Қайран бауырым, Мұхтар! Мына хабардың аты қандай ауыр еді. Сен жайнап тұр емес пе едің? Жадырап, қынабынан суырылған алмастай жарқырап тұр емес пе едің?
Алтай тауы тамам таудан жоны биік болса, сен қазақ әдебиетіндегі жоны биік асқар тау едің. Асқар таудың басын бұлт шалыпты ғой. Жылатып қойдың ғой мені... 92 жасқа келген Әкім ағаң сенімен жылап қоштасып отыр. Сенің сонау Америкадан маған жолдаған сәлеміңді қайта-қайта көріп, боркеміктей езіліп отырмын. Қазір жазушылардың ішіндегі жасы үлкені мен ғана шығармын. Көңіл құлазып қалды. Өзің білетін қатал, қайсар Әкім ағаңа мына хабар ауырлау тиіп отыр. Бір тұлпарға он жабы татымайды ғой. Мың қарға бір сұңқарға татымайды ғой. Сенің сойың да, ойың да озық еді. Соңыңда қалған қайран жұртың, өзің қастерлеп өткен қазақ жұртың аман болсын деймін де! Қош бол, Алаштың арда ұлы Мұхтарым!
Әкім ТАРАЗИ,
Қазақстанның Еңбек Ері, Мемлекеттік сыйлықтыңлауреаты