Режиссер Гүлшат Смағұлованың «Шатырдағы екеу» фильмі Калькутта қаласында (Үндістан) өткен «Алтын арыстан» (GLIFF) халықаралық кинофестивалінде екі аталым бойынша жеңімпаз атанды. Туынды «үздік толықметрлі фильм» деп танылып, Best Debut Filmmaker Of Feature Film номинациясында жеңіске жетті.
Айта кетейік, режиссердің алғашқы фильмінің шығармашылық құрамы да дебютанттардан тұрады. Атап айтсақ, продюсер – Әлия Шәріпбаева, сценарий авторы – Жанна Тимофеева, қоюшы-суретші Елена Айтова, актриса Лидия Ярцева.
Бұдан бөлек кинотуынды былтыр Нью-Йорктегі Oniros Film Awards беделді конкурсының ширек финалына шыққан еді.
Кинокартина Мәдениет және ақпарат министрлігі мен Ұлттық киноны қолдау орталығының қолдауымен түсірілген. «Шатырдағы екеу» фильмінде тағдыры қиындыққа толы Дамир мен аутизмге шалдыққан Костяның арасындағы достық суреттеледі. Шығармашылық топ картинада инклюзияның маңызын және ерекше балалардың қоғамға бейімделу мәселесін көтерген.
Маржан Қуатқызы