• RUB:
    6.63
  • USD:
    520.39
  • EUR:
    609.58
Басты сайтқа өту
Спорт 10 Қаңтар, 2025

Шыныққан бала шымыр болады

50 рет
көрсетілді

56 жыл спорт саласында қызмет атқарған азамат ретінде мені ойландыратын мәселенің бірі – жауынгер дайындығы. Астана қаласынан әскерге шақырылған 10 азаматтың 5-еуі жарамсыз, бұл көрсеткіш Шымкентте – 7, Алматыда – 9. Мәліметтерді Астана қалалық әскери комиссариаты, Шымкент қаласынан майор Омар Айтқазин, Алматыдан әскерге шақыру комиссиясының төрағасы Бахадыр Нарымбетов жариялаған деректерге сүйеніп айтып отырмын.

Ғылым докторы С.И.Гуськов есейген шақтағы аурулардың 40%-ы 5-7 жастан жабысатынын айтады. Бұған не себеп? Астана қаласында 546 балабақша бар, соның 100-і мемлекеттік, 443-і жекеменшік, 3-еуі ведомстволық. Ертеректе балабақшалардың қоршалған үлкен алаңы болатын, кішкентай шаң­ғыларын, шаналарын алып шығып, алаңда тәрбиешілердің бақылауымен таң­ғы, түскі астан кейін ойнайтын. Қазіргі жекеменшік балабақшалардың көбінде балалар ойнайтын орам жоқ.

Айталық, Астанадағы «Турист» қонақ­үйінің маңында 2 балабақша орналасқан. Ақан сері көшесіндегі балабақшада көлемі 4х15 м ғана балалар алаңшығы бар. Санитарлық талап бойынша әр балаға 4 шаршы метр көлемінде ойнайтын жер болуы керек. Ғалымдардың айтуынша, бала бір тәулікте кемінде 3 сағат далада таза ауа­да жүруі тиіс, олай болмаса түнгі ұйқысы бұзылып, сергек оянбайды. Кезінде, қайтсе де балабақша мәселесін шешеміз деп осындай олқылықтарға көз жұмып, сертификаттарды үлестірген тиісті орындар өскелең ұрпақтың денсаулығын ойламағандығы осыған әкеп соқтырып отыр. Статистика бойынша 2021 жылы 2723, 2022 жылы 1760 бір жасқа толмаған сәбилерден айырылдық.

Дәрігерлер өмірге келетін әр пер­зенттің күш-қуаты анасының денсау­лығымен тығыз байланысты екенін айтудай-ақ айтып келеді. Осыған қан­шалықты мән беріп отырмыз?

Қазіргі ата-аналар далаға шықса балаларының қыңқылынан құтылу үшін дүкеннен неше түрлі денсаулыққа пайдасыз, тіпті зиянын тигізетін тағамды алып беріп құтылады. Соның салдарынан үйдегі тамақты ішуден қалады, асқазаны бұзылады, күш-қуаты дамымайды, бұл­шық еттері қалыпты өспейді. Әсіресе спортпен айналысып жүрген жастарға еті мен сорпасы бар тамақ қажет. Баланы жақсы көру дегенді айтқанын орындау емес, пайдалы астың қасиетін, зиянды тамақтың зардабын санасына сіңіру деп ұғыну керек.

Енді мектепке келейік. Мектепті бітірген әр бозбала – болашақ жауынгер. Мектепте 11 жыл бойы күш-қуатын дамытып, Отан алдындағы борышын өтеуге дайын болуы міндетті. Әскерге барған жас жауынгер 3 шақырым кросс жүгіріп, белтемірде тартылып, ке­дер­гі­лерден секіріп өте алмаса, ол қан­дай сарбаз?

Астана қаласы мектептерінің шамамен он шақтысында ғана шаңғы бар дейді мектеп ұстаздары. Сонда қалғандары шаңғы сабағын қалай өткізеді? Бұл олқылық шаңғыдан әлем чемпионы, Лиллехаммер Олимпиадасының (1994) жеңімпазы, әйгілі шаңғышы Владимир Смирновтың туған аймағында орын алып отыр десек, шетелдіктер нанбас. Мектептердің спорт алаңдарында жеңіл атлетикадан найза, диск лақтырып жат­қанын көрмеппін. Қасымыздағы мектепте ұзындыққа секіретін арнайы орын да жоқ. Волейбол, футбол, баскетбол ойындарын үйретуде екі адамға бір доп болуы қажет. Сабақтың сапасы кеткен соң оқушылардың қызығушылығы да төмендейді.

Еліміздің қауқарлы, қалталы азаматтары жаппай мейрамхана салу, тойларда жүлдеге машина тігудің орнына өзі бітірген мектепке спорт бұйымдарымен жабдықталған спортзал, компьютерлік бөлмелер сыйға тартуды қолға алса, шір­кін. Спорттық кешендер салу, орта мектептерді толық қажетті бұйымдармен жабдықтау, халыққа серуендейтін саябақ, жаттығуға арналған жаяу, велосипедпен жүйткитін, шаңғымен жүгіретін соқпақ жолдар салуға келгенде кейде қаражат жетпей жатады.

Мектептегі дене тәрбиесін қалпына келтіріп, заманымызға сай спортзалы, бассейні, спорттық алаңы, қажетті спорттық бұйымдармен жабдықталған инфрақұрылымы болуы әзірге арман ғана. Ағылшындар сияқты ең қажетті үш сабақ: ағылшын тарихы, ағылшын тілі, дене шынықтыруды ұлттың қуаты деп алға қоймасақ, елімізді қорғайтын жауын­гер ұрпақ тәрбиелей алмаймыз. Кезінде 30 жастағы канадалықтардың күш-қуатын салыстырғанда швед халқының 60 жастағысымен тең деңгейде екенін түсінген ғалымдары мәселені шешу жолы тек мектептегі дене тәрбие сабағын жетісіне 3 рет 90 минуттан өткізу қажет деп тапқан. Біз болсақ тек құртуды көздеген сияқтымыз.

Өскелең ұрпақты өркениетті қоғамда бас бостандығын, ар-намысын қорғай алатын, адамзат құндылықтарын бағалай білетін жаны ізгі, иманды, көпшілік мінез-құлықты, іскер, дені сау, ой еңбегі мен дене еңбегіне бірдей қабілетті азамат етіп тәрбиелеудің мән-маңызы ерекше. Сол тұрғыда дене тәрбиесінің бала тәрбиесіндегі атқарар әлеуметтік ықпалы зор. Демек тәрбие саласын қалыптасқан жағдайға жаңаша көзқараспен қарай отырып, жан-жақты дамыта берген жөн.

 

Ерсайын НАРЫМБАЕВ,

зейнеткер

 

АСТАНА