Ғабдол Сланов атындағы Атырау облыстық ғылыми-әмбебап кітапханасында халық жазушысы, мемлекеттік сыйлықтың иегері Фариза Оңғарсынованың кабинеті ашылды.
Ақын туған жердің талантты жастары өткен жылы «Фариза жұлдыздары» атты әдеби клуб құрған еді. Олар аймақтағы оқу орындарында, мәдениет мекемелерінде кездесулер мен түрлі шаралар өткізуді дәстүрге айналдырды. Облыс әкімдігінің қолдауымен енді аудандар мен ауылдарды аралап, өнерлерін ортаға салады.
Поэзия патшайымының құрметіне арналған кабинеттің ашылу салтанатында облыстық мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасының басшысы Әбіл Жоламан, филология ғылымдарының докторы, профессор Қадір Жүсіп, ақын, халықаралық «Алаш» сыйлығының иегері Қасымхан Бегманов, ҚР еңбек сіңірген қайраткері, жазушы-драматург Рахымжан Отарбаев, ауылшаруашылығы ғылымдарының докторы Бақтыбек Таубаев, қоғам қайраткері, «Құрмет» орденінің иегері Рашила Мүрсәлиева, Атыраудағы Назарбаев зияткерлік мектебінің директоры Айдарбек Айтпөкешевтер сөз алып, игілікті іске құтты болсын айтты.
Кітапхананың кең де жарық бөлмесін Фариза Оңғарсынова кабинеті қылып жасақтауға белгілі мұнайшы Ермек Марабаев пен ақынның ұлы Айвар Оңғарсынов демеушілік көрсеткен.
«Бұл орын талантты жастар бас қосатын, оңашада ойланатын өнер мен өлеңнің ұясы болады деген ниеттеміз. Атырауға алыс-жақыннан келген әдебиет пен өнер қайраткерлерінің алдымен ат басын бұратын қасиетті мекеніне, құтханасына айналдыру – мақсатымыз», – дейді «Фариза жұлдыздары» клубының жетекшісі, ақын Әлия Дәулетбаева.
Бақытгүл БАБАШ,
«Егемен Қазақстан»
АТЫРАУ