• RUB:
    6.32
  • USD:
    510.06
  • EUR:
    566.32
Басты сайтқа өту
Қоғам 10 Қаңтар, 2025

Ұлт намысының темірқазығы

55 рет
көрсетілді

Мұхаңмен осыдан жиырма күндей бұрын телефондасып, емделіп жатқанын білгенмін. «Тәуір боп қал­дым, Құдай бұйыртса, қолға алып жатқан 27-томның ауы мен бауын бітіремін, тағы басқа жазсам ба деп жүрген дүниелер баршылық...» деген. Асыл ағаның мейірімге толы, сәл қарлығыңқы жылы дауысын сол сәт соңғы рет естіп тұрғанымды қайдан білейін.

Мұхтар Мағауин – қазақ сөзін жаңа заманда сапалы сатыға кө­тер­ген, шеберлік шыңына жет­кен қайталанбас бірегей талант. Жөргегінен Абай жырының әуезі­мен әлдиленіп өскен хас саң­­лақ туған әдебиетімізбен бірге көктеп, бірге жапырақ жайды. Ұлты­мыздың рухани болмыс-бітімін, мерейлі биігін, өкінішті мұң-зарын, мың жығылып-мың тұрған тайғақ кешуін Мағауин шығар­ма­ла­рынсыз елестету мүм­кін емес. Әдебиетіміз бен тарихымыздың өткені мен бүгініне үңілсек, маңдай түзер намысты темірқазығымыз – Мұхаңның жауһар дүниелері екені талас­сыз.

М.Мағауин – алғашқы туынды­­сымен-ақ әдебиет табалдырығын құбылыс болып аттаған теңдессіз тұлға. «Қобыз сарыны» монографиясы мен «Алдаспан» антологиясын жас талап жазды дегенге иланудың өзі қиын. Бұрын ғылыми ортаға беймәлім, құпиясы қырық қат жыраулар поэзиясын зерделеу арқылы таным-түсінігімізге тың өріс ашып, әдебиет тарихын тұтастай үш ғасырға тереңдетті. Бұл сол тұстағы қатып-семіп қалған ғылыми қасаң догмаға жалғыз өзі қасқайып қарсы шапқан жеке батырдай көзсіз ерлікпен пара-пар жанкештілік еді. Кейбір бақайесеп күншілдер идеологиялық қыра­ғы­лық танытқансып күңіренсе де, Мүсірепов, Марғұлан сынды даналар әдебиет көгінде жарқырап туған жаңа жұлдызға таңырқай қарап, ақ батасымен алқады.

Қазақтың қала прозасына алғаш қа­лам тартып, тыңнан тү­рен сал­ғанның бірегейі де Мағауин. Оның студенттер мен қала интел­­лигенциясының рухани кел­бетін көркем айшықтаған «Қара қыз», «Көкмұнар» романдары жастары­мыз­дың басына жастанып жатып оқитын шығармаларына айналды.

Тарих – жазушының айрықша стихиясы. «Қобыз сарыны» асқақ аңсар «Аласапыранға» жалғасып, одан «Шыңғыс хан» атты төрт томдық, «Алтын Орда» сынды ұлы эпо­пея­­ларға ұласты. Осы цикл ар­қылы қазақтың түп тарихы түгел­дей көркем хатқа түсірілді десек, асылық айтқандық болмас.

Қызыл империя кезіндегі ұлты­мызды үсті-үстіне сорлатып, омырт­қасын үзген қанқұйлы зобалаңдар Мағауин­нің қаламынан тыс қал­ған жоқ. Тізбекті нәубеттің бәрі де «Сары қазақ», «Шақан-Шері», «Кесік бас – тірі тұлып», «Мен», «Балақан», «Қыпшақ аруы», «Бір атаның балалары», «Жармақ», «Жылан жылғы балалық» т.б. роман-хикаяттарында шынайы көр­кем­­дік­пен көрініс тапты.

Мұхаң үшін азаттықтан асқан қастерлі ұғым жоқ. Тәуелсіздік алған бетте бар жұмысын ысырып қойып, «Қазақ тарихының әліппесін» жазып, ұрпақ санасын серпілтуді бастап кетті. Ол қаламымен ұлт намысын оятты.

Бүгінгі жаңарудың ұлттық идео­ло­гиялық тұғырнамасын Мұхаң сонау 90-жылдардың басында әйгілі «Ұлттың күре тамыры», «Ұлтсыздану ұраны» тәрізді аналитикалық эссе кітаптарында айқындап берді... Мұны ұмытуға бола ма?

Кел, өксікті бауырлар, қазалы сәтте бір-бірімізге сүйеніп тұрып, ұлы жазушы Мұхтар Мағауиндей елді-жерді сүюді, ар алдында адал болу­ды өз бойымызда бекем етіп, ұр­пақ­қа да дарыта білуге серт берейік!

 

Тұрысбек Сәукетаев,

жазушы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты