Өткен жылдың соңында жоғары білім мен ғылым саласында ұзақ жыл қызмет еткен физик-ғалым бақиға озды. Досым Кенжалиев – Жезқазғандағы, Оралдағы, Астанадағы әріптестеріміз үшін ерекше есім. Әсіресе шәкірттеріне ыстық. Дәрісте, практикалық сабақта, ғылыми семинарда, факультеттің үлкенді-кіші жиынында үндемей-ақ, кеуде қақпай-ақ, салмақты ой, ұсыныс айтып тұлғасын биіктететін. Әдетте ол бір шетте қарапайым ұстаздық қалпымен тұратын. Біз «Досеке, не айтарыңыз бар?» деуші едік. Сонда ол: «Мәселе былай ғой...» деп ешқайсымыздың ойымызға келмеген сындарлы пікір айтатын. Аз, бірақ саз сөйлейтін.
Ол оқушы кезінен нақты ғылымдарға, яғни физикаға құмар болыпты. Алматы қаласындағы сол кездегі №2 қазақ мектеп-интернатында (қазіргі Абай атындағы қазақ тілі мен әдебиетін тереңдетіп оқытатын мектеп) оқиды. 1972 жылы орта мектепті бітірген соң, Қазақ мемлекеттік университетінің физика-математика факультетінде қатар білім алдық. Ұстаздарымыз – Мейірхан Әбділдин, Совет Исатаев, Нұрғали Қойшыбаев, Фазылхан Байымбетов, Қали Барлыбаев бастаған кілең марғасқа физиктер. Ол кезде ҚазМУ студент-жастарының мәдени өмірі қайнап жататын.
1977 жылы Досекең университетті тәмамдаған соң, Жезқазған педагогикалық институтына жолдама алды. 1985–1988 жылдары ҚазМУ-дың аспирантурасында оқыды. Бірақ отбасы жағдайына байланысты оқытушылық қызметіне қайта келеді. 1994 жылы Алматыда кандидаттық диссертация қорғап, ғылым кандидаты дәрежесін алды. 1995 жылы Батыс Қазақстан университеті басшылығының шақыруымен Орал қаласына қоныс аударды. Осында жүріп ЖАК-тың доценті, академиялық профессор атағына ие болды.
2008 жылы Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті ректорының шақыруымен жалпы және теориялық физика кафедрасына доцент болып орналасты. Тынбай еңбек етіп, 2018 жылдан өмірінің соңына дейін профессор дәрежесінде ғылыми-педагогикалық қызметін жалғастырды.
Ғалым Досым Кенжалиев – мақсатына жетпей тынбайтын азамат-тын. 2014 жылы «Болашақ» бағдарламасымен Берлин техникалық университетінде тағылымдамадан өтіп қайтты. Еуропадағы ең ірі оқу орынның бірінде тәжірибеден өтуі оның ғылыми білімін кеңейтіп, Қазақстан – Германия ғылыми ықпалдастығына үлес болып қосылды.
2020–2021 жылдары төтеннен келген ковид пандемиясы кезінде науқастанып қалса да, 2024 жылға дейін өмір үшін күресумен болды. Бірқатар операциядан кейін қатты аурып тұрса да, факультетпен, кафедрамен байланысын үзбей шәкірттеріне, жас әріптестеріне қамқор ақыл-кеңесін беріп жүрді.
