• RUB:
    5.03
  • USD:
    488.26
  • EUR:
    530.54
Басты сайтқа өту
22 Қаңтар, 2015

Газ турбиналары Атырауда жөнделеді

389 рет
көрсетілді

Атырауда газ-турбина қондырғылары мен жабдықтарын жөндеу және сервистік қызмет көрсету зауыты ашылған еді. Бұл – Қазақстандағы алғашқы жоба. Бұрын елімізде дәл осындай әсіресе, газ турбиналарын молынан тұтынатын мұнай-газ өнеркәсібінің тоқтаусыз жұмыс жасауы үшін қажетті қондырғыларды жөндейтін бірде-бір зауыт болмаған. Кеңестік дәуірде мұндай зауыт тек қазіргі Санкт-Петербургте ғана салынған екен. Сол себептен, Қазақстаннан газ турбиналары Ресейде және Украинада жөндету мақсатында алысқа тасымалданып келген. Мұның түрлі қиындығы болғаны даусыз. Мұнайлы өңірде іске қосылған зауыттың құны – 6 миллиард теңге. Нысан құрылысы тапсырыс берушінің 660 миллион теңге көлеміндегі өз қаражатына және 5 миллиард 340 миллион теңге несиелік қаражат есебінен салынған. Алғашында несиені екінші деңгейдегі бір банктен алуға ниет еткенімен, кейін Халық банкінің ұсынысы кәсіпорын басшыларының қызығушылығын тудырыпты. Бұл зауытқа осы заман талабына толық сай келетін шетелдік технологиялар орнатылды. Сондықтан мұнда жөндеу жұмыстары да, сервистік қызмет көрсету де еш тоқтаусыз атқарылады. «КазТурбоРемонт» ЖШС бас­шылығының айтуынша, жылына газ турбиналарына 18 күрделі жөндеу өткізуге толық мүмкіндік бар. Сонымен бірге, зауытта машина жасау өндірісіндегі түрлі бөлшектерге 12 ағымдағы жөндеу жасау цехы жұмыс істейді. Сервистік қызмет те көрсетіледі. Жаңа зауыт мұнымен шектеліп қалмақ емес. Ел экономикасының жетекші буыны саналатын мұ­най-газ өнеркәсібінде кеңінен қолданылатын жабдықтардың артық бөлшектерін шығарумен айналысады. Бұған қоса, осы саладағы кәсіпорындардың бір реттік тапсырыстарын орындайды. Зауыттағы күрделі және жөндеу жұмыстарын орындайтын мамандар тек Қазақстаннан тартылған. Қазір мұнда барлығы 160-қа жуық адам жұмыс жасайды. «Барлығы да шетелдіктерге бәсекелес бола алатындай ж­о­ға­ры білімді мамандар. Олар­дың әрқайсысына үлкен жау­апкершілік жүктелетіндіктен мамандарды іріктеуде алдымен, біліктілігіне баса мән берілді. Себебі, тек Қазақстанда ғана емес, Орталық Азия елдері бойынша газ турбиналарын жөндейтін алғашқы зауыт болғандықтан әр тапсырыстың сапалы орындалуы қажет. Ал сапалы жұмыс мамандардың біліктілігімен өлшенеді», деп түсіндіреді зауыт басшылары. Бұл зауыттың Атырауда ашылуының өзіндік мәні бар. Біріншіден, бұл өңірде бір ғасырдан астам мерзімнен бері «қара алтын» қайнары толассыз өндірілуде. Екіншіден, еліміз тәуелсіздігін алғаннан бері жаңадан табылған, геологиялық қоры нақтыланып, өнімі алына бастаған кен орындары да жетерлік. Солардың бірі де, бірегейі ретінде көмірсутекті шикізатының молдығымен әлемге танылған «Теңіз» кенішін айтуға болады. Үшіншіден, Каспий теңізінің қазақстандық секторынан мұнай мен газдың аса мол қоры табылды. Төртіншіден, мұнай мен газ тек Атырау өңірінде ғана емес, сонымен қатар, көршілес Ақтөбе, Батыс Қазақстан және Маңғыстау облыстарында молынан өндіріліп келеді. Міне, мәселеге осы тұрғыдан үңілгенде, бұл зауытқа еліміздің батыс облыстарынан мұнай мен газды өндіретін отандық және шетелдік кәсіпорындар да, «қара алтынды» өңдейтін байырғы кәсіпорын – Атырау мұнай өңдеу зауыты да, өзімізден артылған «қара алтынды» экспортқа бірнеше бағыт арқылы тасымалдайтын мұнай құбырларын басқаратын «ҚазТрансОйл», «КТК-Қ» секілді компаниялар да газ турбиналары мен жабдықтарын жөндетуге қолайлы болмақ. Мұны осы саланың мамандары жоққа шығармайды. Өйткені, еліміздегі мұнай-газ компаниялары осы кезге дейін тапсырыс­ты Ресейдегі осындай зауытқа беріп келгені жасырын емес. Әрі оның тасымалы да қосымша шығын болушы еді. Енді отандық экономиканың жетекші буынына айналған бұл саладағы компания­лар, мәселен, магистралды газ құбырларының үздіксіз жұмысын қамтамасыз ететін қондырғылар жабдықтардың күрделі және ағымдағы жөндеу жұмыстарына байланысты тапсырыстарын осы зауытқа беретін болды. Со­ның дәлеліндей, бұл зауытқа ал­ғашқы тапсырыс «ҚазТранГаз» акционерлік қоғамынан түсті. Бұл зауытқа тек отандық компаниялармен бірге Еуропа елдері де тапсырыс беруге мүдделілік танытыпты. Демек, отандық мұнай-газ және өзге де салалардың газ турбиналары секілді күрделі қондырғыларын жөндеуден өткізетін, сонымен бірге, оларға сервистік қызмет көрсете алатын Қазақстандағы бірден-бір зауыттың келешегі кемел деуге болады. Келешекте бұл зауытқа «Теңіз» кенішін игеру кеңейтілгенде, сонымен қатар, Каспий теңізінің қазақстандық секторынан «қара алтын» алын­ған­да тапсырыстар молаятыны анық. Жолдасбек ШӨПЕҒҰЛ, «Егемен Қазақстан». Атырау облысы.