Қазір жасанды интеллект арқылы медицина мүмкіндігі молая түсті. Мысалы, рентген сәулесін талдайтын жүйелер дәрігердің уақытын үнемдеп, диагнозды дөп қоятын деңгейге жетті. Бұл – бір ғана мысал. «Astana Hub»-та дәл осындай өзіндік ерекшелігі бар 40 стартап тіркелген. Солардың ішінде «Autism Spectrum», «Daribar.kz», «CerebraAI», «CheckDoc» сынды стартаптардың бәсі биік. Бұл жобалардың бәрін бір сөзбен «MedTech» дейміз.
«Autism Spectrum»
Аутизм – әлем бойынша әлі толық зерттелмеген ауру. Бұл сырқатқа нақты қандай факторлар әсер ететіні де әлі күнге дейін белгісіз. Алайда қол қусырып отыруға болмайтынын түсінген Адия Қызылтаева аутизмді ерте анықтауға арналған қосымша жасап шығарды. Ол өзі Астана қаласындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің 12-сынып оқушысы.
«Менің Алуа деген сіңілім бар. Дәрігерлер оның аутизм диагнозын тым кеш, яғни сегіз жасында анықтады. Соның салдарынан ата-анамыз біраз әбігерге түсті. Өйткені уақытында жасалмаған ем-домның пайдасы жоқ. Бұл жағдай мені де бейжай қалдырмады. Бір күні сабақта мұғалім бізге жасанды интеллект арқылы жоба жасауды тапсырды. Мен көп ойланбай аутизмді ерте анықтауға көмектесетін қосымша жасауды ұсындым. Әрине, қиын жолды таңдағанымды білдім, бірақ қажетті жоба екенін де жақсы түсіндім. Содан бері «Astana Hub»-тың Smart City бағдарламасына қатысып, кейін жобамыз үздік 10 стартаптың қатарына кіріп, қаржыландыруға ие болды. Жақында ғана Астана қаласы әкімдігінің қолдауымен қосымшаны бірнеше емханада іске қосу туралы келісімге қол қойдық», дейді Адия Қызылтаева ағынан жарылып.
Бағдарлама онлайн түрде жұмыс істейтіндіктен оның игілігін интернет желісіне қосылған әрбір адам көре алады. Бұл – әсіресе шалғай ауылдарда тұратын отбасыларға үлкен көмек. Жоба жетекшісінің айтуынша, кішкентай болса да, алға қадам жасаған жөн. Өйткені уақытты босқа жоғалтқаннан гөрі, бұл әлдеқайда тиімді.
«Autism Spectrum» жобасының мақсаты – сырқаттың белгілерін уақытында біліп, қажетті қолдау көрсету. Өйткені қандай да бір дерттің ерте бастан анықталуы оның дауасын дер кезінде табуға айтарлықтай көмектеседі. Біздің қосымшада баланың даму динамикасын бақылайтын жүйе бар, сондай-ақ ата-аналар мен мамандарға арналған пайдалы ақпараттар қарастырылған. Қызмет қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде қолжетімді», дейді стартап жетекшісі.
«Daribar.kz»
Бұл – дәрі табуды жеңілдететін онлайн дәріхана жобасы. Былайша айтқанда, 400-ден астам дәріхананы бір қолданбаға біріктірген жүйе. Қолданбаны «App Store» немесе «Google Market» желісінен тегін жүктеуге болады. Платформаға кірсеңіз бәрі де ұғынықты һәм ыңғайлы. Басты бетте дәрілік препараттар қажетіне қарай жіктелген. Нақты қандай дәрі керегін білмей тұрған адам да бірінші беттегі «Бас ауруы», «Бактерияға қарсы», «Дене қызуы көтерілгенде» және тағы басқа бағанның бірін таңдап, қажет дәрмегін оңай табады. Осыдан соң онлайн-оператордан кеңес алып, іздеген дәрісін сатып алады.
Жобада product manager болып қызмет ететін Әйгерім Әуезбаеваның айтуынша, кез келген дәріге қатысты сұраққа фармацевт-операторлар тегін жауап береді. Олардың бәрі – дипломы бар, жоғары білікті мамандар. «Дәрілерді сатып алғаннан кейін әр адам қолданбаға арнайы баптаулар енгізе алады. Мысалы, дәрігердің жазып бергені бойынша, дәріні қанша уақыт, күніне неше рет ішуі керек екенін жазып қоюға болады. Сонда уақыты келгенде бағдарлама дәрі ішу керегін ескертіп отырады. Біз осылай, емнің толық әрі тиімді болуына үлес қосқымыз келеді. Айтпақшы, аталған қосымша арқылы үйге жеткізу қызметін таңдауға да мүмкіндік бар. Жеткізу уақыты мен ақысы қашықтыққа байланысты есептеледі. Сонымен қатар дәріні брондап, клиент өзіне қолайлы уақытта дәріханаға барып алып кетуге де болады. Еліміздегі фармацевтиканы цифрландыратын кез келді. «Daribar.kz» қолданбасының басты артықшылығының бірі – қолданушыға картадан іздеген дәрісі қай дәріханада бар екенін көрсету. Айта кетейік, қолданбада тек дәрі-дәрмек қана емес, медициналық бұйымдар мен денсаулыққа қатысты басқа да тауарлар қолжетімді», дейді ол.
