• RUB:
    6.32
  • USD:
    510.06
  • EUR:
    566.32
Басты сайтқа өту
Қоғам 13 Желтоқсан, 2024

«Ұлы дала» әдеби байқауы қорытындыланды

355 рет
көрсетілді

Тәуелсіздік күні қарсаңында елордада «Amanat» партиясы ұйымдастырған дәстүрлі «Ұлы дала» республикалық шығар­машылық байқауы қорытын­дыланды. Биыл әдеби сайыс жазушы, қазақ балалар әдебиетінің классигі Бердібек Соқпақбаев­тың 100 жылдығына арналды.

Өз сөзінде Мәжіліс спикері, «Amanat» партиясының төрағасы Ерлан Қошанов Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ұлттық мәдениет пен әдебиетке ерекше назар аударатынын атап өтті. Мәселен, былтыр Президент «Қазақстанның халық жазушысы» атағын қайтарды, сондай-ақ оның бастамасымен келесі жылдан бас­тап 23 сәуір Ұлттық кітап күні ретінде аталып өтіледі.

– «Amanat» партиясы ұйым­дас­тыр­ған «Ұлы дала» байқауы Мемле­кет басшысының ұлттық әдебиетке жүйелі қолдау көрсету жөніндегі саясатының жалғасы саналады. Біздің байқауымыз отандық таланттардың дамуына түрткі болды. Биылғы байқау балалар әдебиетінің классигі Бердібек Соқпақбаевтың 100 жыл­дығы аясында өткізілді. Мем­лекет басшысының қолдауы­мен жыл бойы елімізде ауқымды іс-шаралар өтті. Жазушының туған жерінде еңселі ескерткіші ашылды. Париждегі ЮНЕСКО-ның штаб-пәтерінде Бердібек Соқпақбаевтың 100 жылдығына арналған конференция өтті, – деді партия төрағасы.

Е.Қошанов «Amanat» партия­сы жас таланттарды, қарым­ды қалам­герлерді ұдайы қолдай­ты­нына баса назар аударды.

– Бәріміздің ойымыз да, мақсатымыз да бір. Бұл – елге қызмет ету, мемлекетіміздің болашағы үшін аянбай тер төгу. Ал мемлекеттің мүддесі жолында адал қызмет етіп, елдің рухын көтеріп жүрген тұлға, ол – біздің Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев. Байқасаңыздар, Мемлекет басшысы осы рух деген сөзді жиі айтады. Әділдік, адалдық, отансүйгіштік, еңбекқорлық, оның ішінде адал еңбек сияқты құндылықтарға ерекше мән береді. Өйткені бұл құндылықтар елдің рухын көтереді. Сіздердің шығармаларыңызға да осы қасиет­тер, құндылықтар, елдегі оң өзге­рістер арқау болуға тиіс деп ой­лаймын, – деді Мәжіліс төрағасы.

«Ұлы дала» байқауы бесінші мәрте өткізіліп, осы уақыт аралы­ғында игі дәс­түр­ге айналды. Биыл байқауға қатысу­шылардан келіп түскен шығарма­ларды іріктеу жұмысы 1 тамыздан 30 қазанға дейін жүргізіліп, ақтық сынға 150 шығар­ма іріктелді. Оның барлығы аikyn.kz сайтында арнайы «Ұлы дала байқауы» айдарымен орналастырылды.

«Поэзия» аталымында бірінші орынды ақын, adebiportal.kz жетекшісі Ықылас Ожайұлы иеленді. Екінші орынды ақын, журналист Мұхтар Күмісбек, үшінші орынды ақын, журналист Ислам Қабулұлы алды.

«Проза» аталымы бойынша жазушы, педагог Гүлжан Қанатқызы үздік деп танылды. Екінші орынды жазушы, мұғалім Рамазан Жеткізгенұлы, ал үшінші орынды жазушы Тоқтарәлі Таң­жарық иеленді.

«Балаларға арналған шығар­ма» аталымында Серікжан Нұрбақытұлы жеңімпаз атанды. Екінші орын жазушы Айнұр Омароваға, үшінші орын ақын әрі театртанушы Әбіл Нұрисламға бұйырды.

«Драматургия» аталымында бірінші орынды драматург Қолғанат Мұрат, екінші орынды жазушы Рахат Әлішер, үшінші орынды ақын Ақжан Аманжол иеленді.

«Әдеби сын» аталымында Ақерке Асан жеңімпаз атанды. Екінші орынды ақын, сыншы Тілеубек Батыс, үшінші орынды Арман Әділбек иеленді.

Сонымен қатар Ілияс Жансү­гіров, Сәкен Сейфуллин және Бейімбет Майлиннің туғанына 130 жыл толуына орай тағайындалған «Үш бәйтерек» арнайы жүлдесі ақын Алмас Темірбайға табыс­талды. Жазушы әрі аудармашы Жадыра Шамұратова «Алаш аманаты» арнайы сыйлығын иеленді. Ал Бердібек Соқпақбаевтың 100 жылдығына арналған арнайы сыйлық ақын, әдебиеттанушы Алтынбек Мерсадыққа бұйырды.

Айта кетейік, байқау аясында Бердібек Соқпақбаевқа арналған көрме ұйымдастырылды. М.Ты­ныш­паев атындағы тарихи-өлке­тану мұражайының қызметкерлері Астанаға балалар әдебиеті классигі шығармаларының алғашқы басылымдарын, құжаттары мен жеке заттарын әкелді.