Time Out
Қоғам • 13 Қазан, 2025
Бақыт – өлшеуі қиын ұғым. Біреу оны отбасындағы тыныш өмірмен кәсібінің жемісінен табады, енді бірі саяхат пен еркіндіктен іздейді. Ал бүгінде бұл ұғым тек жеке сезіммен ғана емес, өмір сүріп отырған ортамен де тікелей байланысады. Шынында, адам өзін бақытты сезіну үшін тек ішкі күй ғана емес, мекен еткен қаласы да маңызды рөл атқара ма? Осы сауалға жауап іздеген халықаралық Time Out басылымы жыл сайын әлемнің түкпір-түкпіріндегі адамдар арасында зерттеу жүргізіп келеді. Биылғы зерттеуге 18 мыңнан астам адам қатысып, өз қалаларының өмір сапасы мен мәдени тынысын бағалаған. Респонденттерден қала өмірінің түрлі қырлары: мәдениет, көлік жүйесі, тұрғын үйдің қолжетімділігі, табиғатқа жақындық, қауіпсіздік және күнделікті өмірдің ырғағы туралы сұралған. Ал басты сұрақ: «Сіздің қалаңыз сізді бақытты ете ме?» Сауалға берілген жауаптар әлемнің жүздеген қаласының ішінен жиырмасын ерекше бөліп көрсеткен. Ең қызығы бұл тізімде экономикалық алыптар да, саяси орталықтар да емес, адамға жайлы тыныс ұсынған қалалар көш бастаған, деп жазады Egemen.kz.