• RUB:
    6.32
  • USD:
    510.06
  • EUR:
    566.32
Басты сайтқа өту
Егемен Қазақстан 11 Желтоқсан, 2024

«Еңбекші қазақ» туралы цифр не дейді? (оқушыларымызға есеп орнында)

54 рет
көрсетілді

«Egemen Qazaqstan» газеті «Еңбекші қазақ» атанған тұста жарық көрген бұл мақаланың құндылығы сол – басылымды шығару, тарату ісінің қай кезде де күрделі үдеріс екенін бағамдауға мүмкіндік береді.

«Еңбекші қазақ» газетінің күнделік болып шыға бастаған уағы – Қызылордаға келген соң, декабрь айының басы, 1926 жыл. Қазір жетінші айға кетіп отыр. Басқарма бұдан 2-3 ай бұрын июльдің 10-нан бастап, февральдің 10-на дейін (6 ай) «Еңбекші қазақта» мақалалардың, уақ хабарлардың қанша басылғанын, кім-кімдердің газетке жазып келгенін, қандай бөлімдердің барлығын, газеттің қай гүбірнеде қанша таралып, қай жерден хабарлардың көп жазылғанын байқауға есебін алды.

І Алты айда газетке басылған хабарлар:

Сырдариядан 568 хабар басылған; Ақмоладан 222 хабар басылған; Ақтөбеден 196 хабар басылған; Семейден 191 хабар басылған; Орал-Бөкейден 165 хабар басылған; Қостанайдан 84 хабар басылған; Жетісудан 65 хабар басылған; Қарақалпақтан 36 хабар басылған; Адайдан 25 хабар басылған;

Бәрі : 1553 хабар.

Орта есеппен әр газетке 15-25 хабар, ел хаттары басылып отырған болып көрінеді.

Соңғы уақытта бұдан да көп басылады.

Партия бөліміндегі ұсақ хабарлар бұл есепке кірген жоқ. Олар – 80.

 

ІІ Алты айда қай бөлімге қанша ірі мақалалар басылған?

Шаруашылық бөлімі – 230 мақала; Партия бөлімі – 91 мақала; Ағарту бөлімі – 73 мақала; Жалшы-батырақ – 55 мақала; Кеңес құрылысы – 50 мақала; Тілшілер-баспасөз жайы –33 мақала; Әйелдер бөлімі – 24 мақала; Денсаулық бөлімі – 33 мақала; Жастар бөлімі – 9 мақала; Науқанға арналған – 30 мақала; Айтыс мақалалар – 23 мақала; Сот бөлімі – 21 мақала;

Барлығы: 682 мақала.

Бұл – негізді бөлімдер. Бұлардан басқа газет сайын «Сыртқы хабарлар», «Ұлт республикаларында», «Гүбірнелерде», «Ел шаруа­ларымен әңгіме», «Өлкелік мекемелерде», «Сын», «Оқшау сөз, өлең», «Өнер-білім», «Басқармаға хат», «Басқармадан» сықылды ұсақ бөлімдер де болып келді. Бұл бөлімдердегі ұсақ хабарлар жоғарғы есептердің ішінде жоқ.

ІІІ Қай гүбірнеде қанша газет алдырушылар бар?

Ақмолада – 2625; Сырдарияда – 1199; Жетісуда – 697; Орал-Бөкейде – 573; Семейде – 433; Ақтөбеде – 416; Қостанайда – 314; Қарақалпақта – 112; Адайда – 40; Қазақстаннан тысқары жерлерде – 625; Қызылорда қаласында – 475; Запас қалатын, жұмыс­кер­лер­ге, қызмет­кер­лерг­е үлестірілетін, қалада сатылатын – 450;

Бәрі: 7959 газет.

Газет саны ай сайын өспесе, кеміп келе жатқан жоқ. Жазға әр жерлерге агент жіберіп отырмыз. Осы күні де жер-жерде газет алдырушылар жинап жүргендер бар.

ІV партияның нұсқауы.

