• RUB:
    6.3
  • USD:
    509.51
  • EUR:
    570.6
Басты сайтқа өту
Тұлға 25 Қаңтар, 2025

Қаржы саласының білгірі

196 рет
көрсетілді

Халқымызда ұлтқа ұстын болар арда азаматтар аз емес. Адал еңбегімен абыройға кенеліп, мәртебесі биіктеген сондай жанның бірі – қаржы-экономика саласының білгірі Камал Шөкенов.

Ол бүкіл саналы өмірін қар­жы жүйесінде қызмет етуге арнады. 1935 жылы Қызылорда облысы Қаракеткен теміржол стансасында дүниеге келіп, ауылдың жеті жылдық мектебін, Алматы қаржы-несие техникумын, сол кездегі Орта Азия мен еліміздегі жалғыз қаржы-экономика институтын бітірді. 1957 жылдан бастап 1997 жылы құрметті демалысқа шыққанға дейін 40 жыл қаржы органдарында жауапты қызмет атқарды. Зей­неткерлікке шық­қан соң да қол қусырып отыру деген­ді білмейтін Кәмекең Қазақстан экономика және құқық институты Қы­зылорда филиалының директоры болып, профессор атағын алды.

Камал Шөкенов өмірде барынша қа­рапайым, кішіпейіл, кісі ақысын же­мейтін, өте тәрбиелі жан еді. Сонымен қа­тар ашу­ды сабырмен, қатыгездікті қара­пайымдылықпен, дөрекілікті сыпайы­лықпен, әдептілікпен же­ңуге болады деген қағида­ның туын өмір бойы биік ұстап өтті. Біз Кәмекеңнің іскер де білік­ті, қағидатшыл да әділетті, әсі­ресе қазына қаржысының орынды жұм­салуында адамдардың жү­регіне жол таба білетін нағыз маман екен­дігін жұртшылық жақ­сы біледі.

«Мен бүкіл саналы 40 жыл еңбек жолымда барлық күш-жі­герім мен қабі­лет-қарымымды да тірлік-тауқыметі мол қаржы саласына жұмсаған екенмін. Осы мерзім ішінде мен қашанда адал­дықтың ақ жолынан айнымай, ел-халқымның жоғын жоқтап, мұ­ңын мұңдап, жанына жалау болуға ұмтылдым. Несін жасырайын, осы орайда кейде бәзбір басшы­лар­мен жүз ша­йысып қалған кез­дері­міз де болды. Бірақ имандай бір шындық, әлгілердің қаhарына ұшырап, жылы орнымнан айырылып қаламын-ау деп ешкімнің де ыр­қына ығып, қаржы қазынасына қиянат жасаған емеспін. Өйткені қаржы қазаны әмбе жұрттың ор­тақ несібесі, ортақ нәпақасы ғой. Оған ешкімнің де заңсыз қол сұғып, кеудемсоқтықпен билік жасауына болмайды. Бұл жөнін­де Жаратушы Иеміз алдында да, халық алдында да арым таза деп ойлаймын», деп жазған еді.

Камал аға бюджет қаржысын үнеммен жұмсауды, діттеген, ме­же­леген түпкі мақсатқа жету­ді ойлайтын және осыны алды­на міндет ететін де, ол осы ба­ғыт­­та әр уақытта өзіне «идеал» есе­бінде 1938–1962 жылдары одақ­тың қаржы министрі бол­ған А.Зве­ревтің қағидатын ұста­натын және соны іске асырушы еді.

