Іле ауданы – өңірдегі экономикалық әлеуеті өте жоғары ауданның бірі. Ірі бизнес орталықтары шоғырланған әрі мегаполиске жақын аймаққа ойдан-қырдан көшіп келіп, қоныстанушылар көп. Сондықтан да қордаланған әлеуметтік мәселелер жеткілікті. Солардың бірлі-жарымын назарға алсақ, аудан орталығында бұрын-соңды болмаған мәдениет үйінің іргесі қаланғанымен, құрылысы төртінші жыл тұралап тұр. Мұндағы облыстық емдеу мекемесінің жай-күйі де мәз емес.
Күрделі жөндеу қажет
Өтеген батыр ауылында Алматы облыстық балалар клиникалық ауруханасы жұмыс істейді. 2011 жылы жұмысын бастаған медициналық мекемеде қабылдау, хирургия, травматология, ортопедия, нейрохирургия, жақ-бет хирургиясы, оториноларингология, офтальмология, соматика, медициналық оңалту, қалпына келтіру емі, онкогематология, анестезиология, реаниматология, қарқынды терапия, жетілмеген, жаңа туған балалар патологиясы бөлімшелері, консультативтік-диагностикалық емхана, күндізгі стационар мен арнайы кабинеттер іске қосылған.
Ауруханада өңірдің барлық ауданынан келетін сырқаты ауыр балаларға мамандандырылған, жоғары мамандандырылған медициналық көмек көрсетіледі. Алайда заманауи диагностикалық емдеу құрылғыларымен жабдықталған, консультациялық-диагностикалық емханасы бар, 230 төсектік орындық көпсалалы балалар стационарында бірқатар проблема қордаланып қалған. Ол жөнінде өңірге келген Мәжіліс депутаттарымен кездесу барысында айтылды.
«Ауруханаға өңірдің барлық ауданынан балалар қабылданып, ем алады. Оларға жоғары білікті дәрігерлер қызмет көрсетеді. Десек те, шешімін күткен мәселелер де жоқ емес. Уақыт өткен сайын ауруханаға қабылданатын науқастар саны артқанымен, оларға бөлінетін қаржы көлемі бұрынғы қалпында қалып отыр. Мұнда Алматы облысы бойынша жалғыз балалар гемодиализ бөлімшесі, күйік орталығы жұмыс істейді, күрделі операциялар жасалады», деген Алматы облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Алмат Тұрысбекұлы қолынан іс келетін білікті мамандар болғанымен, материалдық базаның мүмкіншілігі жетіспейтінін тілге тиек етті.
Аурухананың жан сақтау, онкогематология бөлімдерінің жұмысы өте күрделі. Мұнда науқасы ауыр балалар ем алып жатыр. Ақ желеңді абзал жандар бар білім-біліктерін салып, балалардың аяғынан тұруына жұмыла атсалысып жатыр. Алайда сырқат баланың денсаулығын қалыпқа келтіріп, қатарға қосатын мекеменің күйі кетіп тұрғанын жасыруға болмайды.
«Аурухана іші өте салқын болғандықтан балаларды палатада ұстауға тырысамыз. 2011 жылдан бері күрделі жөндеу көрмеді. Ауруханаға науқас балалар ауыр және өте ауыр жағдайда аудандық ауруханалардан жолдамамен, жедел жәрдеммен, өз бетінше келіп жатады. Оларды қайтара алмаймыз. Талдау көрсеткендей, кейінгі үш жылда ауруханаға келген науқас балалар саны 29 пайызға артқан (2022 ж. – 7 446, 2023 ж. – 9 661, 2024 ж. – 10 400 бала). Әсіресе, науқастардың жағдайының ауырлығына байланысты, өмірлік көрсеткіштеріне сәйкес, стационарлық деңгейде ем алу қажеттілігіне қарай жедел түрде жатқызылатын науқастардың саны артып келеді. Балалар ауруларының сипаты мен қажеттіліктері жиі өзгеріп тұрады. Осыған байланысты желілік шкаланы балалар клиникаларына қолданбау бөлігінде өзгертулер енгізуді ұсынамыз. Бұл өзгерістер медициналық қызметтерді сатып алу шарттарының тиімділігін арттырып, балалардың денсаулығын қорғауға қосымша жағдайлар жасауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар дәрі-дәрмектер, медициналық құрал-жабдықтар, коммуналдық қызметтер, тағы да басқа бағалардың өсуін, қызметкерлердің еңбек өтілі мен санаттылығы бойынша жалақы қорының ұлғаюын, жалпы жылдық инфляция 8–10 пайыз деңгейінде қалыптасатынын ескере келе, аурухананы қаржыландыру көлемін ұлғайту қажет», дейді аурухана директорының медициналық қызмет сапасын бақылау жөніндегі орынбасары Назым Серікқызы.
