«Egemen Qazaqstan» – ұлт рухы мен замана жылнамасы. 105 жыл бұрынғы бірінші нөмірінен бастап мемлекетіміздің дамуы, тарихи сана мен рухани құлдырау кезеңі, жаңғыру мен қайта өрлеу тұстары тасқа таңба басқандай етіп жазылып тұрды. Менің ұлт басылымына басшы болып келуім мемлекетіміздің тарихындағы жаңа кезеңмен тұспа-тұс келді. Сол кезде Астананы Ақмолаға көшіру міндеті қойылды. Әуелі газеттің Ақмоладағы қосынын ұлғайттық. Елордаға баратын журналистер үшін тұрғын үй сатып ала бастадық. Ең бастысы, редакцияға жаңа мекенжай табу қажет болды.
Ақмола облысының басшысы Жәнібек Кәрібжанов, оның бірінші орынбасары Қуаныш Алпысбеков, қала әкімі Аманжол Бөлекбаевпен бұрыннан жақсы таныс-біліс, сыйлас едім. «Жас Алаш» газетінің бас редакторы кезінде, одан соң он үшінші шақырылған Жоғарғы Кеңестің депутаты ретінде, Ақпарат министрінің орынбасары ретінде осы тұлғалармен араласып, мемлекеттік іс-шараларда кездесіп жүретінбіз. Ақмолаға ұшып келіп, облыс басшысымен кездесіп, «Egemen Qazaqstan» газетін көшіру үшін ғимарат қажет екенін айттым. Ақмолада «Егемен Қазақстан» газеті меншікті тілшілерінің кеңесін өткізу жүзеге асырылды. Әуелі бұрынғы Победа көшесіндегі тұрғын үй астындағы аумағы жеткілікті мекенжай ұсынылды. Газет қосынының жетекшісі Мұратбек Тоқтағазин Целиноград ауданы әкімшілігі облысқа көшірілгені туралы ақпарат айта қалды. Қысқасы, Жәнібек Кәрібжанов мырзаға қайта кіріп, бүгінгі «Egemen Qazaqstan» газеті отырған аумақты тұтастай алдық. Жиырмадан астам пәтер, жалғызбасты журналистер үшін бес бөлмелі жатақхана сатып алдық.
Газеттегі екінші сәтті сәт – біз Қазақстан тарихын жаза бастадық. Өйткені бұл кезеңде Ресей тарихшылары тарапынан ара-тұра «Қазақта бұрын мемлекет болмаған» деген пікірлер айтылып, жазыла бастаған еді. Осындай зымиян пиғылдың жолына тосқауыл қою үшін тарихтағы орнымызды нақтылай түсу қажет болды. Атақты тарихшылар Мәмбет Қойгелді, Талас Омарбеков, Камал Бұрқанов, Берекет Кәрібаев, Бүркітбай Аяған, тағы да басқа жас тарихшылар осы жобаны жүзеге асыруға белсене араласты. Газет бетінде заман, қоғам, демократиялық үрдістер жүзеге асырыла бастады. Әртүрлі ой-пікірлер қалыптаса түсті. Оппозициялық топтар да қылаң бере бастады.
Осы кезеңде өзімнің кеңесшім етіп қазақтың атақты жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Шерхан Мұртазаны жұмысқа шақырдым. Ойды ой, сөзді сөз қуады. Қазақтың тағы бір атақты публицист жазушысы Камал аға Смайылов екеуінің арасындағы хатты ұйымдастыру идеясы туындады. Камал аға біздің басылымда «ХХІ ғасыр – Қазақстан ғасыры» атты талдау материалын жариялаған еді. Оған Шерхан ағамыз жауап жазды. Көзі қарақты оқырман мұны ұмыта қоймаған шығар. Екеуара жазысқан бұл хаттарда еліміздің жер асты, жер үсті байлықтары халықтың мүддесіне емес, басқа бір топтардың мүддесіне жұмсала бастағаны ашық әрі ашып жазылды. Бұл хат жазысу бір жарым жылға созылды. Кейін екі жазушының қаламынан туған осы дүниенің бәрі «Халқым, саған айтам, Елбасы, сен де тыңда» деген атпен кітап болып жарыққа шықты.
Мен газетке редактор болған кезде ел өмірінде орын алған елеулі оқиғаның бірі – астананың Алматыдан Ақмолаға ауысуы. Сол жылы Президентпен бірге Аустралияның бірнеше қаласын араладық. Канберра қаласында болғанда Президент бізде де осы шаһар сияқты жаңа астана болатынын айтып, Ақмолаға көшті бастау туралы тұңғыш рет пәрмен берді. Маған осы пәрменді «Egemen Qazaqstan» газетінің мінберінен халыққа алғашқы болып жеткізу бақыты бұйырғанын да айта кеткім келеді.
Жалпы, жоғарыда айтқан хат жазысулар менің тағдырыма да әсер етті. Сол үшін жұмыстан шеттетілдім. Бірақ оған еш өкінбеймін. Өйткені газеттің ұлт алдындағы миссиясын орындауға өз үлесімді бір адамдай қостым деп ойлаймын.
Қазір «Egemen Qazaqstan» газеті Әділетті Қазақстанның жаңа тарихының жылнамасын қалыптастыратынына сенімім мол. Газет ұжымы мен оқырмандарын басылымның 105 жылдық мерейтойымен шын жүректен құттықтаймын. Жасай бер, «Егемен!».
Уәлихан ҚАЛИЖАН,
ҰҒА академигі, «Egemen Qazaqstan» газетінің 1996–1998 жылдардағы бас редакторы