• RUB:
    6.32
  • USD:
    510.06
  • EUR:
    566.32
Басты сайтқа өту
Аймақтар 22 Қаңтар, 2025

Балабақшаға ваучер беру басталды

180 рет
көрсетілді

Қазақстанда мектепке дейінгі білім беру саласында ваучерлік қаржыландыруды енгізу үдерісі жаңа өңірлерді қамти отырып және мектеп жасына дейінгі балалар үшін қызметтердің қолжетімділігін жақсарту арқылы қарқын алып келеді. Жүйе Тараз, Шымкент, Түркіс­тан, Астана және Орал қалаларында сәтті жүзеге асырылып жатыр.

Жамбыл облысы – ваучерлік қар­жы­ландыруды аудандық деңгейде енгіз­ген алғашқы өңір. Бағдарлама Бай­зақ ауданында қанатқақты режімде іске қосылып, мұнда 650-ден астам ваучер беріл­ді. Айдың соңына дейін жүйе барлық ауданды қамтиды.

Жобаның маңызды жетістікте­рінің бірі – балабақша орындары­на «кезекке тұру» мәселесінің жо­йылуы. Себебі ваучер алу кезегі тек алға жылжиды, бұл барлық отбасына тең жағдай туғызады. Та­раз бен Түркістанда екі жастан асқан балаларға арналған кезек толығымен жойылды, ал Шым­кент пен Оралда кезекті азайту бойынша оң динамика байқалды.

Тараздың сәтті тәжірибесі маңыз­ды шешім қабылдауға мүм­кіндік берді – ваучерлерді 1,5 жастан бас­тап беру қарасты­рылды. Бұл қадам мектепке дейінгі ерте білім алу мүм­кін­діктерін айтарлықтай кеңейтеді, ата-аналарға балаларын білім беру ұйымдарында ертерек оқытуға мүм­кіндік береді.

Сонымен қатар ваучерлік қаржы­ландырудың өңірлерде кеңеюі мектепке дейінгі білім берудің қолжетімділігі мен сапасын арттырып, ата-аналар мен білім беру ұйымдары үшін ашық әрі ыңғайлы жүйе қалып­тастырады. Жаңа жүйе ата-ана­ларға балабақшаны таңдау еркін­дігін береді әрі мекемелер арасында ауысуды ваучерді сақ­тап қалу арқылы жүзеге асы­ру­ға мүмкіндік туғызады. Бұл білім беру мекемелерін өз қызмет­те­рінің сапасын арттыруға ынталандырады.

Бизнес-үдерістерді автоматтандыру және қағазбасты­лықтан бас тарту бағдарламаны басқаруды айтарлықтай жеңіл­детіп, жүйенің ашықтығын толық қамтамасыз етті. Әр бала­ның «цифрлық портретін» жүргізу арқылы ваучерлердің қозғалысын бақылау және мемлекеттік қаржының мақсатсыз жұмсалуының алдын алу мүмкіндігі пайда болды.