Бала денсаулығына жауапты медициналық мекемеге заманауи МРТ аппараты мен орталық оттегі стансасының қажеттігі кезек күттірмейтін мәселе. Бұл құралдар ауруханада жүргізілетін диагностика мен емдеудің сапасын айтарлықтай арттырып, пациенттердің жылдам әрі тиімді ем алуына мүмкіндік беретін болады. Сондай-ақ науқас балаларды басқа медициналық мекемелерге жеткізуге реанимобиль көлігі де ауадай қажет.
«Сақалды» құрылыс қашан аяқталады?
Өтеген батыр ауылындағы 400 орындық мәдениет үйінің құрылысы сағызша созылып, тұралап тұрғалы біраз жылдың жүзі болды. Өткен жылдың басында жергілікті билік өкілдері басқосып, жұмыс барысы мен қаржыландыру мәселелерін талқылады. 2022 жылы басталған жоба келесі жылдың маусым айында пайдалануға берілуге тиіс еді. Өкінішке қарай, миллиардтап қаржы бөлінгенмен, кестеден кешігіп келеді. Бүгінде құрылыс жұмыстары жартылай ғана аяқталған. Жауаптылардың айтуынша, алғашында мәдениет үйінің жобасында кемшілік анықталған, жер дауы да құрылысты қосымша тұсаулаған. Құрылыс материалдарының қымбаттауы да қаражат тапшылығын туындатып отыр. Мердігердің там-тұмдап жасаған жұмыс нәтижесінде сыртқы қапталы жабылып, екінші қабатта әрлеу жұмыстары басталғаны байқалады. Аудан атқамінерлері жобаға жауапты тараптардың әрекеті мен қаржының дұрыс игерілмеуі салдарынан «сақалды» құрылыс атанған нысан қазіргі келісімшарт бойынша алдағы алты айдың ішінде аяқталатынын айтты.
Іргелі Іле ауданының орталығында бой көтерген бұл нысан ірі көлемдегі мәдениет үйі болмақ. Аудан көлемінде іс-шараларды өткізу үшін тұрғындар жылдар бойы Байкент ауылындағы мәдениет үйіне сабылады. Осы түйткілді мәселенің түбегейлі шешім табуын барша халық зарыға күтіп отыр.
«Құрылысқа облыстық бюджеттен 2,2 млрд теңге бөлінген. Алайда қаржының уақтылы бөлінбеуі салдарынан құрылыс белгіленген мерзімде аяқталмады. Өткен жылдың сәуірінде мерзімді тағы ұзарту туралы келісім жасалып, жобаның аяқталу уақыты биылғы жылдың шілдесіне шегерілді. Құрылысқа жауапты мердігер – «AK Construction Company» ЖШС. Қазіргі таңда құрылысты толық аяқтау үшін қосымша 805 млн теңге қажет», дейді аудандық құрылыс бөлімінің басшысы Айдос Күнесбайұлы.
Айта кетер болсақ, «Amanat» партиясының «Халықпен бірге!» сайлауалды бағдарламасы аясында 2027 жылға дейін өңірде 25 мәдениет үйінің құрылысы, 27 мәдени нысанның күрделі жөндеу жұмыстары жоспарланған. Биыл 9 мәдениет үйінің құрылысы, 6 мәдениет үйіне күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Соның бірі – Іле ауданының Боралдай ауылында мәдениет ошағының құрылысы қаланып жатыр. 280 орындық жобаның жүзеге асуына облыстық бюджеттен 841 млн теңге қарастырылған.
Алматы облысы