаңа форматта ұсынуға жол ашты. Мұндай бастамалар білім мен технологияны үйлестіріп, жас ұрпақтың қызығушылығын арттыруға ықпал ететіні сөзсіз.