Ғасырлық тарихы бар «Egemen Qazaqstan» газеті халықтың көкейінде жүрген қаншама мәселені қаузап, оң шешімінің табылуына септесті. Бес жыл бұрын бас газетте «Елу жыл бұрынғы ескі паром елді қашанғы әуреге түсіреді?» атты мақала жарық көріп, Президент назарына ілінген. Мемлекет басшысы дереу әлеуметтік желі арқылы үкіметке көпір салу жөнінде тапсырма беріп, өз қадағалауына алған.
Елу жылдан бері Күршім, Марқакөл халқын әуре-сарсаңға түсірген өткел мәселесі бір-ақ сәтте шешіледі дегенге сену өте қиын еді. Себебі осы уақытқа дейін бұл мәселені журналистер де, Парламент депутаттары да сан мәрте көтерген. Бірақ нәтиже болмаған. «Егеменге» шыққан мақала елең еткізді. Шындығында, Бұқтырма су қоймасы салынғаннан соң Күршім мен Марқакөл өңірлері аралда қалғандай күй кешкен. Себебі төте жолға су көтеріліп, жолаушылар арғы жағадан паром арқылы өтуге мәжбүр болған.
Әуелде қол паром іске қосылыпты. Үлкен паромдар бертінде екі жағаны жалғаған. Оның өзінде бірде сынып, бірде тұрып, жолаушылардың наразылығын тудырар еді. Көктем мен күздің күні қос ауданның тұрғындары Үлкен Нарын немесе Зайсан арқылы қатынауға мәжбүр болған. Неге десеңіз, мұз қабыршықтана қата бастағанда паромның жылжуы да қиын еді. Ал мұз бетімен жүру қауіпті. Тәуекелге бел буған жүргізушілердің қаншамасы мұз жарылып, су түбіне кетті? Алдыңғы жылдың өзінде бір трактор, бір жеңіл көлік мұз астына кетіп, кейуана ажал құшқан. Мұндай мысалды мыңдап болмаса да, жүздеп келтіруге болады. Қайбір жылдары Күршім ауылында үйлену тойы болып, паромның жүрмей қалуына байланысты екі жас бергі жағада қалғаны бар. Сөйтіп, үйлену тойы екі жассыз өтіпті.
Көпір қос ауданның қай заманнан бергі арманы еді. Аудан тұрғындарының қатынауына ғана емес, экономикалық, стратегиялық маңызды нысан болады дескен ел. Айтқандай, аз уақыттың ішінде ел аңсаған нысанның қазығы қағылып, құрылыс қарқын алған. Тиісті қаражат да үздіксіз бөлініп отырды. Құрылыс бір минут та дамылдаған жоқ. Алдымен техникалық көпір түсті, артынша қаз-қатар көпірдің тіреуі құйылды. Жұмыстың ең қиыны да сол болса керек. Су астына темір құбыр барынша қағылып, оған бетон құйылған. Бетонның беріктігін Өскемендегі Д.Серікбаев атындағы университеттің ғалымдары қадағалап отырған. Осы орайда айта кетерлігі, бір шақырымнан асатын ұзын көпірдің құрылысына бірде-бір шетелдің маманы тартылған жоқ. Былтыр дәл осы уақытта техникалық көпір түйісіп, оның өзіне қуанған ел. Соның өзінде көпірдің мерзімінде аяқталады деген уәделі сөзге жұрт күмәнмен қараған. Алайда қос ауданды ғана емес, бес бірдей ауданға жол ашқан Күршім көпірі қазан айында ашылып, Шығыс болып тойлады. Көпірдің кіреберісіне бірқатар аудан киіз үй тігіп, қазан көтерген.
Республика күнімен тұспа-тұс келген қуаныш өте жоғары деңгейде тойланды. Ақтарылып ақ тілектер айтылды. Күршім көпірінің салынуына үлес қосқан азаматтар марапатталды. Алғысқа бөленгендердің қатарында «Елу жыл бұрынғы ескі паром елді қашанғы әуреге түсіреді?» атты мақаланың авторы, сол кездегі «Egemen Qazaqstan» газетінің меншікті тілшісі Азамат Қасым да бар еді. Азаматтың айтуынша, күрделі әрі күрмеулі мәселенің шешілуі – «Егеменнің» абыройы. Рас, әйтпесе бұған дейін қаншама БАҚ өкілдері шырылдап тұрып, Күршім өткеліндегі проблеманы жазды, айтты. Беделді депутаттар да үкіметтің табалдырығын тоздырды. Сөйтіп, «Егеменге» шыққан шағын ғана мақала елу жылдан бергі елдің арманын орындады. «Газет халықтың көзі, тілі, һәм құлағы» деген Алаш арысы Ахмет Байтұрсынұлының сөзі ойға оралған. Газетке түскен әр сөз – тасқа қашалған тарих.
Көгедай ШӘМЕРХАН,
ақын
Шығыс Қазақстан облысы