Камал Шөкеновтің адами қасиеттері мен қар­жы саласының жауапкершілігін терең сезініп, кәсібіне адал болуы ата-анасынан берілген қасиет деуге болады. Ол кісінің жастық шағы түкпірдегі теміржол бекетінде күнкөрісі жұпынылау, әке-шешесі аурулы-сырқаулы отбасында ­өсіп, өзі жастайынан еңбекке ара­ла­сып, білім алуға талпынуға тура келді. Сұрапыл соғыс жылда­ры 8-10 жасар ауыл балаларының қатарында 50-60 шақырым қа­шық­тықтағы Қараөзек өзенінің жаға­сындағы қырманнан есек­ке екі-үш қаптан астық артып, ол кө­ліктерді біріне-бірін байлап, өздері жаяу Қаракеткен астық қабылдау пунктіне жеткізу, жол­да бо­латын түндегі қиыншылық­тар, әсіресе шаршаған, жатаған мақұ­лықтардың азабы, тесіл­ген қанар қаптардың әлегі, бәрі-бәрі естен кетпейтін көрініс­тер бала Камалды жылдам есейтті. Сол кездегі еңбегін кеңес өкіметі бағалап 10-жастағы Камал Шөке­­нов 1945 жылы «1941–1945 жыл­дардағы Екінші дүниежүзілік соғыс­тағы қажырлы еңбегі үшін» меда­лімен марапатталған.

Облыс экономикасы мен дамуы, тұр­ғындардың тұрмыс жағ­­дайының жақ­саруы мен қар­жылық қамтамасыз етілуі­нің бір­қатар «штрихтарын» еске түсі­­ріп кететін болсақ, 1988 жылы обл­ыс еңбек­кер­лерінің шөл және шөлейт, суы тап­шы, табиға­ты қолайсыз аймақтарда тұр­­ғаны үшін облыс тұрғында­ры­ның айлық жалақысына 1,15 аудан­­дық коэффициент енгізі­луі мә­селесін сол кездегі облыс басшысы Е.Әуелбеков одақтық органдар алдында көтерген кезде соның барлық есебін дайындап Мәскеудегі құзырлы мекемелерге уақтылы тапсырылуын қам­та­масыз еткен де осы Кәмекең еді. Осындай жағдай тағы да Арал өңі­рі халқына экологиялық апат аймағы тұрғындары мәртебе­сін беру және оларға айлық жала­қы­ға қосымша 1,30-1,50 эколо­гия­лық коэффициент енгізілуі үшін есептерін сауатты да, то­лық уақтылы жасауға да Камал Шөкеновтің еңбегі орасан болды. 1993 жылдан бастап аталған заң өңірімізде ел игілігіне жарап отыр. Еліміз егемендік алғаннан соң мемлекетаралық қарым-қатынастардың үзілуі, бұрынғы одақ бойынша кәсіпорындар арасындағы алыс-беріс есеп­те­рінің шиеленісуі олардың бір-біріне қарыздарын орасан өсі­ріп, заңды тұлғалардың бюджет ал­дындағы міндеттемелерінің орын­­­­дал­­мауына апарып соқ­ты­рып, бюд­жет­тен қаржылан­ды­­рылатын мекеме қыз­мет­кер­­лерінің айлық жалақы, кәсіпорын жұ­мысшы­ларының еңбекақылары мен зей­нет­ақы­ларын төлеудің бірне­ше айлап кешігуіне әкеліп соқты. Осы жағдай­дан шығу мақсатын­да нақты қаржы айналымы мен кә­сіпорындар қарызын өтеу үшін 1996 жылы жай вексель мен есептік міндеттемелер айналым­ға шығарылып жағдай бірша­ма тұрақталды. Сонымен қатар осы уақытта облыс орталығына ілеспе газ алып келу мақсатымен республи­када екінші болып 1997 жылы 3 жылға арналған 100 млн теңгеге «Инвестиция-­газ» облигациясын шығарып облыстағы газ­дандыру жұмысын бастауға мүмкіндік алып едік, осы күрделі, бұрын тәжірибемізде кездеспеген, облысымызда іске асуы үшін шы­ғарылған бағалы қағаздарда қаржы басқармасы­ның басшысы Камал Шөкеновтің аты мен қол­таң­басы сол кездегі облыс әкімі Бер­­дібек Сапарбаевпен бірге тұрды.

