Жақында Ұлыбританияның Лондон қаласында «British Education Training and Technology Show» көрмесі өтті. Осынау білім алаңына еліміз алғаш рет ұлттық павильон ретінде қатысып, бірегей жобаларын таныстырды.
Халықаралық көрме аясында Ұлыбританияның оқу ордаларымен іскерлік кездесулер өтті. Атап айтсақ, Satbayev University ректоры Мейрам Бегентаев беделді британдық University of Glasgow-дың ғаламдық ынтымақтастық жөніндегі деканы Мойра Боландпен меморандумға қол қойды. Осылайша, «Mechanical Engineering and Management» мамандығы бойынша «1+1» форматына негізделген қос дипломды магистратура бағдарламасы жүзеге аспақ. Бұдан бөлек, аталған оқу ордаларының оқытушылары мен зерттеушілері ынтымақтастық аясында екі университетте дәріс оқи алады. Айта кетейік, «University of Glasgow» 2025 жылғы QS әлемдік рейтингінде 78-орынға ие және британдық жетекші зерттеу университеттерін біріктіретін «Russell Group» құрамына кіреді.
Аталған көрмеде сондай-ақ University of Exeter-мен меморандумға қол қойылды. Ынтымақтастық нәтижесінде, бірнеше қос дипломды магистратура бағдарламасы құрылды. Бұл «Mining & Minerals», «Climate», «Data Science», «Environmental Management» және «Geology» бағыттарын қамтиды. Аталған бағдарламаларға Satbayev University студенттері атсалысып, бірлескен ғылыми жобаларға, оның ішінде Exeter университетінің «CREWW» және «Engineering Exeter» зертханаларында жүргізілетін зерттеулерге қатыса алады.
Осылайша, University of Glasgow және University of Exeter-мен жасалған екі серіктестік Satbayev University студенттері мен оқытушылары үшін жаңа мүмкіндіктер есігін ашып, еліміздегі ғылым мен технологиялардың дамуына ықпал етеді.
Аталған көрмеде Nazarbayev University «Soyle App», қазақ тілінің үлкен тілдік моделі «ISSAI KAZ-LLM» және «Artisan Education» стартаптарын таныстырды. Түсіндіріп өтсек, «Soyle App» ауызша сөз бен жазбаша мәтінді төрт тілге (қазақша, орысша, ағылшынша, түрікше) аудару мүмкіндіктерін ұсынады. Аударма сапасы «Google Translate», «Yandex Translate» нәтижелерінен асып түседі.
«Bett Show» 2025 көрмесінде әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті «Faraby» суперкомпьютер, «Farabi Robotics» орталықтарын таныстырса, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті қазақ тілінде эмоционалды түрде дәріс оқитын жасанды зердені көрсетті. Ал Д.Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университеті Қытай мен Қазақстан арасындағы ынтымақтастық аясында құрылған «Лу Бань шеберханасы» атты ерекше білім беру жобасына баса назар аударды. Бұл жоба студенттер мен оқытушылардың кәсіби және инженерлік дағдыларын дамытуға, оқыту үдерісіне инновациялық технологияларды енгізуге, дәстүрлі инженерлік пәндерді заманауи цифрлық және автоматтандырылған технологиялармен үйлестіруге бағытталған. Білім көрмесінде Сафи Өтебаев атындағы Атырау мұнай және газ университеті студенттері мен ғалымдары «VR виртуалды кен орны» технологиясын таныстырды. VR технологияның көмегімен студенттер виртуалды ортада түрлі кен орындарын зерттеп, теориялық білімдерін бекіте алады. Жобаның артықшылығы – қауіпсіз эксперименттік орта, виртуалды экскурсиялар, интерактивті және иммерсивті оқу үдерісі. Utebayev University аталған көрмеде түрлі елдерден келген білім және технология саласының мамандарымен танысып, ынтымақтастық орнату мақсатында диалог жүргізді.
Айта кетейік, аталған көрмеге «Google», «Microsoft», «Lenovo» сынды 600-ден астам халықаралық компаниялар мен 300 спикер қатысты. Сондай-ақ 130-ға жуық мемлекет білім саласындағы өз әзірлемелерін ұсынды.