Арыстандай аруақты Мұхтар Мағауин ұлтының адал перзенті еді. Бар саналы ғұмырын қазақтың азаттығы мен теңдігі жолына арнаған Алаш зиялылары сияқты күллі ғұмырын қазақ әдебиетінің биік болуына, өр болуына, төр болуына қызмет қылған алтын айдарлы ұл болды. Соңына сарқылмас қазына қалдырды. Оның басы өз жанынан артық сүймесе кем сүймеген хакім Абай мен дана Шәһкерім туралы терең мағыналы толғаулардан бастап, соңы Шыңғыс қаған мен Алтын Орда дәуірімен тебіренетін эпос-эссе болып тиянақ тапты.
Көркем әдебиеттің көкжиегін кеңейтуге «Тазының өлімі» повесімен айғайлатып, мойындатып келіп еді. Ілияс ағасындай (Есенберлин) қазақ тарихи романдарының ішінде қайталанбас хас стильді «Аласапыран» романын тудырды. Әзірге мұндай көркем кестелі, айрықша композициялы, отаршылдықтың қан-жынын барынша шеберлікпен ашық ақтарып тастаған тарихи романды қазақ қаламгерлері арасынан ешкім де жаза алмағаны ақиқат.
«Қобыз сарыны» санасын сәулелендірген, танымын тереңдетіп, тарихи жадын кемелдендірген жазушы соны мәнерлі «Сары қазақ» пен шеберлік үлгісі етіп «Шақан-Шері» романдарын, жігіттік шағында жазған «Қара қыз» бен «Жыланды жаз», «Өмір жырындай» повестері мен егде тартқан шағында Толстой сияқты «Гөтенің махаббаты» мен «Кесік бас» хикаяттарын берді. «Әйел махаббаты» мен «Архив хикаясы» секілді қаншама қалпы бөлек әңгіме тудырды.
Әлбетте, ол – тек Мағауинге тән қайталанбас стиль еді.
Мұхаң шығармаларында қазақ ұлтына қылау жұқтырмайды. Суреткерлік болмысы да сондай таза. Шұбартау мен Бақанас даласының ауасындай кәусар да саф, Ертістің суындай мөлдір де тұнық. Енді сонымен сусында, оқырман қауым!..
Бақұл бол, ел абызы! Қош бол, асыл аға! Сіз Алаш төріндесіз!
Асқар АЛТАЙ,
жазушы