Камал ағамыз қаржы сала­сын­да қызмет атқарған уақы­тын­да бұрынғы Одаққа, рес­публика, облысымызға аты бел­гілі көптеген кадр даярлады. «Кәмекеңнің мектебінен өткен қаржыгерлер» деген мамандарды жүздеп санауға болады, атап айтқанда Парламент Мәжілісі­нің ІІ шақырылым депутаты Құттықожа Ыдырысов, бірнеше министрліктің вице-министрі болған Рахымберген Тоқсейітов бірқатар облыс­та қаржы, салық органдарын басқарған Дайрабай Ысқақов, Ресей қаржы жүйесінің генералы Ғалымжан Шәмшиев, бір­қатар облыстың қаржы, салық, қазынашылық, қаржылық ба­қылау органдарын басқарған Нұргүл Беркімбаева, Балжан Шәменова, Райхан Ысқақова, Гау­хар Арынова, Рахымжан Нұр­сейі­тов, Сәндібек Аманжолов және тағы басқаларды айтуға бо­лады. Камал ағамыз өзі Қа­зақ­стандық экономика және құқық институтының облыста­ғы филиалын басқарған уақыт­та 500-ден аса экономика, қар­жы және құқық саласы маманда­рын даярлауға мұрындық болды және солардың көбісі қазір рес­пуб­ли­камызда өз ма­мандығына сай ­табысты еңбек етіп жүр.

Өз уақытында облысты бас­қарған көп­теген мемлекет және қоғам қайраткер­лерімен иықтаса қатар қызмет етіп, елдің дамуы­на елеулі үлес қосты. Камал аға қар­жыны басқару, оны жұм­сау тәр­тібін қатаң сақтауға көп кө­ңіл бөле­тін, іс қағаздарын, ше­шім, қарар, өкім­дер­дің жоба­сын дайындағанда заңды­лық­тың сақталуын, жауаптылықпен жазы­луын ыждағаттылықпен қарап, қате жібер­меуге тырысатын. Сол кездегі облыстық атқару комитетінің төрағасы Сағидолла Құбашевтың «Шөкеновтің қолтаң­басы қойылып түскен құжаттардың жоба­­сын­да қате болмайды, мен оларға оқымас­­тан қолтаңбамды қоя беруден қорық­пай­мын» деген сөздері ұжымдастарына сенім ұялата­тын. Сол сияқты 90-жылдардағы облат­ком төрағасы Е.Золотаревтің Қаржы министрі А.Бақуланың облысқа келгенде өткізген актив жиналысында айтқан сөзі есімізде қалыпты: «Бастапқы кезде кейбір шараларға бюджеттен қаржы бөлу туралы ұсынысыма К.Шөкенов мені қолдамағанда, бұл кісі неге қарсы пікір айта береді деген ойда болсам, кейіннен Үкіметте бірқатар облатком төрағаларына қаржы тәртібін бұзғаны үшін қатаң шаралар қолданылып жатқанда, өзімнің бұл мәселеде ешбір ескертусіз жүргенім үшін, қайта К.Шөкеновке алғыс айтатын болдым», деген сөзі Шөкеновтің абыройын арттыра түскен-ді.

Камал аға қаржы саласының нағыз май­­талманы болумен қатар өнердің, спорт­­тың да үлкен жанашыры еді. Ұлдары Бауыр­жан, Батырхан, Бақытжандар кіш­кентайынан әкесінің қолдауымен әртүрлі музыкалық аспаптарда ойнап, бұрынғы одақтың біраз жерінде өнер көрсетсе, Батырханы әлем танитын өнер жұлдызы дәрежесіне көтерілді.

Осындай абзал да ардақты азамат Қазақстанның еңбегі сің­ген экономисі Камал Шөкенов 2011 жылы 23 наурызда дүние сал­­ды. Бірақ соңында жақсы іс, бі­лікті шәкірті, саналы ұрпақ қал­дыр­ды. Өңір азаматтары бұл тұл­ға­ны әрқашан еске алып оты­рады.

 

Қалқазбек ӘЖІБЕКОВ,

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері