• RUB:
    6.39
  • USD:
    510.84
  • EUR:
    579.7
Басты сайтқа өту
Digital 04 Қыркүйек, 2024

Цифрлық инклюзия: Жаһандық үдеріс, заманауи талап

121 рет
көрсетілді

Кеше Астанада Біріккен Ұлттар Ұйымының үш күнге созылған Цифрлық инклюзивтілік және трансформация жөніндегі Азия-Тынық мұхиты министр­лер конференциясы басталды. Ауқымды жиынға цифрландыру және ақпараттық технологиялар министрлері бастаған отыздан астам елдің делегациясы келді. Конференция цифрлық технология саласындағы ынтымақтастықты нығайтуға, цифрлық алшақтықты қысқарту стратегияларын әзірлеуге, озық тәжірибелермен алмасуға, тұрақты дамуға ықпал ететін инновацияларды дамытуға бағытталған. Маңызды іс-шараға Азия және Тынық мұхиты аймағы елдерінің цифрландыру және IT министрлері, әлемнің түкпір-түкпірінен келген сарапшылар, халықаралық ұйымдардың өкілдері, жеке сектор және азаматтық қоғам өкілдері қатысты.

Келелі кеңестің маңызы жоғары

БҰҰ мәліметіне сүйенсек, еліміз Азия – Тынық мұхиты аймағында цифр­лық үкімет шешімдері бойынша көш бастап тұр. Сол себепті де аталған кон­­фе­ренция биыл Қазақстанда өтіп отыр. Азия және Тынық мұхиты өң­ріне арналған экономикалық және әлеу­меттік комиссиясы (АТМЭӘК) – ин­клю­зивті үкіметаралық платформа. Атал­ған жиынды елімізде өткізу ұсы­нысы 79-сессияда барлық мүше мем­­лекеттің бір­ауыз­дан қолда­уына ие болды. Былтырғы ­мамыр­да қа­был­дан­ған «Азия – Тынық мұхиты ақпа­рат­­тық супермагистралінің 2022–2026 жыл­дарға арналған бастама­сын іске асы­ру жөніндегі іс-қимыл жос­пары ар­қылы цифрлық ынтымақтастық пен интег­рацияға жәрдемдесу» АТМЭӘК-нің 79/10 қарарында Комиссия цифр­­лық өзара іс-қимыл және қайта құру жө­нін­дегі министрлік конференциясын ша­қы­руға қаулы шығарды. Биылғы сәуірде­ АТМЭӘК «Азия – Тынық мұхиты айма­ғында тұрақты даму үшін цифрлық инновацияларды пайдалану» 80/1 қарарын қабылдады.

Бұл маңызды жиын Мемлекет бас­шысының 2025 жылға қарай 500 миллиард теңге инвестиция тарту әрі 2026 жылы IT-өнімдер экспортын 1 мил­лиард долларға жеткізу тапсырма­сын қол­­дайды. Конференцияның алғаш­­қы екі күнінде пленарлық талқылаулар, қо­сымша іс-шаралар және министрлер арасындағы екіжақты кездесулер өтіп, меморандумдар мен келісімдерге қол қойылады. «Kazakhstan Tech Solution Day» шеңберінде IT-компаниялар, стартаптар мен еліміздің «SmartBridge» (қызмет көрсету көрмесі), «Smart Data Ukimet» (ақылды деректер үкіметі), «eOtinish» сияқты озық цифрлық әзірлемелер та­ныс­тырылмақ. Сондай-ақ үш күнге созы­­латын конференция аясында Орта­лық Азиядағы ең ірі инновациялық орталық – «Astana Hub» халықаралық технопаркінің мүмкіндіктері көрсетіледі. Конференцияға қатысушылар «Alaqan technologies», «ДАМУ» ақпараттық технологиялар орталығы ЖШС, «Freedom Holding Corp», «Kaspi.kz», «Smartestprep Ltd» жастарды жеке кәсіптік бағдар­лау, қаржылық, көлік, әлеуметтік қызмет­тер, сауда, білім, денсаулық сақтау және басқа салалардағы цифрлық өнім­дермен танысты. Одан бөлек, қонақ­тарға таныстырылғандардың арасында халықты атаулы және белсенді мем­ле­кеттік қолдауды қамтамасыз етуге бағыт­талған «Әлеуметтік әмиян» жобасы бар.

АТМЭӘК ашылу салтанатында Премьер-министр Олжас Бектенов және БҰҰ Бас хатшысының орынбасары және БҰҰ АТМЭӘК атқарушы хат­шысы Армида Салсия Алишахбана сөз сөйледі. Сонымен қатар іс-шараға Корея Республикасының Ғылым, Ақпа­рат және коммуникациялық технологиялар министрлігінің АКТ саясаты жөніндегі вице-министрі Сонг Сан Хун, Арменияның Өнеркәсіп және жоғары технологиялар бірінші вице-министрі Геворг Манташьян, Қытайдың Өнеркәсіп және ақпараттық технологиялар министрлігінің бас экономисі Дун Шэнь Гао, Иранның Байланыс және ақпараттық технологиялар вице-министрі Реза Багери, АҚШ Мемлекеттік департаментінің Халықаралық коммуникациялар және ақпараттық саясат жөніндегі үйлестірушісі, Киберкеңіс­тік және цифрлық саясат бюросының өкі­лі, Вашингтон қаласындағы (Колум­бия округі) АҚШ елшісі Стефан Ланг қатысты.

Азия Тынық мұхиты өңіріне арнал­ған Экономикалық және әлеуметтік комиссия 80 жылға жуық уақыт бойы осы аймақтағы 4 миллиардтан астам адамның өміріне айтарлықтай әсер етіп отыр. Қазақстан 30 жылдан астам уақыт бойы Азия Тынық мұхиты аймағына ар­налған Экономикалық және әлеумет­тік комиссияға толыққанды мүше болып келеді. Сонымен қатар әлемдегі үздік тәжірибе негізінде серпінді даму­ды жалғастырып жатыр. Комиссия эко­номикалық өркендеуге, әлеуметтік әл-ауқатқа және экологиялық тұрақты­лық­қа жетуде шешуші рөл атқармақ. ­Осы жылдар ішінде қоршаған ортаны қорғау, табиғи ресурстарды басқару, инвестициялық байланыс, сауда, энергетика және көлік сияқты маңызды бағыттарда қарым-қатынасты дамытуға күш салдық. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев цифрлық технологиялар экономикалық өсуді қамтамасыз ете отырып, миллиондаған адамға бизнес, білім және денсаулық сақтау саласында жаңа көкжиектерді ашуға мүмкіндік беріп отырғанын атап көрсеткен еді.

– БҰҰ-ның біздің аймақтағы орнық­ты даму мақсаттарына қол жет­кізу үшін «ешкім артта қалмауға тиіс» қа­ғи­­датын атап өту маңызды. Цифрлы ­ин­­клю­зия – маңызды элемент, он­сыз мақ­­сатқа жету мүмкін емес. Ын­ты­мақ­тастық, білім алмасу, ең жақ­­сы тәжі­­ри­белер арқылы ғана бар­лы­ғы­на бір­дей тұрақты әрі жарқын бола­шақ­ты қам­тамасыз ете аламыз. Біз өз тә­жі­­ри­бе­міз бен білімімізді бөлісуге дайын­быз. Сон­дықтан әріптестерімді Азия – Тынық мұ­­хиты аймағында тұрақты дамуы үшін Цифр­лық шешімдер орталығының Қа­зақ­станда ашылуына қолдау көрсетуге ша­қырамын. Орталықты құру тиімді өңір­лік ынтымақтастықты дамыту үшін маңызды катализатор болады және елдер арасындағы цифрлық алшақтықты айтарлықтай қысқартуға әкеледі, – деді Үкімет басшысы Олжас Бектенов.

Оның айтуынша, еліміз қазір әлем­дегі цифрлық даму жағынан ең озық 30 мемлекеттің қатарына кіреді әрі онлайн қызметтер бойынша 8-орында. Барлық мемлекеттік қызметтің 90 па­йыздан астамы мобильді құрылғылар­дан халыққа қолжетімді. Келесі жыл соңы­на дейін республикалық маңызы бар бар­лық қала мен облыс орталығы 5G желі­сі­мен қамтылады. Жақында Қараған­­ды қаласында азаматтарға ыңғайлы қыз­­мет көрсету орталығы ашылды, ол бір ғи­маратта түрлі ұйымның бар­лық қызмет кешенін ұсынады. Мұндай орталықтар еліміздің ірі қалаларында да таратылмақ.

– Жалпы, 2029 жылдың соңына де­йін халық пен бизнестің цифрлық ресурстарға тең қолжетімділігін қам­та­масыз етуге мүмкіндік беретін то­лық­қанды экожүйе құруды жоспарлап отырмыз. Өзіміздің электронды ресурс­тарымызды құру үшін жасанды интеллект саласындағы өнімдерді әзірлей­­міз. Жуырда Мемлекет басшысы Қазақ­стан халқына Жолдауында келесі жылы Астанада Ұлттық жасанды интеллект орта­лығы құрылатынын атап өтті. Біз осы салада барлық елмен, соның ішін­­де Азия – Тынық мұхиты аймағы мем­ле­кеттерімен ынтымақтаса дамуды қол­даймыз. Бұл орталық тиімді ше­шім­дерді таңдаудың негізгі алаңына айна­лады. Қазақстан Цифрлық Жібек жо­лын дамыту шеңберінде көршілер­мен бірге Парсы шығанағы елдеріне шыға отырып, Каспий теңізінің түбі бойынша талшықты-оптикалық байланыс желілерін төсеу, сондай-ақ Батыс – Шығыс жобасы бойынша транзиттік әлеуетті одан әрі кеңейту жөніндегі жо­баны іске асырып жатыр. Бұл жаңа технологияларды дамыту, ірі «Big Tech» компанияларын тарту үшін деректерді жинау, сақтау және өңдеудің заманауи инфрақұрылымын қалыптасты­руға мүмкіндік береді. Отандық IT-ше­шім­дерді әлемдік нарыққа шығару – ма­ңызды міндетіміз. Оны іске асыруда «Astana Hub» халықаралық технопаркі шешуші рөл атқарады, – деді Премьер-министр.

БҰҰ Бас хатшысының және АТМЭӘК атқарушы хатшысының орынбасары Армида Салсия Алишахбана Пре­мьер-министр Олжас Бектеновке 2024 жылға арналған Азия – Тынық мұхиты аймағындағы цифрлық трансформация туралы есепті ұсынды. Бұл цифрлық технология климаттың өзгеру траекториясына қалай әсер ететінін қарастырады. Баяндамада инфрақұрылым, басқару, ұтқырлық, өнеркәсіп және сауда, апат қаупін азайту, ауыл шаруашылығы және биоәртүрлілік экожүйелері сияқты сала­лардағы цифрлық шешімдердің әлеуетін көрсететін жиырма жеті мысал бар.

– Цифрландыру қалыпты жағдай­ға айналды. Ол біздің экономика­мызды өзгертеді, құндылық құрудың жаңа мүмкіндігін ашады және орнықты даму­дың негізгі міндетін шешуге көмек­теседі. Алайда, цифрлы трансформация бұ­рын-соңды болмаған күрделі және белгі­сіз экономикалық, экологиялық және әлеуметтік тәуекел­дермен де байланыс­ты, – деді Армида Салсия.

 

Ерекше жандарды ескеретін уақыт

Соның бірі – цифрлық инклюзия. Бұл бағыт әлеуметтік және экономика­лық өмірде аса маңызды. Оған ақпа­раттық-коммуникациялық техноло­гия­лар, оны дамыту жолындағы қажет­ті іс-шаралар жатады. Соның ішінде білім, әлеуметтік қызметтер, ден­­сау­лық сақтау, әлеуметтік және қоғам­дастықтардың орны ерекше. Оның айрықша үлгісін инклюзивті қоғамды дамыту қауымдастығының пре­зиденті, Парламент Сенатында ин­клюзия бойынша сарапшы Әсем Тәжиева көр­сет­ті. Конференция бары­сында «Ozim Platform» стартабы көптің көңі­лінен шықты. «Ozim Platform» – ерекше қажеттілік­тері бар балаларды оқытуға бағыттал­ған, ата-аналар мен сарапшыларға арнал­ған мобильді қо­сымша. Қосымшаның негізгі мақсаты – пай­даланушыларды ғылыми негізделген әдіс­темелер туралы хабардар ету және сенімді сарапшыларды ата-аналармен байланыстыру. Стартап командасында Кембридж, Макгилл, Марокко университеті мен Назарбаев уни­вер­си­тетінің ғалымдары бар.

Үлкен зерттеудің негізінде жасалған платформа білім мен психологиялық ресурстарды қамтамасыз етеді. Ол 2021 жылы «techpreneurs» бағдарламасы аясында «Astana Hub»-та іске қосылды.

– Маған ерекше ана болу үшін жаңа білім қажет болды. «Ozim» платформасы мобильді қосымшасын құру идеясы 2020 жылы пандемия кезінде ойыма келді. Онда барлық оңалту қызметі мүмкіндігі шектеулі балаларды тәрбиелеп отырған отбасыларға қолжетімді болмады. Ата-аналар балаларымен реабилитологтер мен басқа мамандардың басшылығы­мен өз бетінше жұмыс істеуге мәжбүр болды. Алайда пандемия әр отбасында ком­пьютер немесе ноутбук жоқ екенін, бірақ барлығында смартфон бар екенін көрсетті. Осыны ескере отырып, маған смартфон қосымшасын құру идеясы келді. Бұл бастама еліміздің шалғай өңірлеріндегі ата-аналарға өте қолайлы болып көрінді, – дейді стартаптың негізін қалаған деді Ә.Тәжиева.

Платформа ата-аналарды онлайн режімде оқытып, ақпараттандырады. Тек теориялық материалдар ғана емес, сонымен қатар қазақ және орыс тілдеріндегі практикалық сабақтар да бар. Мысалы, «Ozim Platform» жобалық тобы ата-ана­лардың ақпараттық қажеттілігі туралы зерттеу жүргізді. Зерттеу нәтижесінде ата-аналарға диагноздар туралы маңызды мәліметтер, бейінді мамандардың мақа­лалары, үй жағдайында баланы оңалту туралы сабақтар және психологтер мен заңгерлердің кеңесі қажет екенін анық­­талған. Солай «Android» және «IOS» негі­зінде іске қосылатын ерекше мо­бильді қо­сымша халыққа ұсыныл­ған. «Ерекше балаларды тәрбиелеп отырған отба­сы­лар­ды қолдау керек. Біртүрлі естілсе де, ғы­лыми әлем мен жеке ана тәжірибесі арқылы стартап жасадым. Баламның жағ­дайын көріп, қатты алаңдадым. Пан­демия кезінде тіпті қиын болды. Ерте ара­­ласуды қажет ете­тін баланың анасы ре­тінде пандемия кезін­­де оңалту мүм­кін емес­­тігін ұқтым. Сосын ерекше қа­жет­­тілігі бар балалар­дың аналарына керек ақ­па­раттарға үңіл­дім. Содан кейін осы қиын­дыққа тап болған отбасы­лар­ға қол­жетімді әлеуметтік жобаны мо­биль­ді қосымша түрінде жасаймын деп шеш­­тім», дейді цифрлық инклюзияны да­мы­туға үлес қосып жүрген Әсем Тәжиева.

Бір ескерер жайт, қосымша алғаш іске қосылғанда диджитал-инклюзия бойынша сарапшы Зият Әбдіқайымов зағип және нашар көретін адамдар үшін қосымшаның қолжетімділігіне аудит жүргізген еді. Даму кезеңінде команда технологияның мүмкіндігін тексеріп, ерекше жандарды шектейтін техникалық кемшіліктерді түзеткен. Зияттың айтуынша, «Ozim Platform» командасы оған қосымшаны жоспарлау кезеңінде қолжетімділік мәселесімен жүгінген. Ерекше жандарға ешбір кедергі болмай, қолжетімді болуы – басты мәселе. Бұл қаржыға қатысты ғана дүние емес, ұйым мен компанияның құндылықтарына қатысты дейді сарапшы. Оның ойынша, архитектурада ғана емес, цифрлық әлемде де ерекше жандарды ескеретін уақыт келді.

«Ozim» әзірлеу тобы ата-аналарға мәтіндік және бейнежазба форматында маңызды ақпарат бере отырып, платформа мазмұнын жасауға сарапшы­ларды, соның ішінде тәжірибешілер мен мұ­ғалімдерді шақырды. Қолдан­бада қа­жетті ақпаратты іздеуді қарапа­йым және тиімді етуге тоғыз логикалық және тақырыптық құрылымдалған бө­лім бар. Сондай-ақ мұнда әртүрлі оңал­ту ұйы­мының бірыңғай дерекқоры бар. Осы­ның бәрі балалардың дамуын бақылау­ға мүм­кіндік береді. Пай­даланушы­лар балаларының деректерін өз есептік жазбаларына енгізіп, үдерісті бақылау үшін мезгіл-мезгіл тест жүргізе алады.

– Қазір «Ozim Platform»-ның нағыз дамитын кезі. Біз мүмкіндігінше Орталық Азиядағы көптеген отбасын қамтуды және ата-аналарға бала дамуының кеші­гуін ерте анықтауға көмектесуді жоспарлап отырмыз. Ерте даму және араласу әр­бір жеке тұлғаның өсуі мен дамуы үшін оң­тайлы жағдайларды қамтама­сыз ете оты­рып, тұрақты және саламатты қоғам­ды қалыптастыруда шешуші рөл ат­қарады, – деп ойын қорытты Ә.Тәжиева.

Конференция аясында таныс­тырыл­ған тағы бір жоба – «IteachMe». Оның әзірленген білім бағдарламасы­нан басқа, жастарға әрқайсысының мүм­кіндіктері тең болатын инклюзив­ті топ­тарда оқуға мүмкіндік беретін өзіндік әдіснамасы бар. Әлеуметтік инвесторлармен, 2019 жылдан бастап мүгедектігі бар жастар мен әлеуетті жұмыс берушілердің сұранысы бойынша білім бағдарламалары іске асырылып келеді. Оқытудың басты ерекшелігі – оқу үдерісінің өзінде-ақ тыңдаушы­лар өздерінің «digital» дағдыларын ақша­ға айналдыруында. Бұл білімді жоғары деңгейде меңгерудің және таңдалған бағыттардың сұранысқа ие екенін білдіреді. Бес жыл ішінде қорда 500-ден астам студент білім алған, олардың 80 пайызы мүгедектігі бар жандар. Бүгінде студенттердің 7 бағыт бо­йынша оқу мүмкіндігі бар: веб-мастер, UI/UX және motion дизайн, копирай­тинг, мобилография, СММ+копирай­тинг, БҚ тестілеу және графикалық дизайн. Барлық оқу материалы қазақ және орыс тілдерінде, сондай-ақ есту қабі­леті бұзылған студенттер үшін ым-ишара тілінде қолжетімді.

– Мүгедек адамдарды жұмыспен қамту түрлі санаттағы адамдар бірлесіп қарым-қатынас жасай алатын түрлі және инклюзивті қоғамды құруға ықпал етеді. Мұның бәрі мәдени және әлеуметтік алуандықтың артуына және мүгедек адамдардың стигматизациясының төмен­деуіне әкеледі. Сол себепті цифр­лық инклюзивтің дамуына баса мән берген дұрыс. Бүгінгі конференция көңілімнен шықты. Себебі бұл мәселеде бұрындары тек цифрлық әлемге мән беретін болса, осы жолы адам ұғымына көңіл аударды. Цифрлық инклюзияда түсініктілік пен жанашырлық маңызды. Оған цифрлық білімді қосыңыз. Бүгін көптеген мәселе талданып, шешімін тапты, – деді қор директері Захира Бегалиева.

Конференция барысында цифрлық технологиялар саласындағы аймақтық ынты­мақтастықты нығайтуға бағыт­тал­ған бірқатар маңызды меморандум мен ке­лісімге қол қойылды. Негізгі нәти­желердің бірі өңірдегі цифрлық транс­формацияны жеделдету бойынша одан арғы қадамдарды айқындайтын Астаналық министрлік декларациясын қабылдау болады.

Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мәдиев халықаралық конференцияның төрағасы болып сайланды.

 – Елімізде ассамблеяның алдында инклюзивті және тұрақты цифрлық болашақты дамытуға деген терең мін­дет тұр. Биылғы министрлер конференциясы цифрлық инклюзия және жаһандық деңгейдегі трансформация мәселелеріне арналған. Біздің цифр­лық үкімет әрбір мемлекеттік қызмет елдің барлық тұрғынына – ауылдар­дан мегаполистерге дейін қолжетімді ­болуы үшін қолдан келгеннің бәрін жасайды. Бұл азаматтарымыздың өмір сүру сапасын айтарлықтай жақсар­тады. Олар­ға ыңғайлы болу үшін біз мемле­кеттік қызметтерді күнделікті өмірде қолданатын танымал цифр­лық плат­формаларға біріктірдік, – деді Ж.Мәдиев.

Айта кетейік, конференцияның Астанада өткізілуі еліміздің цифрлық техно­логиялар саласындағы көшбас­шылығын көрсетеді әрі алдағы уақыт­та халықаралық инвестициялар мен серіктестіктерді тартуға жаңа мүм­кін­діктер ашады. Бұл IT экспортын дамытуға және елдің экономикалық өсуін нығайтуға ықпал етеді.

 

Дайындаған –

Елігімай ТӨҢКЕР,

Бекзат ҚҰЛШАР,

«Egemen Qazaqstan»