• RUB:
    6.32
  • USD:
    510.06
  • EUR:
    566.32
Басты сайтқа өту
Аймақтар 10 Қаңтар, 2025

Жоспар бекітіліп, жұмыс басталды

46 рет
көрсетілді

Үкімет отырысында Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай Жұмысшы мамандықтары жылын өткізу жөніндегі іс-шаралар жоспары бекітілгенін және өңірлік штаб өз жұмысына кіріскенін хабарлады.

2025–2026 жылдары оқу-зерт­ханалық корпусын ашу, жаңа идея­лар хакатонын, халықаралық «DostiSkills-2025» салалық чемпио­натын, халықаралық салалық ак­кре­­дит­теуді өткізу жоспарланып отыр. Сондай-ақ ІТ hub және жұ­мыс берушілердің қолдауымен құзырет­тер орталығын ашу, бизнестің нақты сұраныстары бойынша нысаналы білім беру тапсырысын ұлғайту және өңір колледждерінде жаңа мамандықтар ашу қарастырылған. Н.Бекбосынов атындағы Маңғыстау энергетикалық колледжі «Сумен жабдықтау және су бұру жүйелерінің тазарту құрылыстарын пайдалану», О.Тұрмағамбетұлы атындағы Маңғыстау индустриялық-техника­лық колледжі «Гидрогеология және инженерлік геология» мамандығы бойынша кадр даярлайды.

Қазіргі уақытта колледждердің білім беру бағдарламалары Жаңа мамандықтар атласының өзекті талаптарына сай болу үшін жаңар­тылып жатыр.

«Өңірде 2022 жылы еңбек нары­ғына сай жаңа мамандықтар ашу, жұмыспен қамтудың тұрақтылығын қамтамасыз ету мақсатында «Жаңа мамандықтар атласы» іске асырылып, сұранысқа ие білім беру, туризм, мұнай-газ саласындағы мамандықтар айқындалды. Нысаналы қаржылан­дыру шеңберінде Есенов атында­ғ­ы университет жоғары оқу гранты не­гізінде былтыр және биыл Маң­ғыстау облысының жаңа кәсіптер мен құзыреттіліктер атласы жұмысын жалғастыруда. Осы жылы құрылыс, энергетика, логистика салаларына басымдық беріліп отыр. Қазір құжатқа сәйкес техникалық және кәсіптік білім ұйымдарының оқу бағдарламалары бойынша микро­бі­ліктіліктерді жаңар­ту жұмыстары жүргізілуде. Колледж­дерде салаға бейіндеу жұмыстары кезең-кезеңімен атқарылады. Білік­ті мамандарды даяр­лау 89 маман­дықтың 129 білікті­лігі бойынша оқыты­лып жатыр. 2024–2025 оқу жылына 65 мамандықтың 92 біліктілігі бойынша 5 615 орынға мемлекеттік білім беру гранты бөлінді. Оның ішінде 70 жұмыс беруші мен колледж арасында келісімшарт негізінде нақты сұранысына сәйкес мемлекеттік білім беру грантына 580 студент қабылданды. Олар – біз­дің өңірдегі «Казкор-Транссервис», «Озенс­пецстрой», «ҚазАзот» секілді ірі-ірі мекемелер», деді Маңғыстау об­лы­сының әкімі Н.Қилыбай.

Колледждердің материалдық-техникалық базасын жақсарту үшін 2025 жылға қарай Маңғыстау ин­дустриалды-техникалық коллед­ж­ін­де емхананың бұрынғы ғимаратын оқу-зертханалық корпусқа қайта жос­парлау жүргізіліп жатыр. Бейнеу ауданындағы екі колледж үшін жаңа ғимаратты жобалау қолға алынды.