Бірнеше жыл бұрын, кеңес заманында журналистің оқуын тәмамдап, газеттің біріне тілші боп орналасқан соң алыс ауылдағы жездем Әлекеңе:
– Әлеке, тілші боп орналастым. Бір жетіге мұрсат алдым, ауыл-аймақты аралап қайтсам деп ертең көлікке аяқ артпақпын, — деп телефон соқтым.
– Қап-ай-ә, балдыз келе жатқанда, мына құрған көліктің кілтипаны ұстап, қылтиып қалғаны. Әйтпесе өзіңді тура анау бұрылыстан бөктеріп алатын жөнім бар, — деген болды.
* * *
Үйіне дейін тепеңдеп өз аяғыммен бардым. Болып кеткенше: «Ойпыр-ай-ә, тілшімін де… жазамын де…» деп таңдана теперіштеніп сөйлеген сайын: «Ойпыр-ай-ә, қағаз кеміремін де… шимай-шатпақ жазамын де…» деп кекетіп, апайым қақпақыл жасап килікпегенде, біраз жерге баратын еді.
...Содан, қызмет ауыстырып, демалысымды алып, ауыл қайдасың деп тартар алдында жездеме хабарласып:
– Әлеке, қызмет ауыстырдым. Тілшілікті қойып, институттың аспирантурасы бұйырды, – деп едім:
– Оу, міне азамат! Аспирант! Керемет! Сөз қысқа, қай автобуспен шығасың? – деп бәйек боп жатыр. — Бұрылыстан бөктеріп аламын. Әріректен күтіп алатын жөнім бар, мына пәлекет түтіндеп-түшкіріп, шабысы ауыл-аймақтан ұзай алмай жүргені.
* * *
...Барып қайтқанбыз. Жездем айтқанынан қалт кетпеді, бұрылыстан өз көлігіне аударып мінгізіп алды. Болып кеткенше, менің «қағаз кеміруді» қойып, аспирант болғанымды тәуба қылып қарадомалақ жиендерімнің басынан сипап отырып біраз ноқталы әңгіме айтты.
* * *
Аспирантураны аяқтап, бұйрық солай бұйырып, бұрынғы газетіме бөлім бастығы боп тұрып, ауылға аттанар алдында жәй-күйімді айтып жездем Әлекеңмен сөйлесіп едім, соңғы сөзі мынау болды:
– Қап-ай! Өзіңнің жөнің бөлек, күтіп-ақ алу керек еді, көлігімнің біраз ішек-қарнын ашып қойып едім, – деді.
... Үйіне дейін өз аяғыммен бардым. Неге екенін, жездем екі сөзінің бірін — менің аспирантурадан кейін институтта қалмай «қалбалақтап» тағы да қағаз кеміруге тап болғаныма қапаланумен болдым.
Берік САДЫР