Алты ай бойына өлкелік партия комитетінен алған нұсқаулар, бас­қар­мадан сұрап жазған, ескеруге деп басқармаға жіберген қағаздар – 20.

Бұлардың ішінен:

Баспасөз бөлімінен келген – 9 қағаз;

Үгіт-насихат бөлімінен – 8 қағаз;

Бюродан – 2 қағаз;

Секретариаттан – 1 қағаз.

Қызылордаға келгеннен бері орталықтағы қазақ қызметкерлерінің газет туралы жиылысы 2 рет болды.

V Басқарма қызметкерлері.

Шығарушыдан бастап, жабайы қызмет­керлердің бәрін есептегенде «Еңбек­ші қазақ» га­зетінің 21 адамы бар: шығарушы, оның орынбасары, жауап­ты хатшы, 7 әдеби қызметкер, 3 контор қыз­меткері, 2 корректор, 1 іс жүр­гізуші, 1 көшіру­ші, қағаз таситын, ат ай­дайтын, үй сы­пыратын үшеуі – бәрі 21.

Осылардың тең жартысынан арты­ғы (60 процент) – коммунист, ком­сомол.

VІ Қаражат жағы.

Әрбір шыққан күнделік нөмірге орта есеппен 530 сом ақша кетіп оты­рады:

1 басқан-терген үшін – 235 сом;

қағазға (8000 дана) – 100 сом; адрес жапсыруға, бүктеуге – 20 сом; Поштамен таратуға – 30 сом; гонорарға (екі табақ) –50 сом; кеңсе шығыны, страховой местком – 5 сом; қызметкерлерге (бір нөмірге) – 90 сом;

Бәрі: 530 сом.

Сол уақытта «Еңбекші қазақтың» жылдық құны өзімізге 20 сом тұрады.

Жылдық газет қазір 5 сом 50 тиын­­­­нан сатылады. Сонда әр нөмірге 14 сом 50 тиын зиян қылып отырамыз.

Әрине, бұдан қымбаттатуға қара шаруаның қалтасы көтермейді.

1922-1925 жылдардан бері мекемелерден алатын ақшамыз – 8 мың сом, әр кісілерден алатынымыз – 3 мың 700 сом, агент болып, елге шыққанда соғып кеткен кісілер де жоқ емес.

Осы алашақтарымызды сот ар­қылы, тиісті мекемелер арқылы сұ­ра­­тып отырмыз. Бірақ түсуі аз. Бір нөмір газетке 530 сомнан жұмсал­ған­да, бір жылда шығатын 300 нөмірге 159 мың сом керек.

Биылғы үкіметтің «Еңбекші қазаққа» беріп отырған қаржысы – 89 мың сом.

Бұл күйінде газет өз шығынын өзі жаба алмақшы емес. 7 мың 500 газет жыл­дық алдырушыларға тарайды деген­де 5 сом 59 тиыннан 41 мың 250 сом түсірмекші. Сонда да ар жағын­да 30 мыңдай сом керек болады.

Алдырушылардың жарты жыл­дық, үш айлықтары бар екені естен шықпасын.

VІІ Газетке жазатындар кім?

Алты айдағы газеттің мақала­ла­рын қарап отырғанда мақаласы көбірек ұшырайтын азаматтар бас­қар­ма қызметкерлерінен басқа мыналар:

Сәдуақасұлы, Тоғжанұлы, Байділ­да­ұлы, Жәрменұлы, Аймауыт­­ұлы, Нақымжанұлы, Тоқжігітұлы, Жүсіпбекұлы, Дулатұлы, Шонанұлы, Сұлтанбекұлы, Ж. Жолдыбайұлы және басқарманың тіл­ші­лері.

Жауапкер қызметкерлердің қан­ша қолқабыс көрсетіп-көрсет­пе­гені осыдан білінсе керек.

Бірсыпыра цифрлар дайын болмағандықтан мұнда жазылған жоқ. Реті келгенде оқушыларымызға оларды да таныстырамыз.

«Еңбекші қазақ» газеті 16.05.1926 жыл

 

Дайындаған –

Ұшқын Сейдірахманұлы