Бірде біз университеттің тарихшы, филолог ғалымдарымен пікірлесіп қалдық. Сонда Қойшығара Салғараұлы, Серік Негимов сынды ел танитын ағалар: «Осы физика-техника факультетінде тарихшы-ғалым, өлкетанушы Исатай Кенжалиевтің баласы жұмыс істейді екен ғой. Әкесі Алматы Ауылшаруашылығы институтында және Қыздар педагогикалық институтында 40 жыл оқытушы болды. Махамбет Өтемісұлы, Исатай Тайманұлы, Сырым Датұлы, Құрманғазы Сағырбайұлы, Ғұмар Қараш, Дина Нұрпейісова, Мәншүк Мәметова, т.б. тұлғалар туралы қаншама еңбек жазды. Гуманитардан туған азаматтың физика саласын таңдағаны қызық. Естуімізге қарағанда, Исекеңнің әкесі Нәсіболланың өзі жоғары білімді екен. Үкімет басқарған әйгілі Сейітқали Меңдешұлымен, Алаш зиялыларымен аралас-құралас болған...» деп, едәуір тың деректер айтты. Біз сонда әріптесіміз үшін ішімізден мерейленіп тұрдық.
Жастау күнімізде осы тарихи ақиқатты Досым Исатайұлынан сұрасақ, «Оның бәрін айта берсем, мақтанғандай боламын ғой. Әкеміз бізге қарапайымдылық пен таңдаған мамандыққа еңбек сіңіруді үйретті. Анамыз Тұрсын Әдиетқызы – Ресейдің Сарытауының перзенті. ЖенПИ-дің түлегі. Екеуі бізге – алты баласына жақсы тәрбие берді. Менің физик болуыма себепші – анам жарықтық еді» деп, шынайы жауап беретін.
Профессор Досым Исатайұлы – саналы ғұмырын жоғары білім мен ғылымға арнаған педагог. Оның соңында физика саласына қатысты 80-ге жуық ғылыми еңбегі қалды. Соның ішінде ғылыми мақалалары бір бөлек, ол 30-дан аса оқулық пен оқу құралының авторы еді. Бұлар астрофизика, теориялық физика, статистикалық физика, термодинамика және кинетика, аспан механикасы, квант механикасы, электрдинамика, салыстырмалылық теориясы т.б. өте күрделі бағыттарды қамтиды. Ерекше салалық сөздігі де бар.
Әріптестердің пікірінше, ол – оқытушылық қызметте де өте мұқият, ұқыпты адам. Өмірінде алдынан өткен мыңдаған білім алушыларды қарапайымдылығымен, тазалығымен таңғалдыратын. Түлектердің айтуынша, ол физика мен астрофизикадағы кез келген күрделі тақырыпты қарапайым сөзбен түсіндіре бере алатын.
Ғалым студенттерге арналған ғылыми-танымдық іс-шараларға үнемі қатысып жүрді. Ол білім алушыға, ғылымға қызығушы жас талапқа дегенде уақытын да, денсаулығын да аямайтын.
Ұжымы жақсы көргеннен кейін шығар, ол ұзақ уақыт (2009–2022 жылдар) қоғамдық негізде физика-техника факультетінің кәсіподақ төрағасы болды. Саламатты өмір салтын насихаттап, университеттік спартакиада, мысалы, шаңғы жарысында жүлделі орын алғаны да әріптестерінің есімізде.
Оның кеудесіндегі Білім және ғылым министрлігі берген «Білім беру ісінің құрметті қызметкері» және «Білім беру ісінің үздігі» секілді төсбелгілер қайбіреудің орден-медалінен де жоғары көрінетін. Себебі әріптесіміздің мазмұны соған сәйкесетін.
Досым Исатайұлы – сүттей ұйыған отбасының отағасы-тын. Зайыбы Алма Забиқоллақызы – Жезқазған мен Оралда абыройлы ұстаз болды. Зейнетке шыққанға дейін Еуразия университетінде оқу ісі әдіскері қызметін атқарды. Үш перзенті – қаржы, экономика, инженерия саласындағы жас мамандар. Марқұм Досекең алғашқы немерелерінің маңдайынан иіскеп, батасын беріп кеткеніне шүкір етеміз.
Халық «Ғалымның хаты өлмейді» деп бекер айтпайды. Енді Досым Исатайұлының өнегелі жолын шәкірттері, өз перзенттері жалғастырады деп сенеміз.
Қайыржан Балабек,
Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ профессоры