Қазір «Daribar.kz» жобасымен серіктестік орнатқысы келетін дәріхана қожайындары көп. Өйткені бұл қосымша кәсіпкер үшін де, науқас үшін де өте тиімді. Әзірге қолданбаны Астана, Алматы, Шымкент және Қарағанды қаласының тұрғындары пайдалана алады.
«CerebraAI»
Бұл – жасанды зерде арқылы төрт минуттың ішінде инсультті анықтап, мидың нақты картинасын ұсынатын қосымша. Әдетте бұған дәрігерлердің бірнеше сағаты кетеді. Ал «CerebraAI» жұмысты едәуір жеңілдетеді әрі жылдамдатады.
Жоба жетекшісі Досжан Жүсіповтің айтуынша, дәрігер қолындағы кез келген гаджетпен науқастың диагностикасын көріп, операция қажет болса, жылдам кірісіп кете алады.
«Мәселен, бір науқас инсульт алған болуы мүмкін деген күдікпен ауруханаға түседі. Сосын бірінші миына компьютерлік томография жасайды. Инсульті асқынбай тұрып, ерте қаралғандардың миы әдетте таза болып шығады. Ауру көрінбейді, алайда клиникалық белгілері бар. Бұл – ауру жоқ деген сөз емес. Кейбір батыл дәрігерлер мұндай жағдайда «инсульт белгілері бар» деп, өз бетінше емдейді. Тромболитикалық терапияға арналған дәрілер жазып береді. Осылайша, ұйыған қанды көзбен көрмесе де, сұйылтуға тырысады. Ал «CerebraAI» қолданбасы бірінші түсірілімнен-ақ инсульттің белгілерін анық көруге мүмкіндік береді. 2021 жылдан бері «CerebraAI» еліміздің барлық қаласындағы 90-нан астам ауруханаға тегін орнатылды. Сол арқылы 100 мың науқас тексерілді. 500-ден астам дәрігер жасанды интеллект технологиясын пайдаланды. Ал 46 медициналық мекеме әлі күнге дейін «CerebraAI» мүмкіндігін тұрақты әрі белсенді түрде қолданып келеді», дейді Д.Жүсіпов.
Айта кетейік, аталған жоба АҚШ-тағы TechCrunch нұсқасы бойынша әлемдегі ең үздік стартаптың бірі ретінде танылды. «CerebraAI»-ды белсенді қолданушылар қатарында 700-ден астам невропатолог бар. Сонымен қатар стартап Stanford University-дің 2023 жылғы үздік Digital Health жобасы ретінде танылды, Intel Software ұйымдастырған AI-стартап олимпиадасында бас жүлдені жеңіп, көптеген басқа да халықаралық марапатқа ие болды.
«CheckDoc»
Бұл – 2021 жылы құрылған цифрлық зертхана. Қызмет үйден шықпай-ақ медициналық диагностикадан өтуге мүмкіндік береді. Жобаның идея авторы әрі басқарушысы Тоты Сматованың айтуынша, созылмалы ауруы бар адамдардың басты мәселесі – дәрігерге қаралуға уақыт таппайтыны.
«Қазір көп адам күнделікті жұмыс деп жүріп уақтылы медициналық тексерістен өтпейді. Содан соң ауырып, ем іздеп жүреді. 2020 жылы анам онкологиялық ауруға шалдығып, операция жасаттық. Көп уақыт бойы анализ тапсырып, бірқатар тексерістен өтуі керек болды. Анам толық қалпына келіп үлгермеген соң, үнемі өзім тасып жүрдім. Одан кейін ол тұрақты түрде анализ тапсырып, бірнеше тексерістен өтуі керек болды. Сол кезде адамдар медициналық тексерісті кейінге қалдырмай, оңай әрі жылдам өтетіндей жағдай жасау идеясы келді. «CheckDoc.kz» осылай пайда болды. Бірақ жобаны бірден бастап кетуге қаражат болған жоқ. Таныстарымды тартып, бірінен сайт жасап беруін өтіндім, енді бірінен сайтты жарнамалауды сұрадым», дейді жоба авторы.
Қызметті қолданғысы келген адам «CheckDoc.kz» сайтына кіріп, басты беттен қажет анализ түрін таңдауы керек. Сәлден соң call-орталық операторы өтініш берушіге хабарласып, оның өтінішін растайды. Содан соң «CheckDoc» медбикесі мекенжайға барып, анализді алып кетіп, бірден зертханаға апарып өткізеді. Тапсырыс берген сәттен бастап оны жүзеге асыруға дейін 40-60 минут кетеді. Ал нәтиже бір күнде дайын болады. Нәтиже парағы өтініш берушінің электрондық поштасына жіберіледі.
«Меніңше, медицинаны цифрландыру өте маңызды. Мемлекет адамдардың жылына бір рет check-up-тан өтуін міндеттесе екен деймін. Халық «уақыт жоқ» деп сылтауратпауы үшін, тұрғындардың үйіне дейін барып, анализін алып, тексеруден өткізіп, бұған қоса мұның бәрін тегін жасап тұрсақ, адамдар бас тарта қоймайды деп ойлаймын», дейді Тоты Сматова.